Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық...
Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық,
Ақылдың шолғыншысы – ойқұмарлық.
Таза талап талпынып ойды айдаса,
Байқалар көрнеу, таса, жоқ пен барлық.
Азат ақыл ойланбай мида жатса,
Шiрiп, тозып тартқызар ол бiр зарлық.
Сырын сынар талапты ер табылғанда,
Бұл бақшада мысал көп ой қозғарлық.
Өкiнiштiң үлкенi – ойы тарлық,
Ондайда ақыл болмас жұбанарлық.

Жауынан қолға түскен бiр тұтқынды
Өлтiруге бiр патса қылған жарлық.
Өлiмге бұйырылғанның қандай күнi,
Мейiрiм, ынсап тезiне салшы мұны?
Ол тұтқын ел зарлатқан залым емес,
Намыс үшiн жан қиған – жалғыз мiнi.
Жауының батыры емес, патсасы емес,
Жiгерлi қара солдат, ардың құлы.
Қол-аяғы шынжырлап бекiтулi,
Ол кезде азат емес бiр тал қылы.
Байлаудан босануға жоқ тәсiлi,
Жан шыққанша азат қой жалғыз тiлi.
Қарғап, сiлеп, жамандап, боқтай бердi,
«Менi өлтiрген патсаның жоқ‚ – деп‚ – құны».

Патса сонда сұрады бiр уәзiрден:
«Солдаттың бөтен тiлiн ұқпадым мен.
Өлерде өзеленiп ненi айтып тұр,
Ол елдiң тiлiн анық бiлушi ең сен?»
Уәзiр айтты: «Жылап тұр кешу сұрап,
Жалыныш жақсы сөздiң бәрiн құрап.
«Әлi жетiп тұрғанда ашу кешкен
Артық»,– дейдi, бұл сөзiн тұрмын ұнап».
Бiр уәзiр түрегелдi анау шеттен:
«Айттың,– деп,– өтiрiктi не себептен?
Патсаны қиянаттап боқтап отыр,
Онысын жасырасың қай ниетпен?»

Патса айтты: «Солдатты жөн азат қылған,
Ана уәзiр ой салды маған тыңнан.
Ыза билеп тұтқынды өлтiрмек ем,
Амал тауып қайырды ашуымнан.
Бiрiң жөн, бiрiң терiс жауап айтып,
Бұл сөзбен, екi уәзiр, өттiң сыннан.
Зиянды, улы шынның сыртын бояп,
Күндестiк қанжарыңды алдың қыннан.
Түзу жолға бастаған жалған артық.
Бұзықтыққа сеп болған мұндай шыннан.

Бiлмеймiн, мұны қандай құлақ тыңдар,
Ойласаң – тәттi жемic‚ нұрлы гүл бар.
Жазасызға жаны ашып есiркейтiн
Көңiлi ояу, көзi ашық елде кiм бар?
Шын шын бар, қате шын бар, улы шын бар,
Әлгi айтқан өтiрiкте қандай мiн бар?
Елдi сынап, өз мiнiн елемейдi
Өлi жүрек, өзiмшiл, күншiл мұндар!


You Might Also Like

Новости

Реклама