Последнее обновление

(Время обновление 2 месяца назад)
«Қазақстан сені ешқашан ұмытпайды»: Тоқтар Әубәкіров Талғат Мұсабаевпен қоштасты

2025 жылғы 3 тамызда дүниеден озған ғарышкер Талғат Мұсабаевпен қоштасу рәсімінде сөз сөйлеген Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров досы, әріптесі туралы тебіреніспен айтты:

 «Қай жерде жүрсек те, қай ғарыш айлағынан ұшсақ та, қайда кетсек те, біз әрқашан өз кәсібімізге, ғарышқа адал болдық. Өйткені ғарыш бізді біріктірді. Талғат Амангелдіұлы, сен Қазақстан үшін көп іс тындырдың. Сен нағыз патриот едің. Мұны мен де, бүкіл халық та көріп, куә болды. Сен бәрін таза жүрекпен, адал ниетпен жасадың. Ең маңыздысы — сенде әрдайым өзгелерде кездеспейтін идеялар болды. Сол идеяларды іске асыра алдың. Саған соңғы рет қош айтып, отбасыңа, халқыңа мына нәрсені жеткізгім келеді: Қазақстан сені ешқашан ұмытпайды. Сенің атың ел тарихында мәңгілікке жазылды. Жатқан жерің жайлы болсын, қымбатты дос!»

Ғарыш әлемінде қазақ елінің атын үш мәрте танытқан, ғылым мен ел дамуына ерекше үлес қосқан Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 74 жасында өмірден озды. Ол — тек ғарышкер емес, ұлттық мақтаныш, ғылым мен мемлекетке қалтқысыз қызмет еткен алып тұлға.

1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Фабричный ауылында дүниеге келген Мұсабаев еңбек жолын авиация саласында инженер болып бастады. Кейін Ан-2, Ту-134 ұшақтарының ұшқышы, командирі болды. 1970–1980 жылдары комсомол, саяси-тәрбие жұмыстарында да белсенділік танытты.

1991 жылы Талғат Мұсабаев ғарышкерлікке қабылданып, аз уақыт ішінде үздік сынақшы-ғарышкер ретінде танылды. Ол үш мәрте ғарышқа ұшып, Жер орбитасында жалпы 341 тәулік өткізді. 1998 жылғы «Мир» станциясындағы халықаралық миссия кезінде «Знамя Мира» туын ғарышқа алып шығып, оны Нұрсұлтан Назарбаевқа салтанатты түрде табыстады.

Ол Мәскеу авиация институтында ғылыми дәрежелерін қорғап, зымыран және ғарыштық техникалардың сенімділігін зерттеді. 2007–2016 жылдары Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігін басқарып, «KazSat» жобалары мен ғарыш инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосты.


Мұсабаев — Ресей Федерациясының Батыры (1994), Қазақстанның Халық Қаһарманы (1995), авиация генерал-лейтенанты, спорт шебері, ғылым докторы. Ел тәуелсіздігі жолындағы оның ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.

You Might Also Like

Новости

Реклама