Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Қар ханым

(жеті хикаядан құралған ертегі)

Бірінші хикая

Мұнда айна мен оның сынықтары туралы сөз болады.

Кәнекей, бастайық. Ал ертегімізді тамамдаған уақытта біз қазіргі білгенімізден көп білетін боламыз.

Бір сиқыршы адам өмір сүріпті, өзі жауыздың жауызы, барып тұрған дию болса керек. Бірде оның көңілі керемет көтерілді, өйткені бір айна жасаған еді, барлық жақсылық пен әсемдік атаулы бұл айнаға сәулесі түскен сәтте-ақ ғайып боп, мейлінше кішірейіп кетеді де, барлық жамандық пен ұсқынсыздық бірден көзге түсіп, бұрынғысынан да жексұрын болып шыға келеді. Ғажап сұлу көріністер онда піскен қарын құсап құрысып, ал адамдардың небір абзалдары құнысып көрінеді, әйтпесе олар аяқтары аспаннан кеп тұрғандай, құрсақтан мүлдем жұрдай бірдемелер болып көрінеді. Адамның бет пішінінің бұл айнада бұзылып көрінетіні сондай, тіпті тани алмайсың, алда-жалда біреудің бетінде бір шұбар дақ кездесе қалса, ол бүкіл мұрнына немесе шынтағына дейін жайылып кетеді. Сиқыршыға осының бәрі тамаша қызық боп көрінді. Адамның басына бір ізгі, абзал ой келсе болды, айна сол сәтте-ақ бұзып жібере қояды, ал сиқыршы болса, оған ішек-сілесі қата күледі екен. Өзі ойлап тапқан ермегін ол осылайша қызықтапты. Сиқыршының шәкірттері, оның өз мектебі болған ғой, бұл айнаны ғажайып бір нәрседей-ақ ауыздарынан тастамай айтып жүрді.

Адамдарды, тіпті бүкіл дүниені тек енді ғана қаз қалпында көруге болады! десті олар.

Сөйтіп олар айнаны өздерімен бірге ала жүріп бүкіл әлемді шарлай бастады, ұзамай ешбір елде айна бетіне түспеген тірі пенде қалмады. Ақыр аяғында сиқыршы шәкірттерінің аспанға шығып, періштелер мен құдайдың өзін де әжуа-мазақ етуге ниеттері ауды.

Сөйтіп олар неғұрлым аспандап биіктеген сайын, айнаның да бұзып көрсетпеген пәлесі қалмай, қисаңдағаны сондай, тіпті оның өзін колға ұстау қиынға айналды. Сиқыршының шәкірттері биіктеген үстіне биіктеп, құдай мен періштелерге жақындай түсті; кенет айна қисайып, қалт-қалт етті де, қолдан шығып кетті, сол бетінде жерге кеп гүрс түсіп, күл-паршасы шықты. Ол миллиондаған, миллиондаған, тіпті сан жеткісіз сынықтарға бөлінді, ал бұл сынықтардың жасаған зияны айнаның зиянынан да адам айтқысыз көп болды. Жан-жаққа ұшқан күлдей-күлдей сынықтардың кейбіреулері адамдардың көзіне түсіп, содан шықпай қалып қойды. Ал көзіне сынық түскен адам дүниенің бәрін керісінше, әр нәрсенің бойындағы ен жаман жағын ғана көретін болды, өйтетін себебі әр сынығында айнаның бүтін көзіндегі қасиеті сақталып қалған екен. Айнаның сынығы біреулердің тұп-тура жүрегіне жетті, бәрінен де жаманы осы болды: жүрек сол бойда-ақ жұдырықтай мұзға айналып жүре берді. Айна сынықтарының ішінде терезенің көзіне салатындай үлкендері де кездесті, бірақ та мұндай «әйнек» салынған терезеден өзінің дос-жар адамдарына қарауға болмайтын. Кейбір сынықтар көзілдірікке де салынды: алмағайып, бір нәрсені жақсылап көріп, ол жөнінде дұрыс пікір айтпақ ниетпен бұл көзілдірікті көзіңе кидің-ақ, шатаққа ұшырадым дей бер. Ал жауыз сиқыршы болса осының бәріне есі қалмай қуанып, ішегі түйілгенше қарқылдап күледі кеп. Айнаның көптеген сынықтары әлі де әлемді шарлап ұшып жүр еді. Енді солар жайында әңгіме тыңдап көрелік.

Екінші хикая

Бала мен қыз

Үйлер мен адамдардың қисапсыз көптігінен бақша отырғызатын алақандай жер қоршап алудың сәті әркімге түсе бермейтін, сол себепті де жұрттың көпшілігіне қыш ыдыста өсірілетін бөлме гүлдеріне де қанағат етуге тура келетін үлкен шаһарда екі кедей бала тұрады екен, бір жақсысы олардың гүл өсіретін қыш ыдыстан гөрі үлкенірек бақшалары болыпты. Олар бірге туған бауыр болмаса да, бірін-бірі ағалы-қарындастай керемет жақсы көретін.

Бұл балалардың ата-аналары дәл шатырдың астында қабырғалары бір-біріне тиер-тимес аралас бөлмелі үйдің ең жоғарғы қабатында тұрады. Олардың терезелері де бір-біріне қарама-қарсы еді, ал терезелердің түбіне қабырғаны бойлай су ағар қойылған. Қысқасы, қарсыдағы көршіге бару үшін су ағарды аттап өтсе болғаны.

Екі үйдің жандары да бір-бір үлкен жәшік тауып алып, онда асқа салатын ас көк, ақ бұршақ өсірді. Және әр жәшікте шағын ғана райхан гүлі өсіп тұрады: үй иелері бірде екі жәшікті де су ағардың түбіне қойып еді, бір үйдің терезесінен екінші үйдің терезесіне екі катар гүл шоқтары жаудырап қарап тұрғанға ұқсады. Бұршақтың шырмауықтары жәшіктерден бұйралана салбырап түсіп тұрды, райханның бұтақтары бір-бірімен айқасып, терезелерді айнала көмкеріп алды, сөйтіп, жапырақ пен гүлден өрілген әсем қақпаға ұқсады. Жәшіктер өте жоғары қойылған болатын, балаларға онда шығуға тыйым салынған-ды, бірақ та ата-аналары бала мен қызға бір-біріне қонаққа барып, райхан гүлдеріне тақау қойылған орындыққа отыруға рұқсат еткен еді.

Осы қызық қыс түсе тыйылды. Терезелер қатып қалады, алайда балалар бақыр ақшаларды пешке қыздырып алады да, қатып тұрған терезеге апарып баса қояды; мұз қолма-қол еріп, дөп-дөңгелек тамаша терезе пайда болады, сол жерден күлімдеген көздер көрінеді: бұл бір-біріне қарап тұрған жас бала мен қыз, Кай мен Герда. Жазда олар бір-біріне бір-ақ секірсе жетер еді, ал қыста әуелі көптеген баспалдақты басып төмен түсіп, содан кейін тағы дәл сондай жоғары көтерілу керек. Далада боран ұлып тұр.

− Бұл ақ аралардың топтана бастағаны ғой! – деді кәрі әже.

− Сонда олардың да ханымдары бар ма? – деп сұрады бала, өйткені кәдімгі аралардың ханымдары болатынын ол білетін де.

− Бар, – деп жауап берді әжей. Ол анау, кар қалың ұйытқып тұрған жерде: тек қана ол өзге қар ұшқындарынан үлкен және жер бетінде ұзақ жүре алмайды қара бұлтқа тезірек қайтып баруға асығады. Түн ортасы болған кезде ол шаһар көшелерін жиі аралап, терезелерге үңіліп қарайды, сонда терезелер гүлге ұқсаған мұз өрнек жамылады.

− Көргенбіз, көргенбіз! – дейді балалар бұл айтылғанның ақиқат екеніне күмәнсыз сенген көңілмен.

− Ал Қар ханым үйге кіріп кетпес пе екен? – деп сұрады бірде кішкентай қыз.

− Тек келіп көрсін! – деді бала. – Мен оны жылы пешке отырғыза қоямын, сонан соң ол ериді де кетеді.

Әжей оның басынан сипады да, әңгіменің бетін басқаға бұрды.

Сол күннің кешінде Кай үйіне келгеннен кейін, ұйқыға жатар алдында киімдерін шешті де, терезенің жаныңда тұрған орындыққа өрмелеп шықты, сөйтті де әйнектің мұзы еріген дөп-дөңгелек «терезеден» сыртқа қарады. Сыртта қар ұшқындап жауып тұрған еді, олардың ішіндегі ең ірі біреуі қалықтап кеп гүл жәшігінің жиегіне қонды да, кенет үлкейіп өсе бастады. Өсе-өсе, ақырында миллиондаған қар жұлдыздарынан тоқылған жұп-жұқа ақ торғынға оранған әйелге айналып шыға келді. Бұл қарауға көз ұялтқандай жалтылдақ мұздан жаралған ғажап сұлу әйел еді. Және өзінің кеудесінде жаны бар. Оның көздері жұлдыздай жымың қаққанымен де не жылылықтан, не тіршіліктен нышан жоқ. Қар ханым балаға қарап иек қақты да, қолымен ымдап шақырды. Баланың зәресі ұшып, орындықтан секіріп түсті, сол сәтте терезенің алдынан үлкен құсқа ұқсаған бірдеме көлбең етіп өте шықты.

Ертеңінде қатты аяз болды, бірақ та іле күн жылынып, ұзамай көктем де туды. Күннің көзіне жан кіріп, өсімдіктер қылтиып бой көрсете бастады, қарлығаштар шатыр астына ұя салу әрекетіне кірісті, терезелер айқара ашылып, балалар жерден әлдеқайда биіктегі өздерінің кіп-кішкене бақшаларында отырды.

Бұл жазда райхан бұталары ерекше гүлдеді.

Кішкентай қыз райхан гүлдері туралы айтылатын аятты үйреніп алды да, оны айта отырып өз гүлдері туралы ойлады. Кішкентай қыз аятты балаға айтты, ал бала оған қосыла әндетті:

Райхандар гүлдеді... Тамаша, тамаша!

Ұзамай көрінер бал-бөбек Айса да.

Балалар қол ұстасып алып өлең айтты, райхандарды сүйді, төгіліп тұрған күн сәулесін қызықтай қарап, тіл қатысты, бұл сәуле оларға бөбек Айсаның өзі сияқты болып елестеді. Шіркін, жаздың бұл күндері қандай тамаша еді-ау, мәңгі-бақи гүлдеп тұратынға ұқсайтын хош иісті райхан гүлдерінің маңы нендей керемет десеңші!

Кай мен Герда, мұз сеңдері мен құстардың суреттері салынған кітапты көріп отырды. Үлкен мұнара сағат бесті соқты.

− Ойбай-ай! – деп бала кенет бақырып жіберді. Тұп-тура жүрегімді түйреп кеткенін қарашы, көзіме де бірдеме түсті!

Кішкентай қыз оның мойнынан құшақтай алды, бала көзіне түскен кіршіктен құтылмақ боп кірпіктерін қанша жыпылықтатып қаққанымен де, Герда ештеме көре алмады.

− Е, ендеше, өзі шығып қалған болар, – деді бала, ақыр аяғында тынышталып.

Бірақ та бар поле оның шықпай тұрып қалғанында еді ғой. Бұл жай ғана кіршік емес, әлгі сұмдық айнаның күлдей сынығы болатын, ал бұл сынықта барша ұлылық пен ізгіліктің түкке тұрғысыз әрі жексұрын болып, жауыздық пен жамандық атаулы бұрынғысынан әлдеқайда жауыз әрі жаман боп көрінетіні, әр нәрсенің бойындағы кемшілік бадырайып, бірден көзге түсе кететіні, әрине, біздің есімізде. Байғұс Кай! Енді оның жүрегі жұдырықтай мұзға айналды-ау! Жүректің ауырғаны басылғанымен де, айнаның сынығы шықпай сонда қалып қойды.

