Tengrinews.kz / Турар Казангапов
- 19 мая 2026 22:31
- 21
Қазақстандық мемлекеттік қызметшілерге қатысты екі жаңа заңға Президент қол қойды
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерге қатысты екі маңызды заңға қол қойды. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап Infohub.kz хабарлайды.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарға қол қойды.
Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң не өзгертеді?
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңы мемлекеттік қызметке кіру және оны өту тәртібін жетілдіруді, персоналды басқарудың заманауи тетіктерін енгізуді және мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыруды көздейді. Заңда мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік кепілдіктерін күшейтуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған тәртіптік практиканы жетілдіруге, сондай-ақ мемлекеттік органдарда тиісті қызмет құруға ерекше назар аударылған.
Заң кадрларды іріктеу және бағалаудың цифрлық құралдарын енгізуді, тәлімгерлік институтын дамытуды, сондай-ақ мемлекеттік емес секторды қоса алғанда, білікті мамандарды тартудың қосымша тетіктерін қалыптастыруды қарастырады.
Өзге заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер
Мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң мемлекеттік қызметтің сервиспен және клиентке бағдарланғандық қағидаттарына негізделген моделіне көшуге, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қолдана отырып, мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге, сондай-ақ HR-процестерді цифрландыруға бағытталған. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ мемлекеттің функциялары мен міндеттерін іске асыруға жәрдемдесуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттеу.
Заңдардың мәтіндері баспасөз беттерінде жарияланады.