Последнее обновление

(Время обновление 2 часа назад)
Қарабалиндер ісіндегі жаңалық: Табылған екінші кілт жұмбақты тереңдете түсті

Атырау облысындағы Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты іс бойынша сотта марқұм Мақсот Қарабалиннің жиені Фаризат Кенжеғалиева жауап берді. Ол тергеу кезінде анықталмаған, өзінде күмән тудырған бірнеше жайтты сотқа жеткізді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Үйге екінші кілттің пайда болуы

Фаризат Кенжеғалиеваның айтуынша, тергеу аяқталған соң марқұмдардың үйінің кілті өзіне берілген. Ол үйге күнделікті барып, жағдайын бақылап отырған. Алайда бір күні үйден бұрын-соңды кездеспеген екінші кілттің табылуы оның күдігін күшейтіп, істің мән-жайын тереңірек зерттеуге итермелеген.

«Тергеу аяқталған соң кілтті маған тапсырды. Мен күн сайын сол үйге барып жүрдім. Бір күні түстен кейін екінші кілт пайда болды. Оны кім әкелді? Бұрын ондай кілт мүлде болмаған. Барлығы бір ғана кілтпен кіріп-шығатын. Полицейлердің өзі алғашында үйге есікті бұзып кіріп, кілтті ішінен тапқан еді», – деді куәгер сотта.

Қонақ күтуге дайындық белгілері

Куәгердің сөзінше, қайғылы жағдай болған үйде қонақ күтуге дайындық жүргізілгендей әсер қалдырған. Себебі марқұм Наурыз Мұқанғалиев туыстарына күйеубаласының отбасымен бірге қонаққа келетінін хабарлаған.

«Ағам мал сойып, ет дайындап қойған. Қонақ күтуге қамданған. Осындай жағдайға қалай барғанын әлі күнге дейін түсіне алмаймын», – деді ол.

Үйдің тазалығы мен реттілігі

Фаризат Кенжеғалиеваның айтуынша, отбасы жоғалғаннан кейін үйдің іші ерекше тазалығымен көзге түскен.

«Үйге кіргенде бәрі рет-ретімен тұрғанын көрдік. Үй иелері аз ғана уақытқа шығып кеткендей әсер қалдырды. Барлық ыдыс жуылған, үй жиналған. Сойылған еттің бір бөлігі тоңазытқышқа салынып қойылған», – деді Фаризат Кенжеғалиева.

Телефон арқылы алдау әрекеті

Сонымен қатар, куәгер Сұлтан Сәрсемәлиевтің марқұм Наурыздың телефонын пайдаланып, туыстарымен хат-хабар алмасқан болуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, бұл әрекет арқылы жақындарының күдігін сейілтіп, оларды адастыруға тырысқан.

«Мен алғашқы күннен бастап ағамның үйінде болдым. Ағам мен жеңгемнің мәйіті табылған кезде де сол жерде жүрдім», – деді куәгер.

Новости

Реклама