Photo: Pixabay (https://www.pexels.com/@pixabay) / Pexels
- 17 мар. 2026 17:30
- 23
Олигархтың отбасымен байланысты зауыт жұмысшылардың жалақысын төлемеді
Ақмола облысындағы «Көкше-Цемент» ЖШС және «Степногорск-Су» МКК жұмысшыларына бір ай бойы жалақы төленбегені анықталды. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Биржан сал аудандық прокуратурасы 350 жұмысшыға тиесілі жалақының желтоқсан айынан бері төленбей келгенін анықтады. Прокуратураның араласуынан кейін 60 миллион теңгеден астам қарыз өтелді. Кәсіпорын басшылары жауапқа тартылып, салық және өсімақы ретінде 2 миллион теңге төледі.
Кәсіпорынның иесі кім?
Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Көкше-Цемент» ЖШС-нің құрылтайшысы – Қазақстанның ең бай бизнесмендерінің бірі Рашит Сәрсеновтің қызы болып шықты. 50 жастағы Карина Сәрсенова 2023 жылдың желтоқсанында 8 компания мен бір ЖК-нің құрылтайшысы болған. Ол сонымен қатар Ресей Жазушылар одағының мүшесі.
Бұған дейінгі жағдайлар
Бұл – Сәрсеновтер отбасымен байланысты кәсіпорындардағы алғашқы дау емес. Бұған дейін Павлодар облысындағы зауыт жұмысшыларының жалақысы аз төленіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын өздері төлеуге мәжбүр болғаны анықталған. Одан бұрын аталған компания экологиялық нормаларды бұзғаны үшін 100 миллион теңгеге жуық айыппұлға тартылған болатын.