
- 21 июл. 2025 15:45
- 35
Президент «Бағанашыл» балалар үйін көшіруді тоқтатуды бұйырды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы «Бағанашыл» балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру процесін дереу тоқтатуды тапсырды. Бұл туралы Ақорда ресми хабарлады.
Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға балалардың оңтүстік астанада білімін жалғастыруына жағдай жасау үшін балалар үйіне жөндеу жүргізіп, оны қалалық меншікке қабылдауды жүктеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді. Аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады», — делінген Президент баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Еске салсақ, бұған дейін 21 шілдеде Алматыдағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру басталған еді. Бірақ жетім балалар бұған дейін бірнеше рет көшуге үзілді-кесілді қарсы екенін айтқан.
Қоғамда резонанс тудырған бұл шешімге бұрынғы балалар омбудсмені, құқық қорғаушы Аружан Саин да пікір білдіріп, балалардың пікірінсіз жасалған көшірудің БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясы мен ұлттық заңнама талаптарын бұзатынын айтқан болатын. Оның айтуынша, Қонаевтағы мекемеде қажетті инфрақұрылым мен оқу жағдайы жасалмаған.
Бұл жағдай қоғамның белсенді қарсылығын тудырып, мемлекеттік деңгейде жедел шешім қабылдауға себеп болды.