
- 04 июл. 2025 20:44
- 28
Ауыл әкімдерін сайлау: Сенім мен сынның арасында
2021 жылдан бастап Қазақстанда ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі енгізілген болатын. Бұл өзгеріс мемлекеттік басқаруды орталықтан өңірлерге ысыру жолындағы маңызды қадам ретінде бағаланды. Содан бері ел бойынша екі жарым мыңнан астам ауыл әкімі тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы сайланды.
Бастапқыда бұл бастама демократиялық мәдениетті нығайтады, жергілікті билік өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады деген үмітпен қабылданды. Расымен де, кейбір өңірлерде белсенді азаматтар билікке келіп, өз ауылының жағдайын түзеуге кірісті. Алайда бұл үміт әркезде ақтала бермейді.
Соңғы жылдары ауылдық округтерде сайланған әкімдердің біліктілігі мен тәжірибесіне қатысты күмән жиі айтыла бастады. Себебі өзін-өзі ұсынған үміткерлердің бәрі бірдей мемлекеттік басқару ісінен хабардар емес. Бұл жағдай кей ауылдарда әкімдіктің тиімділігіне нұқсан келтіріп отыр.
Мәселен, Атырау облысы Индер ауданындағы бір ауылда әкімдікке өз кандидатурасын ұсынған, бірақ мемлекеттік басқару тәжірибесі жоқ азамат сайланып, небәрі бір жыл ішінде бірнеше өрескел қателік жіберген. Нәтижесінде ол қызметінен мерзімінен бұрын босатылды. Бұл оқиға тек бір ауылға емес, тұтас реформаның беделіне көлеңке түсіргені анық.
Демек, сайлау тетігінің өзі емес, оны жүзеге асыратын кадрлық құрам сын көтермейтін жағдайлар жиі кездесуде. Сондықтан тек халықтың таңдауына арқа сүйеп қоймай, үміткерлерге қойылатын талаптар мен дайындық деңгейіне де мән беру — кезек күттірмейтін мәселе.