− Неменеге сен қыңқылдай қалдың? – деп сұрады ол жайдан-жай отырған Гердадан: Ойбай-ай! Сен қазір қандай сиықсызсың өзің! Ал менің еш жерім де ауырмайды!... Түһ! – деп айғайлап жіберді ол кенет. Мына райханға құрт түсіпті ғой. Не қылған жексұрын райхандар еді өзі! Ал мына бірінің сабағы мүлдем қиқы-жиқы. Өздері өсіп тұрған жәшіктен де жаман, ұсқынсыз тұрғандарын-ай!

Ол жәшікті аяғымен бір тепті де, гүл жапырағын жұлып алып лақтырып тастады.

− Кай, мұның не? – деп шошына айқай салды қыз, оның үрейленгенін көрген бала тағы бір гүлді жұлып тастады, сөйтті де сүп-сүйкімді, кіп-кішкентай Герданы тастап, өз үйінің терезесіне қарай тұра қашты.

Сол күннен былай Герда суретті кітаптар әкелген сайын Кай бұл суреттер емшектегі балалар үшін ғана жақсы шығар дейтін болды; әжей бір ертегі айтқан сайын ол оның әр сөзіне жармасатынды шығарды; ал содан кейін... әжейді әжуалайтын болып алды: көзіне көзілдірік киіп әжейдің даусы мен жүрісіне салып, білдірмей соңынан еріп отырады. Сонда тіпті айнытпайды, онысына былайғы жұрт жатып кеп күледі. Бала олардың бәрінің де әдет-қылықтары мен кемшіліктерін аудармай салады, оған жұрт таң қалып:

− Мына баладан бірдеме шығар! – десті.

Ал соның бәріне себеп болған, әуелі баланың көзіне түсіп, одан соң жүрегіне кеткен айнаның сынығы еді. Баланын тіпті өзін жан-тәнімен жақсы көретін Герданы да мазақтайтын болғаны соның қырсығынан ғой.

Кай енді басқаша ақылға қонымды ермек тапты. Қыстың бір қар жауып тұрған күні ол Гердаға келді. Қолында үп-үлкен үлкейткіш шыны бар: жапалақтап жауған қарға өзінің көкшіл пальтосының етегін тосып:

− Кәне, шыныға қарашы, Герда! – деді.

Шыны арқылы қарағанда қар ұлпалары әлдеқайда үлкейіп, әсем гүлге немесе он тармақты жұлдызға ұқсап көрінді. Тіпті әдемі-ақ.

− Көрдің ғой, қандай тамаша екенін! – деді Кай. Қар ұлпалары кәдімгі гүлдерден әлдеқайда қызықтырақ! Қандай дәп-дәл, шіркін! Бір де қисық сызық таппайсың! Әттен, шіркін, олар еріп кетпесе ғой!

Арада біраз уақыт өткен соң Кай қолына үлкен биялай киіп, шанасын арқалап алып келді де, Герданың нақ құлағына:

− Маған үлкен алаңда өзге балалармен бірге сырғанақ тебуге рұқсат етті! – деп бар даусымен айқай салды да, өзі жүгіріп кетті.

Алаңда балалар сырғанақ теуіп, асыр сап жүрген. Олардың кейбір батылдаулары өз шанасын шаруалардың шанасына тіркей қойып, көп жерге дейін сырғанап барып қайтады. Ойын әбден қызған шақта аланда бір аппақ үлкен шана пайда бола кетті. Онда отырған адам аппақ бас киім киіп, ақ тонға қымтана оранып алыпты. Ол алаңды екі рет айналып өтті, Кай жалма-жан өз шанасын соған тіркей қойып, сырғанай жөнелді. Сол-ақ екен, үлкен шана алаңнан жүйткіп өте шығып, көлденең көшеге жалт бұрылды. Онда отырған адам артына бұрылып қарап, нақ бір танысындай Кайға бас изеді. Кай өз шанасын ағытып алуға бірнеше рет әрекет жасап еді, ақ тонды адам оған қарап бас изеді де, әрі қарай зымырап кете барды. Сол бетінде олар шаһардың сыртына шықты. Сол-ақ екен, қалың қар жапалақтап төкті-ай кеп, түк көрінбей кетті. Балақай үлкен шанаға іліп алған жібін ағытып алмаққа тырысып көріп еді, бірақ жібі жабысып қалғандай айрылмайды, сөйтіп, олар сол қалпында бұрқыратып кете барды. Кай жан даусы шыға айғайлап жіберді, бірақ оның даусын ешкім де естіген жоқ. Қар төгіп тур, шаналар оппа қарға көміле, қоршаулар мен жыралардан ырғып өтіп зымырап келеді. Тула бойы қалш-қалш еткен Кай аят оқиын – деп еді, бірақ та аяттың орнына басынан көбейту кестесі шықпай қойды. Қар ұлпалары үлкейе беріп, ақыр аяғында нән-нән аппақ-аппақ тауықтарға айналып кетті. Кенет тауықтар жан-жаққа бытырай ұша жөнелді де үлкен шана тоқтап, одан ұзын бойлы, сымбатты үстіне тон мен бас киім киген, үсті-басы қар-қар аппақ әйел түсті. Бұл Қар ханымның өзі болатын.

− Жап-жақсы серуендедік-ау! – деді ол жайдары үнмен. Ойбай-ау, өзің мүлдем жаурап қалыпсың ғой! Кел, менің аю терісі тонымның астына кіре ғой.

Сөйтті де, ол баланы өз шанасына отырғызып алып, тонымен орап қымтады. Кай оппа қарға көміліп кеткенге ұқсады.

− Әлі жаурап келесің бе? – деп Қар ханым оның маңдайынан сүйіп алды.

Ойпыр-ой! Оның сүйгендегі демі мұздан да ызғарлы екен, баланың тұла бойын қарып өтті, тұп-тура жүрегіне жетті, ал оның жүрегі онсыз да жартылай мұз болатын... Сол сәтте Кай табан аузында жан тапсыратындай сезінді, бірақ сөйткенше болмай оның жаны жадырап, тұла бойы жылынып сала берді.

− Менің шанам! Менің шанамды ұмытпа! – деді бала апалақтап. Баланың шанасы ақ тауықтың арқасына мықтап тұрып таңылды да, тауық үлкен шананың соңынан ұшып еріп отырды. Қар ханым тағы бір сүйіп алды да, Кай Герданы да, әжесін де, бүкіл үй ішін сол сәтте-ақ ұмытты.

− Сені енді сүймеймін, – деді Қар ханым. Әйтпесе сүйіп өлтірермін.

Кай оған жалт қарады. Қар ханым қандай тамаша, шіркін. Бұдан ақылды, бұдан тартымды адамды өңі түгіл, түсінде де көрмеген болар. Енді Қар ханым оған анада терезеден келіп ишарат еткендегідей көкмұз емес дүниеде теңдесі жоқ адам болып көрінді. Бала одан қорқуды қойып, оған есептің барлық төрт амалы мен бөлшектің өзін де білетіндігін, әр елде неше шаршы миль жер және қанша адам бар екенін білетінін де айтты... Бірақ Қар ханым жауап қатпай үнсіз жымиды да қойды. Онысын қомсынғаны деп түсінген Кайға өз білімі, шынында да, мардымсыз сияқтанды, ол шексіз аспан кеңістігіне көз жүгіртті. Сол сәтте Қар ханым оны кұшақтай алды, екеуі аспанға шырқай жөнеліп, тұп-тура қара бұлтқа барып қонды. Боран жылап, ыңыранады, бейне бір, ескі жырларды айтқанға ұқсайды. Кай мен Қар ханым ормандар мен көлдердің, теңіздер мен қырлардың үстімен ұшты. Төменде ызғарлы жел ұйытқыды, қасқырлар ұлиды, аппақ қар күн нұрына шағылысады, ұшу боп құзғын, қарғалар ұшып өтті, ал үстінде ашық ай жарқырап тұрды. Кай қыстың ұзақ түні бойына сол айдан көз алмай қарап, ал күндіз ханымның аяғын жастана жатып ұйықтап кетті.

Үшінші хикая

Сиқырлы әйелдің гүл алаңы

Ал Кай із-түзсіз жоқ болып кеткеннен кейін кішкентай Герда басынан не кешті екен? Қайда жоғалып кетті? Оны тірі пенде білген жоқ, оның не күйге ұшырағаны жайында ешкім ештеңе айта алмады. Балалар Кайдың өз шанасын үлкен әсем шанаға тіркей қойғанын көргендерін, содан кейін үлкен шананың көлденең көшеге бұрылып шаһар қақпасының сыртына шыққанын ғана айтысты. Ал қайда кеткенін ешкім де білмеді. Оны жоқтап көз жасын төккендер аз емес; Герда күйініп ұзақ өксіп жылады. Ақыр соңында жұрт Кайды өлдіге жорысты: бәлкім, ол қаладан іргелеп ағып жатқан өзенге түсіп кеткен болар. Қысқы көңілсіз күндер ұзаққа созылды.

Сөйтіп жүргенде көктем туып, күннің көзі көрінді.

− Кай қаза тапты, енді ол қайтып келмейді! – деді Герда.

− Сенбеймін, сөзіңе! – деп дау айтты күн сәулесі.

− Ол өлді, енді қайтып келмейді! – деді Герда қарлығаштарға.

− Сенбейміз! – деп жауап қатты олар.

Жүре-жүре Герданың өзі де Кай өлді дегенге иланбайтын болды.

− Мен өзімнің су жаңа қызыл башмақтарымды киейін. Кай оларды әлі бір рет те көрген жоқ қой, – деді бір күні таңертең Герда, – сөйтейін де өзенге барып, Кайға сұрау салайын.

Герда ертеңінде елең-алаңнан оянды. Ол ұйықтап жатқан әжесін сүйді, аяғына қызыл башмақтарын киді, сөйтіп, жапа-жалғыз жүгіріп отырып қаланың сыртына шықты да, тіке тартып өзенге келді:

− Менің өкіл ағамды сенің алғаның рас па? Егер сен оны маған қайтарып берсең, өзімнің қызыл башмақтарымды саған сыйлар едім.

Сол кезде жыбыр қаққан толқындар қызға бір түрлі ишарат жасаған сияқтанып кетті. Сол-ақ екен, Герда қызыл башмақтарын, өзінің ең қымбатты дүниесін, аяғынан сыпырып алды да, өзенге лақтырып жіберді.

Башмақтар дәл жағаға түсті, толқындар оларды қайтадан жағаға шығарып тастады, Кайды қайтарып бере алмайтын болған соң өзен қыздың бар байлығын алғысы келмеген болу керек. Ал башмақтарымды алысқа лақтыра алмадым-ау – деп ойлаған қыз жалма-жан қамыс арасында тұрған қайыққа мінді де, оның дәл тұмсығына тұрып алып, башмақтарын суға қайтадан лақтырды. Сол кезде байлаусыз бос тұрған қайық орнынан қозғалып кетіп, жағадан жылжып жүре берді. Герда жағаға шапшаң қарғып түспек болды; бірақ үлгере алмады, қайық жағадан алыстап кетіп ағынмен тез ығып жөнелді.

Герданың зәресі қалмай жылап жіберді, бірақ оның даусы торғайлардан басқа ешкімнің де құлағына жеткен жоқ, ал торғайлар оны құрлыққа қайдан көтеріп шығарсын, бар бітіргендері оның соңынан қалмай су жағалап ұшып, көңілін жұбатқандай:

− Біз мұндамыз! Біз мұндамыз! – деп шықылықтаумен болды. Қайық барған сайын ұзай берді. Герда тып-тыныш отырды, аяғында шұлық қана бар, қызыл башмақтары қайықтың соңынан қалмай қалқып келе жатты, қайық олардан гөрі жылдамырақ жылжығандықтан, башмақтар қуып жете алмады.

