Последнее обновление

(Время обновление 1 день назад)
Қазақстанда алғаш рет курьерлердің құқықтарын қорғау үшін Одақ құрылды

Алматыда QYZMET атты Курьерлер Одағы құрылды

Қазақстанда алғаш рет курьерлердің мүдделерін қорғауға бағытталған қоғамдық ұйым — QYZMET курьерлер одағы құрылды. Бұл бастама 2025 жылдың мамыр айында жүзеге асты. Одақтың негізін қалаушысы — профессор, ғылым докторы Алмас Мұхаметов, ал ұйым төрағасы болып Ринат Шаяхметов тағайындалды.


Курьерлердің құқықтары мен қауіпсіздігі күн тәртібінде

Алмас Мұхаметовтің айтуынша, курьерлер ұзақ уақыт бойы әлеуметтік және еңбек құқықтарынан тыс қалып келеді. Олар күніне 10–12 сағат жұмыс істейді, демалыссыз, медициналық сақтандырусыз және еңбек шартысыз. Платформалармен жұмыс істеу кезінде олар 40%-ға дейінгі комиссия төлейді, ал кейде аккаунттары себепсіз бұғатталады.

Сондай-ақ, курьерлердің демалатын аймақтары жоқ, санитарлық жағдайлар жасалмаған, платформа иелерімен және мемлекетпен байланыс әлсіз.


QYZMET одағы қандай мәселелерді шешуді көздейді?

Курьерлер одағы келесі бағыттарда жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр:

  1. 24/7 қолдау қызметін іске қосу – заңгер, психолог және кеңесші мамандар қолжетімді болады.

  2. "Алматы курьер картасын" жасау – демалыс орындары, қауіпті аймақтар мен санитарлық нүктелер көрсетіледі.

  3. Оқу платформасын іске қосу – жол жүру ережелері, өзін-өзі жұмыспен қамту, құқықтық сауаттылық.

  4. Агрегаторлармен тарифтерді ашық ету жөнінде келіссөздер жүргізу.

  5. Курьер еңбегін заңмен мойындату және қорғау үшін заң жобаларын ұсыну.


"Курьер – бұл уақытша жұмыс емес, бұл мамандық"

Қазіргі таңда Алматыда 20 мыңнан астам курьер жұмыс істейді. Ал бүкіл ел бойынша олардың саны 500 мыңға жуық, деп хабарлайды ҚР Еңбек министрлігіне сілтеме жасаған БАҚ.

Алмас Мұхаметовтің пікірінше, курьерлер — қазіргі заманғы экономиканың көрінбейтін қозғаушы күші. Оларды "қосымша қызмет" ретінде емес, қоғамның толыққанды мүшесі ретінде тану қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұдайы азаматтық қоғам мен еңбек әділеттілігі мәселелерін көтеріп келеді. Бұл бағыттағы бастамалар да мемлекет саясатына сай келеді.


Курьерлердің шынайы дауысы: Съезде айтылған оқиғалар

2025 жылдың 25 мамырында Алматыда QYZMET одағының алғашқы құрылтай съезі өтті. Шараға 150-ден астам адам қатысты: курьерлер, заңгерлер, сарапшылар.

Курьер Ерназар (Шымкент):

«Банкке құжат апарып бара жатқанда сүрініп, аяғымды сындырып алдым. Ешкім көмектеспеді. Сақтандыру да, кешірім де болмады. Бірақ мен сынып қалған жоқпын. Енді бізде Одақ бар. Біз жалғыз емеспіз.»

Шыңғыс (Алматы):

«Мен дәрігермін. Бірақ курьер болып жұмыс істеуге мәжбүр болдым. Қазір Одақтың арқасында бізді көреді. Еңбегіміз еленіп келеді.»

Бекарыс (Алматы):

«Кореяда еңбекке құрметпен қарайды. Біз де сондай құрметке лайықпыз. QYZMET – бұл біздің даусымыз.»


Курьерлерге көмек қалай көрсетіледі?

QYZMET курьерлер одағы әзірге өз қызметтерін тегін көрсетіп отыр. Алты айдан кейін мүшелік жарна — айына 1000 теңге болмақ. Байланыс үшін:

📱 Instagram: @qyzmet_kz1
🎥 TikTok: @qyzmet_kz
💬 Telegram: t.me/qyzmetkz
📞 Телефон: +7 771 975 15 10
📧 Email: qyzmet.kz11@gmail.com

You Might Also Like

Новости

Реклама