gov.kz
- 17 мар. 2026 11:01
- 21
Қазақстандағы ақылы жолдарда төлем жасау ережелері өзгерді
Қазақстанда ақылы тас жолдарда жүру ақысын төлеу тәртібіне қатысты жаңа ережелер бекітілді. Көлік министрлігі енгізген өзгерістер жүргізушілерге, әсіресе жеке тұлғаларға жеңілдіктер әкеледі.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жеке тұлғаларға жеңілдік
Енді көлік иелері ақылы жолмен жүргені үшін төлемді 30 күнтізбелік күн ішінде жасауға мүмкіндік алады. Бұрын бұл мерзім 7 күн болған. Егер жүргізуші белгіленген уақытта ақы төлемесе, 31-ші күні материалдар көлік бақылау органдарына жіберіледі.
Заңды тұлғаларға арналған жаңа талаптар
Алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін төлем ережелері бөлек қарастырылды. Компаниялар үшін төлем мерзімі есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін белгіленді. Бұл талапты орындамаған жағдайда, материалдар келесі күні көлік бақылау органдарына жіберіледі.
Ережелер қашан күшіне енеді?
Жаңа ережелер ақылы республикалық маңызы бар жолдарды пайдаланушылар үшін ыңғайлылықты арттыруға және айыппұл санын азайтуға бағытталған. Бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Айта кетейік, бұған дейін көлік министрі Нұрлан Сауранбаев биыл ақылы жолдардан 100 миллиард теңге жинау жоспарланғанын хабарлаған болатын. Өткен жылы бұл көрсеткіш 80 миллиард теңгені құраған.