Өзеннің жағалауы сондай әсем, қайда қарасаң да ғажап гүлдер, биік қайындар өсіп жайқалып тұр, алқапта қой мен сиырлар жайылып жүр, бірақ қыбыр еткен тірі пенде көрінбейді.

«Бәлкім, өзен мені Кайға апара жатқан болар?» деген ой келді Гердаға, сол-ақ екен, көңілі көтеріліп, орнынан ұшып тұра келді де, көрікті көгілдір жағалауға ұзақ уақыт көз алмай қызыға қарады. Ақырында ол үлкен шие бағына жетті, бұл бакта терезелеріне бір түрлі қызыл, көгілдір әйнек салынып, сабанмен жапқан үй тұр еді, есіктің алдындағы екі ағаш солдат жақын жерден жүзіп өткен адамдардың бәріне де мылтықтарын қозғап сәлем береді.

Герда оларды тірі адам екен деп ойлап қалып, айғай салып еді, әрине, олар жауап қатқан жоқ. Қайық жағаға бұрынғыдан да жақындай берді. Герда әлгіндегіден де қаттырақ айғайлады. Үйден имек басты таяқ таянып, ғажап гүлдермен әшекейленген дағарадай сабан қалпақ киген өлмелі кемпір шықты.

− Ойбой-ой, байғұс бала-ай! – деді кемпір. Мұндай ағысы қатты үлкен өзенге сен қайдан тап болып жүрсің? Осыншама қиянға қалай жеттің екен?

Кемпір жалма-жан суға түсе қалды да, қайықты таяғымен іліп алып жағаға тартып шығарды, сөйтіп Герданы құтқарып алды.

Бөтен кемпірден сескенсе де, әйтеуір, құрғақ жерге шыққанына Герда қатты қуанды.

− Ал жүр енді. Өзіңнің кім екеніңді және мұнда қалайша тап болғаныңды айтып бер маған, – деді кемпір.

Герда басынан не кешіп, не қойғанының бәрін оған айта бастады, кемпір басын шайқап қойып: «Ым, һім!» деумен ғана болды. Бір кезде қыз әңгімесін аяқтады да, кемпірден Кай жайында сұрады. Ол Кайдың бұл жерден өтпегенін, бірақ өтуге тиіс екенін, ендеше, Гердаға уайым жейтін дәнеме де жоқтығын, онан да шиелердің дәмін татып, бақшада жайқалып тұрған гүлдерді тамашалап қыдыруы қажеттігін айтты. Бұл гүлдер суретті кітаптарда салынғандардың қай-қайсысынан да әдемі еді, әрі ертегі де айта біледі. Осылай – деді де кемпір Герданы қолынан жетелеп үйіне кіргізіп, есікті кілттеп жауып қойды.

Терезелер еденнен әлдеқайда жоғары орнатылған еді және бәрі де әр түрлі қызыл, көгілдір, сары шынылармен әйнектелген; осыдан бүкіл бөлменің іші кемпірқосақ сияқты ғажап түспен құлпырады. Стол үстінде шие толы себет тұр, шиені қанша жесе де Герданың қолын ешкім қақпады; Герда шиеге алданып отырғанда, кемпір оның шашын алтын тарақпен тараумен болды. Герданың бұп-бұйра шашы күлтеленіп, сүп-сүйкімді, жайдары, райхан гүліне ұқсаған қызыл шырайлы дөңгелек жүзін алтын түспен көмкеріп тұрды.

− Сендей сүйкімді қызым болса-ау деп мен тілегелі қашан, – деді кемпір. Көрерсің, екеуіміз рақат өмір сүреміз!

Ол қыздың шашын тоқтатпастан тарай берді, ал шашын неғұрлым тарай түскен сайын, өзінің өкіл ағасы Кайды Герда да соншалықты шапшаң ұмыта берді, себебі бұл сиқыр кемпір еді. Рас, ол залалсыз сиқыр болатын, анда-санда, онда да тек өзінің жан ләззаты үшін ғана сиқырлайтын, ал қазір сиқырлап отырған себебі Герданы қайтсе де өзімен қалдырмақ болды. Сол ниетімен ол бақшаға барып, өзінің емен таяғын барлық райхан гүлдері бұталарына тигізіп еді, олар гүлдеп тұрған бойы сол заматта-ақ қара жерге терең бойлап батып-батып кетті, тіпті із де қалған жоқ, жым-жылас болды. Мына райхандарды көрген соң, Герда өз райхандарын есіне алса, Кай да ойына түсіп, қашып кетіп қалар – деп қорыққан еді кемпір.

Өз шаруасын тындырған соң, кемпір Герданы гүл алаңына ертіп апарды. Бұл жер қандай ғажап, мұрынды жарған жұпар иісі қандай, шіркін. Мұнда жер бетінде бар гүлдердің көктемгі, жазғы, күзгі гүлдердің бәрі де көз тартып жайқалып тұр. Дәл осы гүл алаңындай шұбартқан әрі құлпырған суреттері бар кітапты бүкіл дүние жүзінен іздесең таппас едің. Герда қуанғаннан алақайлап жіберіп секіріп-секіріп түсті, ол гүлдердің арасында ойнап, қашан күннің көзі зәулім биік шие ағаштарынан асып кеткенше жүрді. Сонан кейін кемпір оны үлпілдеген көгілдір гүлдер толтырылып, қызыл жібекпен тысталған құс төсек салынған кереуетке жатқызды: ал көзі ұйқыға кеткеннен кейін Герда қандай тамаша түс көрді дейсің, ондай түсті көрсе, тұрмысқа шыққан алғашқы түні королевалар ғана көретін болар.

Гердаға ертеңінде де ғажап гүл алаңында ойнауға рұқсат етілді. Осылайша көп күндер өтті. Енді Герда бұл жердегі әрбір гүлді бас-басына біліп алды. Ал гүлдер қаншалықты көп болғанымен де, Гердаға бір гүл кем сияқты болады да тұрады, бірақ ол қандай гүл? Бірде Герда кемпірдің гүлмен әшекейленген сабан қалпағын айналдырып көріп отырды. Бұл гүлдердің ішінде бәрінен де әдемісі райхан еді. Өзге райхандарды жерге батырып жібергенде, мұны алып тастауды кемпір ұмытып кетіпті. Әй, ұмытшақтық деген-ай!

Бұл қалай? Мына гүл алаңында райханның жоғы несі? – деп таңғалған Герда гүл алаңынан оларды іздеп зыр жүгірді. Қанша іздегенімен де таппады.

Содан кейін кішкентай қыз жерге отыра қалып ал кеп жыласын. Жып-жылы көз жасы таяуда ғана райхан гүлінің бұтасы тұрған жерге тамды. Жас тамған жердің сулануы-ақ мұң екен, райхан гүлі бұрынғысындай жайқала жарқырап жер бетіне шыға келді. Герда оны құшақтай алып, шөпілдетіп сүйе бастады, сол-ақ екен, өз үйінде өсіп тұрған ғажап райхандар да, одан кейін Кай да есіне түсе кетті.

− Мен осы неғып кідіріп қалдым? – деді қыз қапаланып. Менің Кайды іздеуім керек қой... Оның қайда екенін сендер білмейсіңдер ме? – деп сұрады ол райхандардан. Оны өлді дегенге сендер иланасыңдар ма?

− Ол өлген жоқ! – деп жауап берді райхандар. Біз жер астында болдық қой, барлық өлген адам сонда жатыр, бірақ та олардың арасында Кай жоқ.

− Рақмет сендерге! – деді де Герда басқа гүлдерге барды. Олардан да:

− Сендер білмейсіңдер ме, Кай қайда? – деп сұрады.

Бірақ күн нұрына жылынып тұрған гүлдердің әрқайсысы тек өз ертегісі туралы ғана ойлап тұр еді, олардың ертегілерін Герда көп тыңдады, ал бірде-бір гүл оған Кай туралы ләм деген жоқ.

Гердаға от түсті лалагүл не айтты?

− Естимісің, барабанның қалай соғылғанын?.. «Бум! Бум!» Сонан соң тағы да әлгі: «Бум! Бум!» тыңдашы әйелдің мұңды әнін. Тыңда абыздардың айғайын... Шұбатылған қызыл киім киген үнділік жесір әйел оттың ортасында тұр. Жалақтаған жалын оты оны да, оның күйеуінің мүрдесін де орап алады қазір, ал әйел дәл осы жерде, денесін қазір-ақ күлге айналдырып жіберетін және жүрегін жалыннан бетер өртеп тұрған тірі жан иесін ойлайды. Жүрек жалынын от жалыны қайдан сөндірсін!

− Түкке түсінсем бұйырмасын! – деді Герда.

− Менің ертегім осы! – деді оттай күрең түсті лалагүл. Шырмауық не айтты екен?

− Жартастың төбесінде ескі серілер қорғаны тұр.

Оған жіп-жіңішке соқпақ жол апарады. Көне кірпіш қабырғаларды басып кеткен шырмауықтардың жапырақтары балконға да жетіпті. Ал балконда ай мен күндей қыз тұр: ол балконның жақтауына асыла қарап, төмендегі жолға көз тігеді. Қыз сабағында жайқалған райханнан да көрікті, жел тербеген алма ағаш гүлінен де жеңіл. Үстінде судырлаған жібек көйлек. «Ол неғып келмей қалар екен?»

− Сен Кай туралы айтып тұрсың ба? – деп сұрады Герда.

− Мен өз басыма келген ертегіні айттым! – деп жауап берді шырмауық.

Қылтиған бәйшешек не айтты екен?

− Ағаш арасында ұзын тақтай тербеліп тұр бұл әткеншек. Тақтайда қардай аппақ-аппақ көйлек киген екі қыз отыр, бастарындағы қалпақтарын әшекейлеген ұзын-ұзын көгілдір жібек ленталар желмен ойнап желбірейді. Олардың арт жағында арқанды құшақтап екеуінің ағасы тұр: ағасы оның бір қолында ішінде сабын езілген су құйылған аяқ та, екінші қолында сорайған түтік: ол сабын көбігін ұшырып ойнауда. Тақтай тербелуде, жан-жаққа ұшқан көпіршіктер күн сәулесіне шағылыса кемпірқосақ сияқты сан түспен құлпырады, міне, бір көпіршік түтіктің шетіне тұрып қалып, үп еткен жел лебімен діріл қағады. Әйткенмен тербеліп тұр, сабын көпіршігіне ұқсаған жеп-жеңіл қара ит артқы аяқтарымен тік тұрып, алдыңғы аяқтарын тақтайға салады, бірақ та тақтай аспанға ырғиды, ит ұшып түседі де, ызалана шабаланып үреді. Оны балалар ызаландырады, көпіршіктер айрылып-айрылып кетеді... Тақтай тербеледі, көбік жан-жаққа ұшады менің әнім, міне, осы!

− Бәлкім, әнің жақсы да болар, тек сен оны тым мұңды сазбен соза айтасың!.. Және де, Кай жайлы ләм-мим деген жоқсың ғой!

Сүмбіл гүлі не айтты?

− Апалы-сіңлілі үлбіреген-үлбіреген үш сұлу қыз болыпты. Біреуі қызыл, екіншісі көгілдір, үшіншісі ақ көйлек киіп жүреді екен. Олар айлы түні тып-тынық көл жағасында қол ұстасып би билейді. Бұлар перизаттар емес, кәдімгі адамзаттың баласы болатын. Кенет ауаға бір тәтті иіс тарай бастап еді, сол-ақ екен, қыздар ағаш арасына тығылып қалды. Тәтті иіс күшейе түсті, кенет орман түкпірінен үш табыт қалқып шығып келе жатты. Олардың ішінде апалы-сіңлілі үш ару жатыр: ал оларды айнала жанды отқа ұқсап жарқырауық қоңыздар ұшып жүр. Қыздар ұйықтап жатыр ма, әлде өліп қалды ма екен? Гүлдің хош иістері өлді дейді. Мәйіттерді аза тұтып кешкі қоңырау күңгірлеуде.

