Последнее обновление

(Время обновление 0 минуты назад)
Қарағандылық оқушы қыз биологиядан халықаралық олимпиадада қола жүлдегер атанды

Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Евгения Меженина биологиядан өткен Open International Biology Olympiad (OIBO-2026) халықаралық олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Олимпиада Ресейдегі «Сириус» федералды аумағында өтті. Оған Қазақстан, Түркия, Оңтүстік Африка, Таиланд сынды 17 елден 100-ден астам үздік жас биолог қатысты. OIBO биологиядан ең күрделі халықаралық олимпиадалардың бірі саналады. Онда қатысушылар теориялық білімін ғана емес, тәжірибелік зерттеу дағдыларын да көрсете білуі тиіс.

Олимпиадаға дайындық

Евгенияның ғылыми жетекшісі, биология пәні мұғалімі Қарлығаш Жолдыбаеваның айтуынша, олимпиадаға дайындық бірнеше жылға созылған. Сабақтан тыс уақытта күрделі тақырыптарды талдау, олимпиадалық есептерді шешу және қосымша әдебиеттерді оқумен айналысқан. Дайындық барысында зоология мен ботаникадан бастап, биоинформатика мен статистикаға дейінгі биологияның барлық бағыттары қамтылған.

«Олимпиада тек мектептегі биология білімін ғана емес, сонымен қатар химия, физика, математика және информатика пәндерінен де жақсы дайындықты талап етті. Әсіресе, логикалық ойлау мен білімді практикада қолдана білу маңызды болды», - дейді мұғалім.

Күрделі тапсырмалар

OIBO-2026 бағдарламасы теориялық турларды, күрделі зертханалық жұмыстарды және командалық зерттеу жобасын қамтыды. Тәжірибелік кезеңде қатысушылар нағыз зерттеушінің дағдыларын көрсетуі керек болды. Ең қиын тапсырмалардың бірі – үш миллиметрден аз болатын шыбын личинкасын микроскоп арқылы зерттеу болды.

Жобалық турда қатысушылар халықаралық командаларға бөлініп жұмыс істеді. Қазақстан құрамасы Қара теңіздің зоопланктон биоәртүрлілігін зерттеді. Оқушылар жағалаудағы су сынамаларын жинап, судың ластануын көрсететін микроорганизмдердің түрлерін анықтады.

Болашаққа жол

Евгения Меженинаның айтуынша, олимпиада тапсырмалары нақты ғылыми жұмыстарға жақын және зерттеу нәтижелері практикалық маңызға ие болуы мүмкін. Бұл оның алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін ол республикалық олимпиада мен Қазақстан Білім Олимпиадасының (ҚБО) жеңімпазы атанған. OIBO-2026 қола медалі – биологиядан әлемдегі ең беделді жарыс болып саналатын International Biology Olympiad (IBO) халықаралық олимпиадасына дайындықтағы маңызды қадам болды.

«Бұл медаль – IBO жолындағы маңызды қадам. Халықаралық жеңістер үздік университеттерге түсуден бастап, әлемдік ғылыми бағдарламаларға қатысуға дейінгі үлкен мүмкіндіктер береді», - деп атап өтті Қарлығаш Жолдыбаева.

Новости

Реклама