
Ukimet
- 15 апр. 2025 08:39
- 46
Олжас Бектенов басқаратын комиссия 610 млрд теңгенің активін мемлекетке қайтарды
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында бұған дейін қабылданған шешімдердің орындалу барысы қаралып, Қайтарылған активтерді басқару компаниясының есебі тыңдалды.
Комиссияның мәліметінше, жалпы сомасы шамамен 610 млрд теңге болатын активтер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде 506 млрд теңге — ақшалай қаражат, ал 103 млрд теңгеден астамы — түрлі мүлік түрінде болған.
Арнайы мемлекеттік қорға аударылған қаражат есебінен 280 әлеуметтік нысан — білім беру, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік қамсыздандыру салаларында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да қомақты қаражат бөлініп отыр.
Отырыста Комиссия мемлекетке активтерді ерікті түрде қайтару бойынша бірнеше келісімді мақұлдады. Бұл арқылы қорға қосымша 150 млрд теңге түсетін болады. Бұдан бөлек, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңның субъектілері Қазақстан экономикасына 10,5 млрд доллар көлемінде инвестиция салу жөнінде міндеттеме алған.
Сонымен қатар, жалпы құны 84 млрд теңгеден асатын активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы сотқа талап-арыз жолдау бастамасы да Комиссия тарапынан қолдау тапты.