− Сіздің ертегіңізден менің көңілімді мұң басып кетті-ау! – деді Герда. Сендердің иістерің де күшейе түсуде... Енді қаза болған қыздар менің басымнан шықпай қояды. Дүние-ай, Кай да қаза тапты ма екен? Бірақ та жер астында болған райхандар оны о жақта жоқ – деді ғой.

− Динь-дан! – деп сүмбілердің қоңыраулары сыңғыр ете қалды. Кайды азалап тұрған жоқпыз біз. Біз оны білмейміз де. Біз өз әнімізге салып тұрмыз, басқаны білмейміз!

Соны естіген соң, Герда көздің жауын алғандай көп шөптің арасында құлпырып тұрған сап-сары бақ-баққа барды.

− Сен, құртақандай ашық күнім-ау! – деді оған Герда. Айтшы, өкіл ағамды менің қай жақтан іздеуім керек екенін білмеймісің?

Бақбақы шөп бұрынғыдан бетер жайнай түсіп, қызға қарады. Қызға ол қандай өлең айтып берді екен? Бұл өлеңде де Кай туралы бір ауыз сөз айтылмады!

− Көктемнің алғашқы күні еді, күн жылы нұрын төгіп, шағын ауланы жарқын сәулесіне бөлеп тұр. Оның сәулесі көрші үйдің аппақ қабырғаларын аймалайды, ал үй қабырғасының тап іргесіндегі көк шөптің арасынан қылтиған алғашқы сары гүлдер күн нұрымен алтындай түске боялған. Дем алып отырмақ боп аулаға қарт әжей шықты. Кедейліктен біреудің есігінде жүрген немересі, әп-әдемі қыз оған қонаққа келіп, әжесін қатты қысып сүйді. Қыздың сүйгені алтыннан да қымбат, ол тура жүректен шыққан ықылас. Оның аузы да алтын, жүрегі де алтын, таңғы аспан да алтын... Міне, бары осы! – деп аяқтады сөзін бақбақ.

− Байғұс, әжем-ай! – деп күрсінді Герда. Мені сағынып, қайғы шегіп жүр екен-ау! Ұзамай мен Кайды ертіп келемін. Гүлдерден енді сұрайтын да дәнеме қалған жоқ: бәрібір олардан шығары шамалы, олар тек өз әндерін ғана біледі.

Сөйдеді де жүгіруге ыңғайлы болуы үшін етегін көтеріңкіреп, нарцисс үстінен аттап өте бергенде, ол қыздың аяғын осып кеп жіберді. Герда тоқтай қалып, өрімдей бойшаң гүлге қарап тіл қатты:

− Сен, бәлкім, бірдеме білетін боларсың, ә? Өзі жауап күтіп еңкейіп тұра қалды. Нарцисс не – депті сонда?

− Мен өзімді көріп тұрмын! Мен өзімді көріп тұрмын! Шіркін, менің жұпар аңқыған иісім-ай!.. Жерден биікте, шатырдың дәл астындағы үйшікте жартылай жалаңаш биші әйел тұр. Ол біресе бір аяғын, біресе екі аяғын бірдей басып, бұл дүниені таптап тұр, онысы алдамшы ғана көрініс: Әне, ол қолына ұстап тұрған бір шаршы матаға құманнан су құя бастады. Бұл оның қынама белбеуі. Пәктік сұлулықтың шыңы! Қабырғаға қағылған шегеде ақ көйлек ілулі тұр: ол көйлек те құмандағы сумен жуылып, шатырға ілініп кептірілген. Әне, биші қыз киініп, мойнына ашық сары түсті орамал орады, ол көйлектің түсін одан сайын аша түсті. Қайтадан бір аяғын көтерді! Қарашы, екінші аяғымен ол сабақтағы гүл сияқты қалай тіп-тік қаздиып тұр! Одан мен өзімді көргендеймін, одан мен өзімді көріп тұрмын!

− Онда менің қанша шаруам бар? – деді Герда. Маған ол жөнінде айтпай-ақ қой.

Осыны айтты да, ол гүлзардың шетіне қарай жүгіре жөнелді. Кішкене есіктің аузында тот басқан көлденең темірі бар екен. Герда оны қоярда-қоймастан жұлмалап ақыры суырып алды, есік ашылып кетті, қыз жалаң аяқ күйі жолға түсіп зымырап ала жөнелді. Ол үш қайтара бұрылып артына қарады, бірақ оны қуып келе жатқан ешкім көрінбеді. Бір кезде ол шаршап, үлкен тасқа отыра кетті де, жан-жағына көз салды. Жаз өтіп, қоңыр күз де туған екен, ал кемпірдің сиқырлы бақшасында күннің күзі үнемі жарқырап нұрын төгіп, гүлдер бүкіл жыл бойына шешек атып тұрғанда, бұл өзгеріс аңғарылмайтын еді.

− Тәңірім-ау! Мен неғып сонша кідіріп қалдым екен! Күз боп қалыпты ғой! Дем алуға болмайды! – деді де Герда тағы жүгіре жөнелді.

Ойпырым-ай, оның аяқтары қандай талып, сырқырады десеңші! Айнала төңірек те салқын, дым тартып тұр! Талдың ұзын-ұзын жапырақтары мүлдем сарғайып кеткен, тұманнан жапырақтарға тұрған тамшылар сорғалап жерге тамшылайды. Жапырақтар бірінен соң бірі үзіліп түсіп жатыр. Тек шомырттың ғана жидектері тұнып тұр; бірақ оның да жемісі дәмсіз еді. Қандай мұңды, көңілсіз дүние еді бұл!

Төртінші хикая

Ханзада мен Ханша

Герда дем алуға тағы да отырды. Оның тап алдында қар үстінде құзғын қарға секектеп олай-былай жүрді, әлден соң ол басын бұлғақтата қызға ұзақ қарап тұрды да, бір кезде сөйлеп қоя берді:

− Қаррқ-қаррқ! Амансың ба?

Ол адамша жөндеп сөйлей алмайды екен, бірақ та, сірә, Гердаға жақсылық тілейтін болуы керек, жападан жалғыз дүниені кезіп жүрген жөнін сұрады. «Жападан жалғыз» деген сөзін Герда мүлтіксіз түсінді де оның барлық мән-мағынасын бірден сезінді. Ол құзғынға өзінің барлық өмірін айтып беріп, ең соңынан Кайды көрген-көрмегенін сұрады.

Құзғын басын шайқай тұрып, ойлана жауап қатты:

− Көрруім мүмкін, көрруім мүмкін!

− Қалайша? Рас па? – деп қуанғаннан ұшып кете жаздаған қыз құзғынды шөпілдетіп сүйіп ала жөнелді.

− Аққыррын, аққыррын! – деді құзғын. Мен, сірә, сенің Кайыңды көрсем керек. Бірақ қазір ол өзінің ханшасымен болып, сені ұмытып та кеткен!

− Немене, ол ханшаның қолында тұра ма? – деп сұрады Герда жұлып алғандай.

− Сен әуелі тыңдап ал, – деді құзғын жауап берудің орнына. Әттең, сендердің тіліңде сөйлеу маған өте қиын. Шіркін, егер сен құзғындардың сөзін түсінсең ғой, мен саған мән-жайды тап-тұйнақтай қып баяндап берер едім-ау!

− Жоқ, құзғынның тілін маған үйреткен жоқ, – деді Герда өкінішпен. Әжем түсінетін. Түсінсем, маған да оңды-ақ болатын еді.

− Жарайды, оқасы жоқ, – деді қарға, шамам келгенінше айтып көрейін, нашар шықса мейлі.

Сөйтіп, ол көрген-білгенінің бірін қалдырмастан ақтара айтып берді:

− Қазір екеуіміз жерін басып отырған корольдікте керемет дана, дүниеде бұрын-соңды болып көрмеген бір ханша тұрады. Ол дүние жүзіндегі газеттердің бірін де қалдырмастан оқып шықты және оларда не жазылғанын қолма-қол ұмытып та қалды. Міне, оның ақылдылығы қандай дейсің! Бірде ол тақта отырып, адамдар айтса айтқандай, тақта отырудың қызығы шамалы екен ғой, «Ерге шықсам қайтер еді. Ерге шықсам қайтер еді», – деп әндетеді. «Рас-ау өзі, деген ой келді оған кенет, ерге шығуға болар еді!» Сол-ақ екен, оның тұрмысқа шығуға ниеті бірден құлады. Ал күйеуді ол әңгімешіл адамнан таңдап алуды қалады, маңғазданғаннан басқаны білмейтін адамды құлқы сүймеді, өйткені ондай адаммен тұрудың өзі көңілсіз ғой! Ойға алды бітті, барабанды қағып жіберіп, сарай маңындағы әйелдерді лезде жинап алды да, оларға ханшаның ниеті жария етілді. Олардың бәрі есі қалмай қуанысып: «Тіпті жақсы болған! Біз өзіміз де таяуда ғана осындай ойға келген едік!» десті. Мұның бәрі де ақиқат шындық! – деп өз сөзін де қосып қойды құзғын. Менің сарайда тұратын қалыңдығым бар, өзі қолға үйретілген, мән-жайдың бәрін мен содан біліп тұрамын.

Оның қалыңдығы ұя басар қарға болатын, әркім өз теңін іздемей ме, құзғын да өзіне қарғаны таңдап алған.

− Келесі күні барлық газеттер жүрек суретімен әдіптеліп, ханшаның аты-жөнін әшекейлеп бадырайта жазылған күйінде шықты. Газеттерде сымбатты келген бозбаланың сарайға келіп, ханшамен әңгімелесе алатыны: олардың ішінен өзін үйіндегідей еркін ұстап, өзгелердің бәрінен де шешендік асырғанын ханша өзіне күйеу етіп таңдап алатыны хабарланған. Иә! Иә! – деп, қайталады құзғын. Сенің алдыңда менің отырғаным қандай ақиқат шындық болса, бұл айтылғандардың да титтей жалғандығы жоқ! Халықтың сарайға қаптағанын көрсең, бірін-бірі басып-жаншып, кимелеп ығы-жығы боп кетті. Бірақ алғашқы күні де, ертеңінде де түк мән шыққан жоқ. Көшеде жүргенде бозбалалардың барлығы да аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейді, ал қалай сарайдың табалдырығын аттап, жарқ-жұрқ еткен күміске бөленген гвардия мен алтынға малынған малайларды көріп, самаладай жарқыраған кең залдарға кіруі-ақ мұң екен, солай тілдері байланады да қалады. Ханша отырған таққа таяп келеді де, не айтарын білмей, бар бітіретіндері принцессаның сөзінің соңын қайталау болады. Ал принцессаға керегі ондайлар емес. Тіпті бозбалаларды түп-түгел бәрін меңдуанамен мас қып тастаған ба – деп ойлап қалғандайсың. Ал қалай қақпадан тысқа шықты, солай бәрі де тақылдап сайрап қоя береді. Кезекке тұрған дәмелі жігіттер қақпадан сарайдың есігіне дейін созылған. Ол жерде мен өзім де болып, соның бәрін көзіммен көрдім. Күйеу жігіттердің қарындары ашып, шөлдеді, бірақ оларға сарайдан бір жұтым су да әкелген жоқ. Рас, кейбір ақылдылары жейтін оны-пұнысын ала кепті, бірақ олар көршілеріне бір үзім де бермеді, ондағы ойлары: «Мейлі, жүдеу бастанып көрінсін, ондайлар ханшаға ұнамас» деген арам пиғыл еді.

