Казахстанскя федерация шахмат
- 22 апр. 2026 04:00
- 26
Қазақстандық жас шахматшылар әлемдік рекорд орнатты: 9 алтын, 21 медаль!
Сербияның Врнячка-Баня қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы рапид және блиц бойынша шахматтан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи рекорд орнатты. Қазақстандық шахматшылар жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленіп, 21 медальді жеңіп алды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Чемпионат 15-20 сәуір аралығында әртүрлі жас санатында өтті. Қазақстаннан барлығы тоғыз шахматшы алтын медальді қанжығалады. Бұл – ел тарихындағы ең үздік көрсеткіш.
Жас чемпиондар
Турнирдің алғашқы күндерінде, рапид сайыстары басталғанда, қазақстандық спортшылар алтыннан алқа таға бастады.
8 жасқа дейінгілер арасында шымкенттік Аслан Ендібаев Ресейдің басты қарсыласы Михаил Шишовты жеңіп, турнирде топ жарды.
10 жасқа дейінгі қыздар арасында Аделина Нұрханқызы 11 турдың 9-ында жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді. Ал 12 жасқа дейінгілер арасында Рамазан Төлеген, 18 жасқа дейінгілер арасында Алдияр Аңсат алтын медальді олжаласа, Алдиярдың финалындағы қарсыласы да қазақстандық Даниял Сәпенов болды.
16 жасқа дейінгілер арасында Елназ Қалиақметтің жеңісі көп күтілген еді. Ол турнирде 11 партияның 10-ын ұтып, алтын медальді иеленді. Елназ Қалиақмет Қазақстанның ересектер құрамасының мүшесі және өткен жылы Әлем кубогында Грузияның әлем чемпионы Нино Бациашвилиді жеңіп, үлкен жаңалық жаратқан болатын.
Блицтегі жеңістер
Блиц турнирінде де қазақстандықтар басымдық танытты. 8 жасқа дейінгі қыздар арасында Венера Жәкішева, 10 жасқа дейінгі қыздар арасында Әлиша Бисалиева, 14 жасқа дейінгі ашық категорияда Алдияр Жарас және 18 жасқа дейінгі қыздар арасында Зарина Нұрғалиева чемпион атанды.
Жалпы, рапид және блиц турнирлерінде Қазақстан құрамасы 9 алтын, 7 күміс және 4 қола медальді иеленді. Бұл – бұған дейінгі 2024 жылғы 16 медальді жаңартып, ең үздік нәтиже болып тіркелді.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың соңында қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева үшінші рет блиц бойынша әлем чемпионы атанып, шахматтағы ең басты турнирлердің бірі – претенденттер турниріне жолдама алған болатын. Онда ол үндістандық чемпионнан бір ұпай ғана қалып, екінші орынды иеленіп, 52 мың еуро табыс тапқан еді.