Последнее обновление

(Время обновление 9 минут назад)
Нұрлыбек Налибаевтың Қызылорда облысы әкімі ретіндегі жұмысы қандай жаңалықтармен есте қалды?

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Налибаевтың төрт жылдық қызметі кезінде өңірде елеулі өзгерістер болды. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында көптеген нысандар бой көтерді. Алайда, экологиялық мәселелер әлі де өзектілігін жойған жоқ.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Құрылыс қарқын алды

Соңғы жылдары Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында құрылыс саласы ерекше белсенділік танытты. Әсіресе, білім, спорт және мәдениет нысандарының құрылысы жанданды. Мәселен, 3,4 миллиард теңгеге теннис орталығы салынды. Сондай-ақ, 11 мың орындық «Қайсар Арена» стадионы пайдалануға берілді, бұл жобаға 26 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалды. Қазіргі таңда құны 20 миллиард теңге болатын «Қызылорда Арена» спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

2024 жылы облыстың жеті ауданында «Руханият» орталықтары ашылды. Әр орталықта неке қию залы, кітапхана, мұражай және мұрағат бір жерге топтастырылған. 2022-2025 жылдар аралығында білім беру саласына 1,159 триллион теңге бөлініп, 43 нысанның құрылысы жүргізілді. «Болашақ мектебі» жобасы аясында 10 мектеп бой көтерді. Қызылорда облысында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда атап өтті.

«Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай дамып келеді. Өткен жылы өңірдің жалпы өнім көлемі 6,5 пайызға өсті. Үш жылда облысқа шамамен 2 триллион теңге инвестиция тартылды. Өткен жылы 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде жаңа жылу-электр орталығының іске қосылғанын ерекше атап өткен жөн. Бұл стратегиялық маңызы бар нысан толығымен инвестор есебінен салынды. ЖЭО өңірдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады. Облыс тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Халқымыздың 80 пайызы газ пайдаланады. Елді мекендерге газ тарту жұмыстары жалғаса береді. Облыстағы автожолдардың жағдайы, жалпы алғанда, жақсы деп айтуға болады. Әуе және теміржол қатынасы жүйелері жаңғыртылуда. Қорқыт ата атындағы әуежайдың жаңа терминалы ашылды. Қызылорданың тарихи ғимараттарының бірі – теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар, 10 теміржол станциясын жаңғырту жұмыстары басталды. Мұның бәрі облыстың логистикалық әлеуетін арттырады», – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ, үш жылда облыста 34 білім нысаны, 45 мәдениет және спорт нысаны салынғанын атап өтті. 40 медициналық нысан ашылған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 300 төсекке арналған көпбейінді аурухананың құрылысы жүріп жатыр. 500 адамға арналған емхана мен 200 төсектік перзентхана салу жоспарлануда.

Статистика не дейді?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазіргі таңда облыс халқының саны 846 мыңнан асты.

Өңірдің ерекшелігі – халықтың 53 пайызы ауылда тұрады. Ағымдағы жылдың алғашқы екі айында халықтың табиғи өсімі 1 637 адамды құрады. Дегенмен, қаңтар-ақпан айларында туу көрсеткіші төмендеген.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысында 15 мыңнан астам жұмыссыз бар. Өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш осындай болған. Облыс тұрғындарының орташа жалақысы 376 842 теңгені құрайды. Бұл 2025 жылдың төртінші тоқсанындағы көрсеткіш.

«Қаңтар-наурызда тауар өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,9 пайызға төмендесе, өңдеу өнеркәсібінде 13,6 пайызға, электр энергиясімен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны баптаумен жабдықтауда – 8,2 пайызға, сумен жабдықтауда және су бұруда, қалдықтарды жинауда, қайта өңдеуде және жоюда, ластануды жоюда – 19,9 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштен 122 пайызды құрады. Үш айда 159,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 108,2 пайызды құрады», – деп хабарлайды Ұлттық статистика бюросы.

Облыста азық-түлік тауарлары бағасы 3 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 2,4 пайызға, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер – 2 пайызға өсті. 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 17,1 миллион долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға төмендеді. Оның ішінде экспорт 4,3 пайызға, импорт 35,4 пайызға қысқарды.

Өңірдің өзекті мәселелері

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында 34 160 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Облыс орталығында 70 мың адам жер учаскесін алуға өтініш берген. Биыл 2006 жылдан бері кезекте тұрған тұрғындарға учаскелер бере бастайды.

Өңірде экологиялық мәселелер әлі де өзектілігін жоймай отыр. «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің заңгері, эко-белсенді Нұртұған Тұржановтың айтуынша, Арал маңы тұрғындарына өтемақыдан бөлек көмек қажет. 2022 жылғы деректер бойынша, Арал ауданында 32 адамда Паркинсон ауруы, 62 адамда эпилепсия, 131 адамда ми қан айналымының бұзылуы (инсульт) тіркелген, 328 бала мүгедек деп танылған.

Облыста 145 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар, бірақ олардың жетеуі ғана талаптарға сәйкес құжаттарға ие. Тұрмыстық қалдықтардың тек 32,8 пайызы ғана қайта өңделеді.

Соңғы уақытта Қызылорда облысында күріш егілетін алқаптар азайып барады. Өткен жылы мұндағы егін өсіру кезеңі күрделі болды. Суармалы суға деген қажеттілік шекті деңгейге жетті.

Биыл күріш егілетін алқап 10,9 мың гектарға қысқарады.

2012 жылы жер бөлініп, құрылысы басталған 120 жылыжай мәселесі әлі шешімін таппай отыр. Бұл кешенге жұмсалған қаржы туралы әлі күнге дейін ақпарат жоқ.

Новости

Реклама