− Ал Кай ше? Кай? – деп тағатсыздана сұрады Герда. Айттырмақ боп ол да келді ме?

− Тұра тұр! Тұра тұр! Оған біз енді ғана келдік! Үшінші күні ықшам денелі біреу келді, оның астында күймесі де, аты да жоқ, кәдімгідей жаяу-жалпы келді де, тұп-тура сарайға енді. Оның көздері сенін көздеріне ұқсап жайнап тұр екен, шашы ұп-ұзын, үстіндегі киімі жұпыны ғана.

− Бұл Кай ғой! – деді, қуанышы қойнына сыймай Герда. Мен оны таптым! – деп алақайлап алақанын шапалақтады.

− Арқасына асып алған түйіншегі бар, – деп сөзін жалғастырды құзғын.

− Жоға, бұл, сірә, оның шанасы болар, – деді Герда. Ол үйден шанасымен кеткен еді.

− Солай болуы мүмкін, – деді құзғын. Мен айқын айырып көре алмадым. Ал менің қалыңдығым былай – деді: ол сарайдың қақпасына қадам басқан кезде күміске бөленген гвардияны, басқыштарда тұрған сап-сары ала алтынға малынған малайларды көргенде еш қысылып-қымтырылмастан, оларға бір рет иек қағып қап: «Бұл жердегі басқышта қаздиып тұру көңілсіз болар, мен бөлмелерді аралайын!» – депті. Зәулім залдар самаладай жарқырап тұр, құпия кеңесшілер мен генералдар жалаң аяқтанып алып алтын табақ тартып жүр, сән-салтанатта шек жоқ. Келген адамның аяғындағы етігі сықыр-сықыр етеді, бірақ онысы қаперіне кіріп те шығатын емес.

− Бұл, тегінде, Кай шығар? – деді қуанышы қойнына сыймай Герда. Менің есімде, ол су жаңа етік киіп жүрген, әжейге келгенінде етіктерінің сықыр-сықыр еткенін өз құлағыммен естігем де!

− Иә, етіктері тәуір-ақ сықырлайды екен, – деп құзғын сөзін одан әрі сабақтады. Сөйтсе де ол ханшаның жанына батыл басып келді. Ханша ұршықтың дөңгелегіндей меруерттің үстінде отырған, айнала кәнизактар мен нөкерлер, олардың қызметшілері мен жандайшаптары, кәнизактар мен нөкерлердің қызметшілері мен жандайшаптарының малайлары тұр. Және неғұрлым есікке жақын тұрғандары солғұрлым маңғазданып, тәкаппарлана түседі. Жайшылықта аяқ киім тасығаннан басқа бітіретіндері жоқ камердинерлер қызметшілері жандайшаптарының босағада маңғазсына тұрған қазіргі тұрысына жүрексінбей қарау мүмкін емес!

− Сұмдық қорқынышты екен-ақ! – деді Герда. Ал Кай қайтсе де ханшаға үйленді ғой, ә?

− Әттең, құзғын болмасам, қалыңдық айттырып қойғаныма қарамастан, ханшаны өзім-ақ алар едім. Жігіт ханшамен сөйлесе бастады, құзғын тілінде мен қандай мүлтіксіз сөйлесем, ол да сөзге дәл сондай шеберлігін көрсетті, мұны менің қалыңдығым айтты маған. Жігіт өзін емін-еркін ұстап, қалыңдық айттыру үшін емес, ханшадан салиқалы сөз тыңдауға келгенін айтты. Сонымен ол ханшаға, ханша оған ұнады.

− Иә, иә, бұл Кай! – деді Герда. Ол сондай ақылды, дана ғой. Ол есептің барлық төрт амалын, оған қоса бөлшектерді де білетін. Ойпырмай, мені сарайға апарсаңшы, бол!

− Айтуға оңай-ау, бұл, – деп жауап берді құзғын, – ал ретін қалай келтірерсің? Сабыр ете тұр, мен өзімнің қолға үйренген қалыңдығыммен сөйлесіп көрейін, ол бір амалын ойлап тауып, бізге ақыл берер. Ал сен өзіңді дәл осы күйіңде сарайға енгізе қояр деп дәмеленемісің? Пәлі деген, мұндай күйдегі қыздарға есікті оңайлықпен айқара аша қоймайтыны бар емес пе!

− Мені жібереді! – дей салды Герда. – Кай менің мұнда екенімді естісе-ақ, құстай ұшып қасыма жетер.

− Мені осында, шарбақтың жанында тос, – деді құзғын, сөйдеді де басын олай бір, былай бір бұрып жан-жағына қарап алды да, ұшып кете барды.

Ол әбден қараңғы түсе бір-ақ оралды да, қарқ ете түсті:

− Қаррқ, қаррқ! Қалыңдығым саған мың мәртебе сәлем жолдап, ас үйден жымқырған мына бір нанды беріп жіберді. Ac үйде нан тіреліп тұр, ал сен, сірә, аш шығарсың. Ал сарайға сен аттап баса алмайсың: өйткені жалаң аяқсың күміске бөленген гвардия мен алтынға малынған малайлар сені өлсе де жібермейді. Ханшаның ұйықтайтын бөлмесіне апаратын елеусіз есікті қалыңдығым біледі, оның кілтін қолға түсірудің ретін ол қайтсе де табар.

Сонымен олар баққа кірді де, күзгі жапырақтар бірінен соң бірі жалп-жалп түсіп жатқан ұзыннан-ұзақ аллеяны бойлап жүріп кетті: әлден уақытта сарайдың оттары да бірінен соң бірі сөнген кезде құзғын Герданы кішкентай ғана елеусіз есікке бастап әкелді.

Ойпырмай, қорқыныш пен тағатсыздықтан Герданың жүрегі қандай тулап соқты дейсің! Нақ бір, жамандық істегелі ниет еткен адамнан кем емес, ал оның өз Кайдың мұнда бар-жоғын ғана білуден басқа шаруасы жоқ. Иә, иә, ол, әрине, осында. Оның ақылға толы көздері мен ұзын шашын көз алдына елестетті Герда: райхан гүлдері бұталарын жамыла қатар отырған кейбір кездерде оның бұған жымиып қарайтыны болатын. Герда сонысын да ап-айқын көргендей. Герданы көрген уақытта, өзі үшін мұның қандай ұзақ жол жүргенін естігенде, өзі жоғалып кеткенде үй ішінің қатты уайымдап қайғырғанын білгенде, ол, сірә, қуанатын болар-ау! Герда бір қорқыныш, бір қуаныштан өзін қайда қоярын білмеді!

Олар алаңдағы басқышқа жетті. Шкафтың үстінде кішкентай шам жанып тұр, еденде басын онды-солды бұрып төңіректі шола қарап, асыранды қарға отыр. Герда отыра қап, әжесі үйреткендей иіліп тағзым етті оған.

− Менің жігітім, маған сізді жер-көкке сыйғызбай мақтады, фрекен! – деді асыранды таған. Сіздің Vita1, былайша айтқанда, өте тебірентерліктей екен! Шамды сіз қолыңызға алсаңыз қалай болар еді, мен алға түсіп отырар едім. Біз тіке тартамыз, бұл жерде бізге тірі пенде кездеспейді.

− Маған соңымыздан біреулер еріп келе жатқан сияқтанады, – деді Герда; сол сәтте оның тап жанынан зу етіп бір көлеңкелер: жалы желбіреген жіңішке аяқты аттарға салт мінген аңшылар, әйелдер мен жігіттер өте шықты.

− Түс қой бұлар! – деп түсіндірді оның мәнісін асыранды қарға. Олар мұнда жоғары мәртебелі адамдардың көңілін аулау үшін келеді. Біз үшін сонысының өзі оңды ұйықтап жатқандарды жақсылап көреміз. Айтқандайын, оларды көргенде сіз өз жүрегіңіздің ізгі екенін дәлелдерсіз деп сенемін.

− Айтатын сөз табылған екен! Ол өз-өзінен түсінікті емес пе! – деді орман құзғыны.

Осыдан кейін олар бірінші залға кірді, оның қабырғалары гүлмен кестеленген қызғылт атласпен қапталған екен. Жақын жерден тағы да түстер өте шықты, бұл жолы олардың шапшаң зу еткендері соншалық, Герда салт аттыларға көз тоқтата қарап үлгере алмады. Залдардың бірінен-бірі өтеді. Осы сән-салтанат Герданы есін шығара қайран қалдырды. Бір кезде ұйықтайтын бөлмеге де жетті. Бөлменің төбесі хрусталь жапырақты асыл пальма ағашына ұқсас, оның жұп-жуан алтын діңінде лалагүл түстес екі кереует асулы тұр. Оның біреуі аппақ, ханша ұйықтап жатыр, ал екіншісі қызыл кереует, одан Кайды көретініне Герданың титтей де күмәні болмады. Ол қызғылт жапырақтарды сәл ысырып еді, біреудің сарғыш шашты желкесі көзіне шалына кетті. Кай! Герда оның атын атап шақырып, шамды бетіне тақады. Түстер зу етіп безіп жөнелді, ханзада оянып кетіп, бұрыла қарады... Ойпырмай, бұл Кай емес қой!

Ханзада жап-жас, әп-әдемі екен, тек желке жағы ғана Кайға ұқсайды. Ақ тұңғиықтарды серпіп тастап қараған ханша істің мән-жайын сұрады. Герда жылап жіберіп, өзінің басынан кешірген қилы оқиғаларын түгін қалдырмай баяндап берді, сөз арасында өзіне құзғын мен оның қалыңдығы істеген жақсылықты да айтып өтті.

− Қап, сорлы бейшара-ай! – деп аяныш білдірді ханзада мен ханша; содан кейін құзғын мен оның қалыңдығын жер-көкке сыйғызбай мақтап, оларға ашуланбайтындықтарын, тек бұдан былай мұндай іс істегені жөн болмайтындығын айтты, өздеріне сыйлық беруге де ниет білдірді.

− Азат құс болғыларың келе ме? – деп сұрады ханша, әлде жалақыларыңды ас үйден қалған қалдықтардан толығымен алатын сарай қызметіндегі қарғалардың міндетіне ие болуды қалаймысыңдар?

Құзғын мен оның қалыңдығы иіліп тағзым етті, өздерін сарайда қалдыруды өтінді, олар қартаятын ертеңгі күндерін ойлап:

− Жасың жеткен шақта бір үзім наннан тарықпаған жақсы ғой! – десті.

Ханзада орнынан тұрып, өз кереуетін Гердаға берді, әзірше оның істей қоятын бұдан өзге жақсылығы да жоқ қой: Ал Герда нәп-нәзік қолдарын кеудесіне айқастыра салып: «Барша адамдар мен хайуандар қандай қайырымды еді, шіркін!» – деп ойлады, содан кейін көзін жұмып, тәтті ұйқыға кетті. Бөлмеге түстер қайтадан ұшып келді, бұл жолы олар періштелерге ұқсас болатын, сүйреткен қол шаналары бар, онда Кай отыр, Гердаға қарап басын изейді. Әттең, мұның бәрі тек түстегі нәрсе ғана еді, Герда қалай оянды, олар да солай ғайып болды.

Ертеңінде Герданы үлде мен бүлдеге орап киіндіріп, сарайда өзі қалағанынша қонақ боп жатуға рұқсат етісті. Кішкентай қыз мұнда уайым-қайғысыз тұра берер еді, бірақ та ол өзінің өкіл ағасын іздеу үшін тағы да дүниенің төрт бұрышын аралауға бел байлап өзіне ат-көлік пен аяғына киетін башмақтар беруін қиыла сұрады.

