tengrinews.kz
- 17 апр. 2026 23:01
- 28
Қазақстандағы ескі ЖЭО-ларды шағын АЭС алмастыруы мүмкін бе?
Қазақстандағы ескірген жылу электр орталықтарын (ЖЭО) шағын модульді атом реакторларымен (ШМР) алмастыру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл туралы Президент бекіткен Атом саласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясында айтылған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шағын АЭС-тің тиімділігі зерттеледі
Жаңа стратегия аясында ШМР-дың Қазақстанның әртүрлі аймақтарындағы қолданысқа жарамдылығы, олардың сенімділігі мен экономикалық тиімділігі техникалық-экономикалық талдау арқылы бағаланады.
Сонымен қатар, энергия тапшылығы бар немесе электр желісі инфрақұрылымы нашар дамыған аймақтарда ШМР-ды орналастыру орындары анықталып, ескі ЖЭО-ларды алмастыру мүмкіндігі қаралмақ.
Атом энергиясын дамытудың мақсаты
Атом саласын дамыту стратегиясы – бұл бейбіт мақсаттағы атом энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясаттың бағыттары мен мақсаттарын айқындайтын ұзақ мерзімді құжат. Оның негізгі міндеттері – энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономиканың тұрақты өсуіне ықпал ету, жоғары технологиялық өндірістерді дамыту және климаттық міндеттемелерді орындау.
Бұл стратегия бұған дейінгі шешімдерді жалғастырады. 2024 жылдың соңында өткен республикалық референдумда қазақстандықтар АЭС құрылысын қолдаған болатын. Жалпы стратегия бойынша, Қазақстанда энергетика, ғылым, технология, қауіпсіздік жүйелері, кадр даярлау және жұмыс орындарын құруды қамтитын ядролық кластер қалыптастыру көзделген.
Бұған дейін Қазақстанда екінші АЭС құрылысының орны нақтыланған еді. Бірінші АЭС сияқты, оны да Алматы облысының Жамбыл ауданында салатын болады.