Последнее обновление

(Время обновление 6 месяцев назад)
Қазақстанда мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсетудің ауқымды шаралары іске асырылып жатыр

Қазақстанда 737 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сапасын жақсарту мен әлеуметтік қолдау көрсету – мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі саналады. Бұл салада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (ЕХӘҚМ) белсенді жұмыс жүргізуде.

Бүгінгі күні мүгедектігі бар адамдардың ішінде 415,9 мыңы еңбекке қабілетті жастағылар (56,4%), 206,8 мыңы зейнет жасындағы азаматтар (28,0%), ал 114,7 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар (15,6%) құрайды.

Елімізде мүгедектігі бар жандарды қолдау үшін кешенді әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасқан. Бұл жүйе жәрдемақылар, оңалту шаралары мен арнайы әлеуметтік қызметтерді қамтиды. Мемлекеттік бюджет есебінен протездік-ортопедиялық көмек, тифло-сурдотехникалық құралдар, кресло-арбалар, санаторий-курорттық ем, жеке көмекшілер мен ымдау тілі мамандарының қызметтері ұсынылады.

Мемлекет барлық аймақтарда мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз орта құруды жүйелі түрде жүзеге асырып жатыр. Сонымен бірге, Еңбекминінің жанынан құрылған үйлестіру кеңесі ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың мәселелерін шешу үшін жұмыс істейді.

2023 жылғы 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодекс аясында мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары айтарлықтай кеңейтілді. 2024 жылы Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясын жүзеге асыру бойынша алғашқы ұлттық баяндамасын сәтті қорғады. Комитет еліміздің қадамдарын оң бағалап, маңызды ұсынымдар берді.

2024 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025–2030 жылдарға арналған Инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданды. Ол ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Бүгінгі таңда 541,1 мың азамат мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алады. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында бұл мақсатқа 126 млрд теңге бөлінді. Орташа жәрдемақы көлемі 78 763 теңгені құрады. Бұған қоса, еңбекке қабілеттілігінен айырылған азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қосымша төлемдер жүргізіледі.

Мүгедектігі бар адамдар үшін 2020 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Әлеуметтік қызметтер порталы үлкен жеңілдік әкелді. Жыл басынан бері портал арқылы 211,6 мыңнан астам тапсырыс орындалды. Сонымен қатар, өнім мен қызмет сапасын арттыру үшін бірқатар жаңашылдықтар енгізілді.

Мүгедектікті рәсімдеу процесінің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында сырттай проактивті медициналық-әлеуметтік сараптама жобасы іске асырылып жатыр. 2025 жылғы 1 сәуірге дейін 24,5 мыңнан астам өтінім қаралды.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер де дамып келеді. 2025 жылдан бастап бұл қызметтер лицензияланатын болады. Бүгінде 500-ден астам ұйымға лицензия берілді, бұл көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға септігін тигізеді.

 

You Might Also Like

Новости

Реклама