Оған башмақ та, қолғап та, сәнді көйлек те берді, ал ол жұрттың бәрімен қоштасып болған кезде ханзада мен ханшаның саф алтыннан жасалған жұлдызша жарқыраған гербі бар жап-жаңа күймесі қақпанын алдына көлденеңдеп кеп тұра қалды, атқосшылар, малайлар мен форейторлар. Соның жанына форейторлар қосып берген, бәрі де шағын-шағын алтын тәж киген. Герданы күймеге ханзада мен ханша өз қолдарымен жайғастырып отырғызып, оң сапар тіледі. Бұған дейін үйленіп те үлгерген құзғын Герданы үш миль жерге дейін шығарып салып, күймеге онымен қатар отырды, өйткені ол аттарға теріс қарап отыра алмайды ғой. Оның зайыбы қақпаның маңдайшасына қонып отырған күйі қанатын қағып қоштасты, ал оның шығарып салуға бара алмаған себебі, сарай қызметіне алынып, тойынғаннан бері басы ауыратынды шығарып еді. Күйме аузы-мұрнынан шыға қант қосқан тоқашқа, орындықтың астындағы жәшік жеміс пен тәттіге сықай толтырылған.

Хош! Хош! – деп ханзада мен ханша жамырай қоштасты. Герда жылап жіберді. Қарға да жылады. Күйме үш миль жер жүрген соң, құзғын да қызбен хош айтысты. Айрылысу ауыр болды. Құзғын ағашқа барып қонып, күндей жарқыраған күйме қашан көз ұшынан кеткенше, қара қанатын сермеп қақты да отырды.

Бесінші хикая

Қаршадай қарақшы қыз

Бір кезде Герда қараңғы қалың орманға келіп кірді, ал оның күймесінің жарқ-жұрқ еткені сонша, тіпті қарақшылардың көзіне бірден шалынды, қарақшылар болса, шыдамай тұтқиылдан тап берді.

− Алтын! Алтын! – деп шуласа жалақтаған қарақшылар аттарды тізгіннен ала түсті де, кішкентай форейторларды, ат қосшылар мен малайларды түп-түгел қырып сап, күймеден Герданы суырып алды.

− Қарай гөр, әп-әдемі, топ-толық бүлдіршіндейін, ә! Сірә, жаңғақ жеп өскен ғой өзі! – деді ұп-ұзын селеу сақалды, жалбыр қасты қарақшы кемпір. Сеп-семіз-ау өзі, тоқты да мұндай болмас! Тегінде, тәп-тәтті болар!

Соны айтып, ол жарқ-жұрқ еткізіп пышағын суырып кеп алды. О, сұмдық!

Сол заматта-ақ өзінің: «Ойбай-ай!» деген жан даусы шықты. Өйткен себебі, арқасында отырған қызы оның құлағынан қыршып алған еді, бұл бір бүкіл әлемнен қолыңа жарық алып іздесең де таппайтын жүгенсіз кеткен, әрі қырсық қыз болатын.

− Oh, шіркін-ай, сен оңбаған қызды ма! – деп оған ақырып жіберді анасы, Герданы өлтіріп үлгермеді.

− Ол менімен ойнайтын болады, – деді қаршадай қарақшы қыз. Ол маған өзінің қолғабы мен сәнді көйлегін береді, және менің төсегімде өзіммен бірге жататын болады.

Соны айтып қызы тағы да қатты қыршып кеп алғаны сондай, шешесі жаны ышқына секіріп түсіп, тыпырлады да қалды. Қарақшылар қыран-топан күлкіге батты.

− Көрдің бе, қызымен бірге қалай-қалай биледі, а? – десті олар.

− Менің күймеге отырғым келеді, – деп айқай салды қаршадай қарақшы қыз, сөйтті де өз айтқанын орындатты, ол тым шолжақай әрі қыңырдың қыңыры болатын.

Олар Гердамен бірге күймеге отырып алды да, ағаштың түбірлері мен жердің кедір-бұдырына қарамастан орман түкпіріне қарай ұшырта жөнелді. Қаршадай қарақшы қыздың бойы Гердамен шамалас еді, бірақ күшті, жауырыны жалпақ әрі өңі әлдеқайда қоңырқай болатын. Қарақаттай қап-қара көздерінде бір мұң ізі жатыр. Ол Герданы құшақтап:

− Саған мен ашуланбайынша, олар сені өлтіре алмайды. Сен, шын ханшамысың? – деді.

− Жоқ, – деп жауап берді кішкентай қыз, содан кейін өзінің көп бейнет шеккенін және Кайды өле-өлгенше сүйетіні туралы баяндап берді.

Қаршадай қарақшы қыз оған байсалдылықпен қарады да, басын болар-болмас қана бір изеп:

− Тіпті саған мен ашулана қалған күнде де олар сені өлтіре алмайды, сені өзгеден бұрын өзім өлтіремін! – деді.

Осыны айтып ол Герданың көз жасын сүртті, содан кейін екі қолын Герданың жұп-жұмсақ әрі жып-жылы қолғабына сұғып жіберді.

Бір кезде күйме қарақшылар қорғанының ауласына келіп кіріп, тоқтай қалды. Қорғанның үңірейген-үңірейген жарықтарынан қара қарғалар мен ала қарғалар жалпылдап ұшып шығып жатыр. Бір жақтан секіріп бульдогтар шыға-шыға келді, олардың үлкендіктері сонша, қайсысы болса да кісіні оп-оңай қылғып жұтып қойғандай еді, бірақ та аспанға секіре қарғығандары болмаса, олар тіпті дыбыс шығарып үрген де жоқ, сөйтсе оларға үруге тыйым салынған екен.

Қабырғалары қопарылып-қопарылып, әбден ысталған даңғарадай залдың тап ортасында тас еденнің үстінде от шалқиды, сыртқа шығатын жол іздеген түтін будақтап төбеге көтеріледі, оттағы тай қазанда сорпа бұрқ-сарқ қайнап, айнала шанышқыда дала қояндары мен үй қояндары қуырылып жатыр.

− Сен менімен бірге, міне, мына жерде, менің аңдарымның қасында ұйықтайтын боласын, – деді Гердаға қаршадай қарақшы қыз.

Тамаққа әбден тойғызғаннан кейін, қыздар сабан төселіп үсті кілеммен жабылған түкпірге кетті. Жоғарырақ көлденең сырықта жүзге жуық көгершін отыр, олардың бәрі де ұйықтаған тәрізді еді, қыздар жақындап келген кезде қыбырлап қимылдай бастады.

− Бәрі де менікі! – деген қаршадай қарақшы қыз, көгершіннің біреуін аяғынан ұстай алып сілкіп кеп қалғанда, байғұс құс жанталаса жалпылдатып қанатын қақты. Мә, сүй мынаны! – деді қарақшы қыз көгершінді Герданың бетіне тақап. Ал мына жерде орманның алаяқтары отыр, – деді ол тағы да, қабырғадан шығарылған кішкентай үйшікте ағаш қоршаудың ар жағында отырған екі көгершінді нұсқап. Бұлар орманның тағы өскен алаяқтары, оларды кілттеп ұстау керек, әйтпесе қас пен көздің арасында қашып кетеді. Ал мынау менің сүйікті қар бұғым! Қыз қабырғаға қағылған шығыршыққа жылтылдаған жез қарғымен байлаулы тұрған солтүстіктің бұғысын мүйізінен жұлқылады. Мұны да байлап ұстамаса болмайды, әйтпесе зытып кетеді. Күн сайын кешке мен оның мойнын өткір пышақпен қытықтаймын, одан оның жаны тітіркенеді.

Соны айтты да, қаршадай қарақшы қыз қабырғаның жарығынан селебе пышақты суырып алып, бұғының мойнын сүйкеп өтті. Бейшара бұғы жаны ышқына тыпыр қақты да қалды, қыз болса ішек-сілесі қата күліп, Герданы төсекке сүйреледі.

− Сен, шынымен-ақ, жаныңнан пышағыңды тастамай ұйықтайсың ба? – деп сұрады одан Герда, селебе пышаққа көз қиығын салып қойып.

− Үнемі! – деп жауап берді қаршадай қарақшы қыз. Не болып қаларын қайдан білесің? Жарайды, Кай туралы және өзіңнің дүниені шарлағаның туралы маған тағы бір рет айтып берші.

Герда айтып берді. Қоршаудағы орман көгершіндері гүрілдеп отыр, өзге көгершіндер әлдеқашан ұйқыға кеткен, бір қолымен Герданы мойнынан құшақтап, екінші қолына пышақ қысқан құртақандай қарақшы қыз қорылға басты, ал Герда болса, кірпік ілген жоқ, мені өлтіре ме, әлде тірі қалдыра ма? – деп ойлаумен жатты. Отты жағалай қоршаған қарақшылар өлең айтып, арақ ішіп мәре-сәре, қарақшы кемпір домалап асыр сап жүр. Осының бәрін көргенде байғұс қыздың зәресі ұшады.

Кенет орман көгершіндері гүрілдесіп, өзара сөйлесе қалды.

− Құрр! Құрр! Біз Кайды көрдік! Ақ тауық оның шанасын арқалап апара жатты, ал өзі Қар ханымның шанасында отырды. Біз ұяда жатқан сары үрпек балапан кезімізде олар орманның үстінен зулап ұшып өткен еді, Қар ханым бізге қарап үрлеп кеп қалғанда, біздің осы екеуімізден басқасының бәрі де қатып өліп қалды. Құрр! Құррр!

− Не дедіңдер? – деді қуанғаннан Герда. Ал Қар ханымның қай жаққа кеткенін сендер білмейсіңдер ме?

− Сірә, Лапландияға кеткен болар, өйткені онда мәңгі қар мен мұз жатады ғой. Мән-жайын ана байлаулы тұрған бұғыдан анықтап сұрашы.

− Иә, онда мәңгі қар мен мұз жатыр, шіркін, қандай тамаша дейсің! – деді солтүстік бұғысы. Онда қар басып жатқан шексіз, шетсіз алқапта асыр салып жүгірген қандай тамаша! Ол жерде Қар ханымның жазғы шатыры тігулі тұрады, ал оның тұратын мекені әрірек, Солтүстік полюстің маңында, Шпицберген аралында.

«Шіркін Кай, жаным менің Кайым!» – деп күрсініп жіберді Герда.

− Тыныш жат, – деп зекіп қалды оған қаршадай қарақшы қыз. Әйтпесе пышақпен қарныңды ақтара салармын!

Таңертең Герда оған орман көгершіндерінен естігенін айтып берді, ал құртақандай қарақшы қыз Гердаға көз тоқтата қарады да басын изеп:

− Жарайды-ақ! – деп бір қойды, содан кейін солтүстік бұғысынан: Ал сен Лапландия қайда екенін білесін бе? – деп сұрады.

− Мен білмегенде, кім біледі дейсің? – деп жауап берді солтүстік бұғысы, мұны айтқанда өзінің көзі жайнап сала берді. Онда мен туып-өстім, онда мен қарлы алқаптарда жүгіріп ойнақ салдым.

− Ендеше, тыңда, – деді Гердаға қаршадай қарақшы қыз. – Көрдің бе, біздің кісілердің бәрі де кетіп қалды, үйде жалғыз анам ғана бар, енді аздан соң ол дәу шөлмектен сіміріп алады да, қылжиып ұйқыға кетеді, сол кезде сен үшін мен бірдеме істеп көрермін.

Соны айтып, ол төсегінен атып тұрды, анасын аймалап, сақалын жұлмалады да тіл қатты:

− Аманбысың, менің кішкентай лағым!

Ал анасы оны мұрнынан шертіп-шертіп қалды, қызының мұрны біресе көгеріп, біресе қызарды, әрине, анасы мұны қызын жақсы көргендіктен істеді.

