Последнее обновление

(Время обновление 3 минуты назад)
«Қайда барсаң, бара бер» деді: Автосалон сатқан көлігінің ақшасын бермей қойды

Батыс Қазақстан облысының (БҚО) тұрғыны өз көлігін сатқаны үшін автосалоннан ақшасын ала алмай, әлекке түсті. Келісімшартта көрсетілген 10 жұмыс күні ішінде ақшасы төленбегендіктен, ол Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгінуге мәжбүр болды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға 2 ақпанда болған. Ер адам автосалонмен өз көлігін үшінші тұлғаға сату туралы келісімшартқа отырған. Келісім бойынша көліктің құны 5 150 000 теңге болса, оның 350 000 теңгесі автосалонның комиссиялық сыйақысы ретінде алынған. Сатушыға 4 800 000 теңге көлік пен құжаттар рәсімделгеннен кейін 10 жұмыс күні ішінде аударылуы тиіс еді.

Көлік сол күні сатып алушыға табысталды. Алайда, 13 ақпанда сатушының шотына ақша түспеген.

«Әлі күтіңіз»

Автосалон қызметкерлері алдымен 16 ақпанға келуді сұрап, кейін сол күні кешке дейін ақшаны аударамыз деп уәде берген. Алайда, уәде орындалмады.

Сол күні ер адам БҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне арызданды. Онда оған сотқа дейінгі талап арызды рәсімдеуге көмектескен. Автосалон қызметкерлері талап арызды қабылдаудан бас тартқан соң, құжат «Қазпошта» арқылы жіберілді. Сол күні кешке сатушының банктік картасына ақша аударылды.

Қандай бұзушылық болды?

Автосалон келісімшарт шарттарын бұзып, уақтылы ақша төлеу міндеттемесін орындамаған. Сонымен қатар, талап арызды қабылдаудан бас тартуы да тұтынушы құқығын бұзу болып саналады. Клиенттің талаптарына жауап ретінде «қайда барсаң, бара бер» деген жауап беру жағдайды ушықтырып, жанжалды күшейткен.

Новости

Реклама