
- 10 июл. 2025 16:15
- 28
Қазақстандағы АҚШ елшілігіне жаңа кандидат: Джули Стаффт Сенат мақұлдауын күтуде
АҚШ Мемлекеттік департаменті Джули Стаффтың Қазақстандағы елші қызметіне ұсынылғанын хабарлады. Енді оның кандидатурасы АҚШ Сенатының қарауына жіберілді.
Дипломатиялық қызметте мол тәжірибесі бар Стаффт бұған дейін Джибути мен Молдовадағы АҚШ елшіліктерінде миссия басшысының орынбасары ретінде жұмыс істеген. Сондай-ақ ол Ұлттық қауіпсіздік кеңесінде, Польша, Ресей, Эфиопия елдеріндегі дипломатиялық миссияларда, Мемлекеттік департаменттің жедел әрекет ету орталығында және консулдық қызметтер басқармасында түрлі лауазымдар атқарған.
2025 жылдың 20 қаңтарында елшіліктің бұрынғы басшысы Дэниел Розенблюм өз өкілетін тоқтатты. Ол Қазақстандағы елші қызметін 2022 жылдың қарашасынан бастап атқарған болатын. Қазіргі уақытта АҚШ елшілігін уақытша сенімді өкіл — Дебби Робинсон басқарып отыр.