Кемпір дәу шөлмектен сіміріп алып, қорылға басқаннан кейін қаршадай қарақшы қыз солтүстік бұғысының жанына келіп:

− Мен әлі де сені ұзақ уақыт ермек қыла беретін едім! Өткір пышақпен қытықтаған кезде сен кісіні еріксіз күлдіресің, хош, жарайды. Мен сені байлаудан босатып, еркіңе жіберемін, өзіңнің Лапландияңа тарта бер. Бірақ ол үшін сен мына кішкентай қызды Қар ханымның сарайына апарып саласың, онда оның өкіл ағасы бар. Мұның не жайында айтқанын, әлбетте, естіген боларсың, ә? Ол есітілерліктей ғып айтты, ал сенің тыңшылыққа жаның құмар! – деді.

Солтүстік бұғысы қуанғаннан секіріп-секіріп түсті. Қаршадай қарақшы қыз оның арқасына Герданы отырғызып, мықтап тұрып таңды, жайлы болсын – деп астына тіпті жұп-жұмсақ жастық та салып берді.

− Солай, – деді ол, – теріден тігілген етігіңді қайтарып ал, әйтпесе аяғың үсіп қалар! Ал қолғапты мен өзіме қалдырамын, өйткені ол тіпті оңды-ақ... Бірақ та сені тоңдырып қойғым келмейді, мінекей, менің анамның биялайы көрдің бе, қандай үлкен, сенің шынтағыңнан келеді. Киіп ал! Міне, енді сенің қолдарың менің жексұрын анамның қолдарынан аумай шықты.

Герда қуанғаннан жылап жіберді.

− Қыңқылдағанды жаным жек көреді! – деді, қаршадай қарақшы қыз тыжырынып. Сен енді қуануға тиіссің. Иә, саған екі бөлке нан мен шошқаның сүрленген саны, ашығып қалмаңдар.

Нан мен сұр санды бұғыға артты. Содан соң қаршадай қарақшы қыз есікті ашып, иттерді шақырып алды да, бұғы байлаулы тұрған арқанды қылпыған пышағымен қиып жіберіп, оған:

− Кәне, тез жөнел! Байқа, кішкентай қызды сақтағайсың! – деп бұйырды.

Герда қаршадай қарақшы қызға жаялықтай-жаялықтай биялай киген екі қолын бірден ұсынып, қоштасты. Солтүстік бұғысы ағаш түбірлері мен орман-тоғайларды, батпақты жерлер мен жасыл алқаптарды баса-көктей желдей есіп келеді. Қасқырлар ұлып, қарғалар қарқылдайды. Кенет аспаннан «Уф! Уф!» деген дыбыс естілді де, от жарқ еткендей болды.

− Міне, менің туған солтүстігімнің кемпірқосағы! – деді бұғы. Қарашы, қалай-қалай жарқырайды!

Сөйтіп, ол күн, түн демей одан да әрі жүйтки берді. Арада көп уақыт өтті, нан да, ет те таусылды. Ақыры олар Лапландияға да жетті-ау, әйтеуір.

Алтыншы хикая

Лапланд әйелі мен фин әйелі

Бұғы бір ұсқынсыз үйдің алдына кеп тұра қалды, үйдің шатыры жерге тигендей болып қисайып кетіпті, есігінің аласалығы сондай, үйге кіру үшін кісіге төрт тағандап жүруден басқа лаж жоқ. Үйде тек лапландық кемпір ғана бар екен, май шамның сәулесімен балық қуырып отыр. Солтүстік бұғысы кемпірге Герданың барлық мән-жайын айтып берді, одан да бұрын өзінің басынан кешкендерін айтты, өйткені оған бұл әлдеқайда маңыздырақ тәрізді көрінген еді. Герданың жаурағаны сондай, сөйлеуге аузы икемге келмеді.

− Ойбой, байғұстар-ай! – деді кемпір аяп. Сендердің алдарыңда әлі де ұзақ жол жатыр-ау! Финмаркка жеткенше жүз мильден артық жол жүруге тура келеді, онда Қар ханым дачада тұрады, әр кеш сайын көгілдір бенгал оттарын жағады. Сәл сабыр етіңдер, менде қағаз жоқ, қақталған балыққа бір-екі ауыз сөз жаза қояйын сендер ол балықты сол маңда тұратын фин әйеліне апарып табыс етіңдер, не істейтіндеріңді менен гөрі ол жетік біледі.

Герда бойы жылынып, ішіп-жеп тойғаннан кейін, кемпір қақталған нәлім балыққа бірнеше сөз жазды да, оны мұқият сақтауды Гердаға қатты тапсырды, сонан соң кішкентай қызды бұғының арқасына таңды. Бұғы тағы да жүйткіп жөнелді. «Уф! Уф!» – деп аспан тағы да күркіреп, ғажап оттарды будақ-будақ ытқыта бастады. Соның сәулесімен бұғы Герданы алып, Финмаркқа келіп жетіп, фин әйелі тұратын үйдің пешінің мұржасын қақты, өйткені оның үйінде есік деген атымен жоқ нәрсе ғой.

Үйдің іші күйіп тұр! Фин әйелінің өзі аласа бойлы екен, кір-қожалақ, жартылай жалаңаш жүр. Жалма-жан Герданың киімдерінің түймелерін ағытып, биялайы мен етігін шешіп алды, әйтпесе кішкентай қыз мүлдем ыстықтап кетер еді, бұғының басына бір кесек мұз қойды да, содан кейін қақталған нәлімге жазылған хатты оқуға кірісті. Ол хатты қашан әр сөзін жаттап алғанша үш қайтара оқып шықты, содан соң тресканы қайнап тұрған қазанға тастай салды, өйткені балық әлі де жеуге жарайтын еді, ал фин әйелі еш нәрсені де далаға тастамайтын.

Сол жерде бұғы әуелі өзінің тарихын, содан кейін Герданың тарихын баяндап шықты. Ал фин әйелі тіл қатпай, ақылға толы көздерін сығырайта қараумен болды.

− Сен соншалықты дана әйелсің, – деді бұғы, мен білемін, сен бір жіппен төрт желдің төртеуін де буып тастай аласың, бір түйіншекті шешкен кезде жел оңынан тұрады, екіншісін шешсе ауа райы бұзыла бастайды, үшінші және төртінші түйіншекті шешсе көтерілген дауылдың екпіні сондай, ағаштар жалп-жалп құлайтын болады. Тілеуіңді берсін, кішкентай қызға он батырдың күшін беретіндей дәрі қайнатшы! Сонда ол Қар ханымды жеңіп шығады.

− Он батырдың күшін бе! – деді фин әйелі. Иә, оның оған пайдасы тиер-ақ еді.

Соны айтып ол сөреден бір бүктелген үлкен теріні алып, алдына жайып салды, терінің өне бойы қайдағы бір түсініксіз жазулардан көрінбейді, фин әйелі оларды оқи бастады. Оның бұл іспен бас алмай шұғылданғаны сондай, маңдайынан бұршақтап тер домалады.

Бұғы тағы да одан Гердаға көмектесуін өтінді, ал Герданың жасқа толы көзбен оған жалына қарағаны сондай, фин әйелінің көзі еріксіз жыпылықтап кетті, содан кейін ол бұғыны оңаша алып шығып, басындағы мұзын ауыстырып тұрып, сыбырлай сөйледі.

− Кай, шынында да, Қар ханымның қолында, бірақ ол бәріне де дән риза, өзі үшін бұдан жақсы да жайлы жер жоқ – деп ойлайды. Соның бәрі оның көзі мен жүрегінде тұрған айна сынығының кесірінен. Соларды алып тастау керек, әйтпесе Кай ешқашан баяғы қалпына қайта түспейді, Қар ханымның билігінен өмір бойы шыға алмайды.

− Ал сенің қолыңда Герданың бәріне де шамасын жеткізетіндей еш нәрсе жоқ па?

− Оны қазіргісінен күшті ету менің қолымнан келмейді. Ол онсыз да ғажап күшті екенін сен өзің неге аңғармайсың? Ойлашы, оған адамдар да, хайуандар да қызмет қылады. Ол жалаң аяқ, жалаң бас жарты әлемді аралап шықты. Дегенмен, жүрегінде жатқан күш туралы оның өзіне айтпауға тиіспіз. Оның күші күнәдан пәк сүйкімді сәби болғандығында ғой. Егер оның өзі Қар ханымның тұрағына еніп, Кайдың көзі мен жүрегінен айнаның сынығын алып тастай алмаса, біздің шамамыз қайдан жетпек. Осыдан екі миль жерден Қар ханымның бау-бақшасы басталады. Кішкентай қызды сонда алып барып, қып-қызыл жидегі тұнып, оппа қарда өсіп тұрған үлкен бұтаның түбіне қалдыр да, өзің бөгелместен осында қайтып келетін бол.

Осыны айтып фин әйелі Герданы бұғының арқасына отырғызып еді, ол аяғы аяғына жұқпай жүйтки жөнелді.

− Жылы етіктерім ше? Биялайларым ше? – деп айғайлады Герда, олар денесін аяз қари бастағанда есіне бір-ақ түсіп.

Бірақ та бұғы қашан қызыл жидегі тұнып тұрған бұтаға жеткенше тоқтауға бата алмады, тек оған жеткесін ғана тоқтап, кішкентай қызды арқасынан түсіріп, ернінен сүйіп алды, кенет көзінен ірі-ірі мөп-мөлдір жас сорғалап қоя берді. Сонан соң ол кейін қарай оқтай зымырады.

Байғұс қыз шытынаған аязда башмақсыз, биялайсыз, жапа-жалғыз өзі ғана қалды. Ол бар пәрменімен ілгері қарай жүгіре жөнелді. Оның қарсы алдынан тұтас бір полк қар ұлпалары зулап ұшып келе жатты, ал өздері аспаннан жауған жоқ, аспан шайдай ашық еді. Онда солтүстіктің кемпірқосағы жарқырап тұрған жоқ, қар ұлпалары Гердаға қарсы жермен зулап келе жатты, және де неғұрлым жақындаған сайын, солғұрлым үлкейе берді. Үлкейткіш шынымен қарағандағы бадырайған әп-әдемі қар ұлпалары Герданың есіне түсті, ал мына ұлпалар одан әлдеқайда ірі де үрейлі, оның үстіне олардың түрлері де қайран қалдырарлықтай еді, және өздері жаны бардай-ақ қимылдайды. Бұл Қар ханым әскерінің алдыңғы легі болатын. Кейбір ұлпалар түрі жаман үлкен кірпілерге ұқсаса, кейбіреулері шиыршықтала оралып басын көтеріп алған жылаңдар тәрізді, үшіншілері түгі тікірейіп домаланған аюдың балаларынан аумайды. Бәрі де аппақ боп күнге шағылысады және бәрінің де жаны бар.

Герда жалма-жан аят оқи бастады. Суықтың күштілігі сондай, оның демі дереу қалың тұманға айналды. Осы тұман қалыңдай берді, қалыңдай берді, кенет тұманнан құртақандай ақшыл періштелер пайда бола бастады, олар жерге аяқтары тиісімен-ақ бастарына дулыға киіп, найзамен және қалқанмен қаруланған үлкен-үлкен періштелерге айналды. Олар үсті-үстіне көбейе берді, көбейе берді, сөйтіп Герда аятты оқып болған шақта оны періштелердің тұтас легионы қоршап тұрды. Періштелер найзамен қар құбыжықтарды түйреп тастады, олардың быт-шыты шығып, мыңдаған қар ұшқындарына айналды. Енді Герданың ілгері қарай батыл жүре беруіне болатын еді, періштелер оның аяқ-қолын сипап еді, тұла бойы жып-жылы болып жылынып жүре берді. Ақыры ол өлдім-талдым дегенде, Қар ханымның салтанатты сарайына да жетті-ау, әйтеуір.

Герданы қоя тұрып ең әуелі осы кезде Кайдың не күй-жайда болғанын тыңдалық. Герда оның ойында да жоқ еді, Герданың тақап келіп, қорған қабырғасының сыртында ғана тұрғанынан ол хабарсыз болатын.

