Последнее обновление

(Время обновление 1 час назад)
Қазақстандық дәрігер Арктика аспанында жолаушыны өлімнен арашалады

9 наурызда Нью-Йорк – Ташкент бағытындағы рейсте бір жолаушы кенеттен есінен танып қалды. Борттағы жалғыз дәрігер, қазақстандық травматолог Ерсін Жүнісов жердегі әріптесімен байланысып, науқастың өмірі үшін 10 сағатқа жуық күресті.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Арктика аспанындағы төтенше жағдай

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, травматолог-ортопед Ерсін Жүнісов Америка ортопед-хирургтар академиясының (AAOS) конгресінен кейін Қазақстанға оралып бара жатқан. Ол Нью-Йорк – Ташкент, одан әрі Ташкент – Астана бағытымен ұшаққа мінген.

«Осы ұзақ ұшақ сапарын тыныш өткіземін деп ойладым. Бірақ бәрі басқаша болды», - деп еске алады ол.

Ұшақ ұшып шыққаннан кейін 2,5 сағаттан соң бортсерік дауыс зорайтқыш арқылы: «Жолаушылар арасында дәрігер бар ма?» деп сұрады. Бір жолаушының жағдайы нашарлап, тахикардия мен қан қысымының көтерілуі байқалған.

Борттағы 246 адамның ішінде жалғыз дәрігер Ерсін Жүнісов болып шықты.

«Жолаушының артериялық қысымы 150/100 мм сын. бағ., пульсі минутына 140 соққы, тыныс алу жиілігі бұзылған. Жағдайды қиындатқаны – науқас есін жоғалтқан, сұрақтарға жауап бере алмады. Ал бортсерік біз Солтүстік полюс арқылы ұшып бара жатқанымызды, жақын әуежайға дейін 3 сағаттан астам уақыт бар екенін хабарлады», - дейді Ерсін Жүнісов.

Экипаж ұсынған фонендоскоп арқылы жүрек соғысын тыңдаған дәрігер, жүректің тоқтап қалатын кездері барын байқаған. Бұл жүрек ырғағының бұзылуына меңзеп, кез келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін екенін көрсеткен.

«Ешкім жоқ екенін білгенде қатты қорықтым. Әдетте мұндай жағдайларда бірнеше маман көмекке келеді. Егер жүрек-өкпе реанимациясы қажет болса, не істейтінімді ойладым», - деп ағынан жарылды ол.

«Бірі аспанда, бірі жерде»: 10 сағаттық жедел көмек

Борттағы Wi-Fi арқылы дәрігер Астанадағы әріптесі, кардиоаритмолог Аян Абдрахмановпен байланысқа шыға алды.

«Біз бірге жұмыс істедік: бірі аспанда, бірі жерде. Аян Абдрахманов дереу ұшақта қандай дәрі-дәрмек бар екенін, науқастың жағдайы қандай екенін және менің қандай диагноз қойғанымды нақтылады», - дейді Ерсін Жүнісов.

Ұшақта тек механикалық тонометр, фонендоскоп, оттегі баллоны және «Папазол» препараты болған. Жолаушылардан «Валидол», «Каптоприл» және электронды тонометр табылыпты.

«Аян Абдрахманов науқас есінде болса, тыныс алуын барынша ұстап тұруды сұрауға болатынын айтты. Бұл кейде жүрек ырғағын қалыпқа келтіруге көмектеседі. Егер бұл көмектеспесе, құсу рефлексін шақыруға болады – бұл да жүрек ырғағына әсер етудің бір жолы», - деп бөлісті дәрігер.

Алайда, жолаушы әлсіз күйінде қалып, есінен танып қала берді. Бұл әдістердің ешқайсысы да көмектеспеді. Сондықтан Ерсін Жүнісов үнемі қан қысымын өлшеп, әр бес-жеті минут сайын пульсін тексеріп отырды.

«Науқасқа оттегі маскасын кигіздім. Шамамен 40-45 минуттан кейін ол біртіндеп есін жия бастады және сұрақтарға жауап бере алды. Біз аудармашылар арқылы сөйлестік: ол орысшаны, мен өзбекше білмедім. Жолаушылар арқылы ол өлуден қорқатынын және жүрегі «кеудесінен шығып кете жаздағанын» айтты.

Шамамен 1,5-2 сағаттан кейін қан қысымы да біртіндеп төмендей бастады, бірақ пульс жоғары күйінде қалды. Оттегі терапиясының арқасында ер адамның жағдайы жақсара бастады. Қонуға жақындағанда ол анық сөйлей алды, бірақ әлсіздігі басылмады.

Қорытынды және кеңестер

10 сағатқа жуық тығыз бақылаудан кейін жолаушының жағдайы тұрақталды. Ұшақ Ташкентке аман-есен қонды, ал ұшақ капитаны Ерсін Жүнісовке борттағы өмірді құтқарып қалғаны үшін жеке алғысын білдірді.

Дәрігердің өзі әріптестеріне жедел медицина дағдыларын үнемі жетілдіріп отыруға кеңес береді. Өзі травматолог болғандықтан, тәжірибесінде жол-көлік және өндірістік жарақаттардан, сондай-ақ авиациялық апаттардан кейінгі ауыр науқастармен жиі кездескен, сондықтан шұғыл көмек көрсету негіздерін жақсы біледі.

«Бірақ тәжірибем болса да, 246 жолаушының арасында, биік әуеде, медбикесіз және басқа дәрігерлерсіз жалғыз қалғанымда барлық жауапкершілікті сезіндім. Мұндай сәттерде сіздің борттағы жалғыз маман екеніңізді және барлығы сізге қарап тұрғанын айқын түсінесіз», - дейді профессор.

Жолаушыларға дәрігер ұшу алдында өз жағдайларына мұқият қарауға және ағзаның аспандағы жүктемені көтере алатынына күмән туындаса, тәуекелге бармауға кеңес береді.

Новости

Реклама