Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Ойдан шығарылған бар түрлі әндерім
Үйрен, білсең әннің мәндерін,
Дәл толқындарын толғап, бұлжытпай,
Келтір кемеліне сәндерін.

Ән менен күйдің тілі – үн,
Ұқпасаң оны, саған мін.
Жасыңнан талаптан білуге сырын,
Жете ұғып алған соң,
Жарасады әнге қоссаң жырын.

Мұңлы, зарлы үндер еріксіз жылатар,
Қамыққанды кейі жұбатар.
Ой, ақылымды қозғар ән-күйді
Жаным жай тапқандай ұнатар.

Маңызсыз айғай ән болмас,
Татымды онда мән болмас.
Сазды үнмен билеп ал тыңдаушы ойын.
Елжіретіп жүрегін,
Әсер беріп, ән балқытсын бойын.

Әсем әннен ғажап ләззатты үн шығар.
Ойы сергек оны жан ұғар
Бар сезіміңді билер ән-күйге,
Жастар, тілімді ал, бол құмар.

Үн сырын сезер адам аз,
Айғайға құры болар мәз.
Ұқпайды тас құлақ ән мен күй мәнін.
Сезер ме еді, оларға
Салып берсе Сиреннің әнін?

Гомер ән сиқырын көрсеткен Сиреннен,
Қиялдаған оймен тереңнен.
Ол әннің жайын ашып берумен
Күткен сондай әнді өреннен.

Шығардым әндер жаңалап,
Саларсың сынға саралап,
Жараса, ойладым, әншілер салсын деп.
Белгі болып бір мұра,
Кейінгіге әнімнен де қалсын деп.


You Might Also Like

Новости

Реклама