Жетінші хикая

Қар ханымның салтанатты сарайында не болды және одан кейінгі оқиғалар

Салтанатты сарайдың қабырғаларын қарлы құйын көміп тастаған, ызғарлы жел үріп есік пен терезе жасаған. Солтүстіктің шұғыласымен жарқыраған даңғарадай-даңғарадай жүздеген залдар жал-жал боп біріне-бірі жалғасып жатыр, ең үлкен залы әлденеше мильге созылып кеткен. Жарқырап жайнаған аппақ сарайлар азынаған суық, іші қаңырап бос тұр! Ойын-қызық дегенің бұл жерге, ең болмаса көз қиығын салып көріп пе екен! Боран әуенімен билейтін аюлардың ойын-сауығы ешқашан болып көрген жоқ, ондай ойын-сауық өткізіле қалса-ақ аюлар әсемдік пен артқы аяғынан тік тұрып жүруден бәйге алар еді, айғай-шу, төбелес шығаратын карта ойындары да болып көрген емес, ал аппақ түлкі-құдашалар әңгімелесіп, бір шыны-аяқ кофе ішуге бас қосып көрді ме екен, жоқ айта көрмеңіз, ешқашан да ондай болған емес! Мұнда азынаған суық, қаңыраған жай, тіршілік харакетсіз өлі дүние! Солтүстік шұғыласынын бір қалыпты жарқ етіп, жымың қағатыны сондай, жарықтың қай минутта күшейіп, қай минутта сөнетінін дәл есептеп шығаруға әбден болғандай. Шек-шеті жоқ ұланғайыр әрі тіршіліксіз қар залының ортасында мұз қатқан көл айдыны жарқырайды. Оның мұзы шытынап жарылып-жарылып бір-бірінен аумайтын, әрі түп-түзу мыңдаған ғажап бөлшектерге бөлінген. Көлдің ортасында Қар ханымның тағы тұратын. Ол үйден ешқайда шықпаған кездерінде осы жерде отыратын, және ол өзін ақылдың айнасының үстінде отырмын дейтін. Оның ойынша бұл дүниедегі ен теңдесі жоқ айна болатын.

Кай мүлдем көгеріп, керек десе суықтан тотығып қарайып та кеткен, бірақ оны өзі аңдамайды. Қар ханым сүйгеннен кейін ол суықты сезбейтін боп алған, және оның жүрегі де кесек мұзға айналған. Бала тақта-тақта мұздардан әр түрлі нәрселер жасап, әуре боп жүрді, оның бірдемелерді құрастырғысы келеді. Ағаш тақтайшалардан әр түрлі бейнелер жасап ойнайтын.

«Қытай жұмбағы» – деп аталатын ойын бар: Кай да мұздан сан қилы қызық бейнелер жасайды. Ол «мұз жұмбақ» – деп аталатын еді. Бұл бейнелер оған өнердің ең кереметі, ал оларды құрастыру өте маңызды іс болып есептелетін. Оның көзінде сиқырлы айнаның сынығы тұрғандықтан солай көрінді.

Мұз кесектерінен Кай сөз құрастырады, бірақ та өте-мөте қажет еткен «мәңгілік» деген сөзді құрастыра алмай-ақ діңкесі құрып бітті. Қар ханым: «Тек осы сөзді құрастырсаң сен өзіңе-өзің қожа боласың, ал мен саған бүкіл дүние мен су жаңа коньки сыйлаймын», –деген еді оған. Бірақ қалай әуреленсе де оны құрастыра алмай-ақ қойды.

− Енді мен жылы жаққа ұшып кетемін, – деді Қар ханым, қара қазандарға көз қиығын салармын. Қазан деп ол от демді кратер таулары Везувий мен Әтнаны атады. Мен оларды аздап ағартайын. Бұл Лимон мен жүзімдер үшін пайдалы болады.

Соны айтып ол ұшып кете барды, ал Кай ат шаптырым, қаңыраған залда жападан-жалғыз қалды, мұз кесектерінен көз алмай ойланумен болды, ойдан тіпті шекесі солқылдап, басы ауырып та кетті. Ол қимылсыз бейне бір өлі жандай орнынан тапжылмай отырды. Тіпті оны сықиып қатып қалған екен – деп те ойлауға болғандай еді.

Ал бұл кезде алай-түлей дауылдан жасалған дағарадай қақпадан Герда кірді. Герда кешкі аятты оқи қойып еді, долы жел ұйқыға кеткендей тына қалды. Герда үп-үлкен қаңыраған залға кіріп келді, сол сәтте-ақ оның көзіне Кай оттай басылды. Герда оны бірден танып, жүгіріп кеп мойнынан құшақтай алды, құшағына қатты қысып тұрып:

− Кай! Жаным, Кай! Ақыры таптым-ау, сені! – дей берді.

Бірақ та Кай қимылсыз да суық қалпынан тапжылған жоқ. Сонысын көрген Герда еңіреп жылап жіберді, оның ыстық жастары Кайдың кеудесіне тамып, жүрегіне жетті де, мұз қабатын ерітіп жіберді, мұзбен бірге айнаның сынығы да еріп кете барды.

Кай Гердаға жалт қарады, ал Герда әндете жөнелді.

«Райхандар гүлдеді... Тамаша, тамаша!

Ұзамай көрінер бал-бөбек Айса да».

Кай кенет еңіреп қоя берді, оның ағыл-тегіл жылағаны сонша, көзіндегі жаспен бірге айнаның сынығы жуылып кете барды. Сол-ақ екен, ол Герданы танып, қатты қуанды.

Герда! Жаным менің, Герда!.. Сен сонша уақыт қайда жүрдің? Мен өзім қайда болғанмын? – деді де айналасына қарады. Ойпырмай, қалай суық еді, қаңырап тұр ғой өзі!

Ол Гердаға жабыса түсті. Герда қуанғаннан біресе күледі, біресе жылайды. Иә, оның қуанғаны сондай, тіпті мұз кесектері де секіріп билеп, әбден шаршаған соң барып бір-ақ дамылдады да, жалма-жан Қар ханым Кайға құрастыр – деп әмір еткен сөзді құрастыра қойды, бұл сөзді құрастырса, Кай өзіне-өзі қожа боп, оған қоса Қар ханымнан сыйға бүкіл әлем мен су жаңа коньки алатын еді.

Герда Кайдың екі бетінен кезек-кезек сүйді, сөйткенше оның екі беті қайтадан алмадай қызыл шырайына қайта кірді, екі көзінен сүйіп еді, жанары да жарқырап, жайнап кетті: аяқ-қолын сүйіп еді, Кай тып-тың, сап-сау күйге түсті. Енді Кай Қар ханымның келуінен титтей де қорыққан жоқ, өйткені оның еркіндік беретін сөзі жалтылдаған мұз әріптермен осы жерде жазулы жатыр.

Кай мен Герда қол ұстасып салтанатты мұз сарайдан шықты: олар жолшыбай әжей жайлы, елдегі үйлерінің шатырларынан салбырап тұрған райхан гүлдері туралы айтып, ауыз жапқан жоқ, ал долы жел оларға жол беріп, тына қалды, қара бұлтты сөгіп, күн сәулесі көрінді. Қызыл жидегі тұнып тұрған бұтаның қасында оларды солтүстік бұғысы қарсы алды. Ол өзімен бірге желіні сүтке толы ана бұғыны ерте келген екен, ол Кай мен Герданы сүтке тойдырып, еріндерінен сүйді. Осыдан кейін Кай мен Герда әуелі фин әйелінікіне барып, жылынып алған соң, үйлеріне қайтар жолды сұрап білді, жолшыбай Лапландиядағы кемпірге соқты. Кемпір олар келгенше екеуіне арнап су жаңа киім тігіп, өзінің шанасын оңдап қойған, оған Кай мен Герданы отырғызып, өзі оларды шығарып салуға бірге аттанды.

Жұбай бұғылар да жас жолаушыларды алғашқы көк шөбі қылтия бастаған Лапландияның шекарасына дейін шығарып салды. Осы араға жеткеннен кейін Кай мен Герда бұғылармен де, кемпірмен де хош айтысты.

− Сәт сапар болсын! – деді оларға шығарып салушылар. Жолаушылар бір кезде қалың орманға кездесті. Құстар сайрап, ағаштар көк бүршік атыпты. Астында әсем аты бар, басына қан қызыл бас киім киіп, беліне пистолеттер қыстырып алған бойжеткен қыз орманнан жолаушыларға қарсы шыға келді. Герданың көзіне оның астындағы аты оттай басылды, ол бір кезде алтын пәуескеге жегілген ат еді. Бұл бойжеткен қаршадай қарақшы қыз еді: үйде отыра беру оны жалықтырып, солтүстікті көруге көңілі кетіпті, егер ол жақ ұнамаса басқа жерлерге бармақ ойы бар екен. Герданы ол да бірден таныды. Қуаныштың көкесі сонда болды!

− Ой, қаңғыбас! – деді ол Кайға. Бір сен үшін бүкіл дүниені шарлауға тұра ма екенсің, жоқ па, менің соны білгім келеді!

Герда оның бетін сипап тұрып, ханша мен ханзада туралы сұрады.

− Олар бөтен жаққа кетіп қалған, – деп жауап берді жас қарақшы қыз.

− Ал қарғалар ше? – деп сұрады Герда.

− Орман құзғыны қайтыс болды, асыранды қарға жесір қалған, аяғына қара жүн байлап алып жүр, тағдырына тарыға сөйлейді. Қойшы, мұның бәрі де түкке тұрмайды, кәне, сен өз басыңнан не кештің және Кайды қалай таптың, соны айтшы?!

Герда мен Кай оған бастан-аяқ бәрін де айтып берді.

− Сонымен, ертегі де тамамдалды, – деді жас қарақшы қыз, сөйдеді де, егер олар тұратын шаһарға алда-жалда бара қалатын болса, үйлеріне бас сұғып шығуға уәде беріп, қолдарын қысты. Содан кейін ол дүниені аралауға өз жөніне аттанды да, Кай мен Герда қол ұстасып үйлеріне тартты. Олар жүріп өткен жердің бәрі де көктем гүлдеріне бөленіп, жасыл желек жамылды. Бір кезде қоңырау даусы естіліп, олардың туған қаласының биік мұнаралары көзге шалынды.

Олар өздеріне таныс сатымен өрлеп келіп, бөлмеге кірсе, ондағының бәрі де баяғыдай қаз қалпында екен: сағаттың тілі бұрынғыдай «тық-тық» соғып, уақытты көрсете айналып тұр. Екеуі аласа есіктен аттай бере өздерінің бойлары өсіп, ересек адамдар болғанын байқады. Гүл жарған райхан бұталары су ағардан терезеге үңіле қарайды, сол жерде балалардың орындықтары да тұр. Кай мен Герда орындықтарына отырды да, бір-бірінің қолдарынан ұстады. Сол сәтте-ақ Қар ханымның сұп-суық, қаңыраған салтанатты сарайы көрген түстей ұмытылды. Әжей күннің көзінде, інжілді дауыстай оқып отыр: «Егер, сәбидей пәк болмасаңдар, жұмаққа кірмейсіңдер!»

Кай мен Герда бір-біріне қарады. Олар:

Райхандар гүлдеді... Тамаша, тамаша!

Ұзамай көрінер бал-бөбек Айса да,

деген ескі аяттың мәнін тек енді ғана түсінгендей еді.

Осылай олар қатар отырды, есейіп өсіп жеткендерімен де жүректері мен жан дүниелері баяғы бала қалпынан өзгермеген еді, ал далада жанға жайлы жайсаң жаз тұрды.

Аударған Е. Мырзахметов

Суретші Кристиан Бирмингем


You Might Also Like

Новости

Реклама