Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Қазақстан жаңа мұнай-газ аймақтарын зерттейді

Қазақстан ендігіде аз зерттелген, бірақ мұнай мен газ қорына бай шөгінді бассейндерді барлауға кіріседі. Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

Бұл жұмыстар еліміздің оңтүстік-шығыс және солтүстік аймақтарын қамтиды. Министрдің айтуынша, Шу-Сарысу және Солтүстік Торғай ойыстары бойынша сейсмобарлау жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл зерттеулердің нәтижелері тереңдетілген іздеу және барлау жұмыстарын бастауға негіз болады деп күтілуде.

Шу-Сарысу және Солтүстік Торғай ойыстары

Шу-Сарысу бассейні – Қазақстанның оңтүстік-шығысы мен орталығындағы ірі шөгінді және су шаруашылығы аймағы. Бұл аймақ мұнай мен газға бай, сондай-ақ мыс кендері мен жер асты суларының ең ірі артезиан бассейні ретінде белгілі.

Ал Солтүстік Торғай ойысы – Қостанай облысының солтүстігіндегі перспективалы, бірақ әлі толық зерттелмеген мұнайлы-газды аймақ.

Қазақстандағы кен орындары

Қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 10 мың кен орны есепке алынған. Оның ішінде 1 мыңнан астам қатты пайдалы қазбалар, 359 көмірсутек кен орны, 3700-ден астам кең таралған пайдалы қазбалар және 4900-ге жуық жер асты суларының көздері бар.

Бүгінде Қазақстанда мұнай негізінен батыс өңірлерінде өндіріледі. Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары – негізгі мұнай өндіруші аймақтар болып саналады.

Бұған дейін үкімет 2025 жылы кешенді геологиялық барлау жұмыстарына 40,7 миллиард теңге бөлінгенін хабарлаған болатын. Шу-Сарысу және Солтүстік Торғай ойыстарындағы геологиялық зерттеулердің қазіргі деңгейі мұнай мен газдың нақты бағалануына жеткіліксіз болғандықтан, бұл аймақтарда 6 сейсмобарлау жобасы жүзеге асырылуда.

Ақпарат көзі: Infohub.kz

Новости

Реклама