
- 10 июл. 2025 09:44
- 42
«Ол да кезінде мені сынаған» Меруерт Түсіпбаева Баян Алагөзованы неліктен "қоян" деп атағанын түсіндірді
Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желіде Баян Алагөзова туралы айтқан пікіріне байланысты мәлімдеме жасады. Бұл жазба интернетте кеңінен тараған ескі видеосынан кейін жарияланып отыр. Видеода Түсіпбаева продюсер Баян Алагөзованы «қоян» деп атаған болатын.
Әншінің айтуынша, видео 5-6 жыл бұрынғы сұхбаттан алынған. Ол кезде Баян Алагөзова мемлекеттік қаржыға түсірілген тарихи сериал әзірлеген, алайда ол туынды Ұлттық арнадан прокаттан алынған. Осыған байланысты Түсіпбаева әлеуметтік желіде Алагөзованы сынап, сериал жарамсыз болса, мемлекет ақшасы қайтарылуы керек деген пікір білдірген.
«Тұңғышбай ағамыз түсіре алмаған фильмі үшін мемлекетке қаржыны қайтарды. Сол әділеттілік барлық продюсерге ортақ болуы тиіс», – деп жазды ол.
Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, ол сын пікірінен кейін Баян Алагөзова жеке тұлғасына тиісіп, "ол кім?", "қандай әні бар?" деген сынды ауыр сөздер айтқан.
«Ол да кезінде мені сынаған. Енді, мәдениетті кейіп танытып, үнсіз отыр. Бірақ менің жауабым – сол кездің жалғасы. “Қандай сәлем – сондай жауап” деген сөз бар. Сондықтан “қоян” деген сөзім – кездейсоқ айтылған емес», – деді әнші.
Түсіпбаева қазіргі кезде өзіне қарсы ақпараттық шабуыл жүріп жатқанын да атап өтті. Оның сөзінше, видео қасақана қайта таралып, жұртты шатастыру мақсатында монтаждалған.
«Ескі видеоны бір апам салғызып отыр. Қазір адамдар бірінші рет көргендей қарап, “Баянға неге тиісіп жатыр?” деп жатыр. Неге екенін біліп жүріңіздер», – деп жазды әнші.
Баян Алагөзова 2016 жылы эпикалық тарихи сериал түсіріп, оны “Қозы Көрпеш – Баян Сұлу” деп атаған болатын. Бұл жоба сынға ұшырап, телерадиокорпорацияның эфирінен алынған еді.
Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, оның сын-пікірі ақша мен әділеттілікке қатысты болған. Ал «қоян» сөзі – бұрынғы келеңсіз қарым-қатынастың салдары.