ашық дереккөз
- 09 мар. 2026 12:00
- 48
«Қазақстанға әскер жіберсек бақытты болам» деген Симоньян емнен кейін алғаш рет көрінді
Ресейлік белгілі тележүргізуші әрі RT арнасының бас редакторы Маргарита Симоньян ұзақ уақыт бойы емделіп, көпшілік көзінен тасада жүргеннен кейін алғаш рет жұрт алдына шықты. Бұған дейін ол өзінің сүт безі қатерлі ісігімен ауырғанын және ота жасалғанын ашық айтқан болатын.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Симоньян емдеу курсынан, соның ішінде химиотерапия мен сәулелік терапиядан өтіп, денсаулығының әлсіреуіне байланысты уақытша қоғамдық іс-шаралардан бас тартқан еді. Жақында ғана оның жағдайы жақсарып, туған қаласы Краснодарда «Құрметті тұрғын» атағымен марапатталды. Бұл оның емдеуден кейінгі алғашқы ресми шығуы болды. Көпшіліктің назарын аударған бір жайт – Симоньянның бұл жолы алғаш рет париксіз көрінуі.
Симоньянның Қазақстанға қатысты бұрынғы пікірлері
Маргарита Симоньянның емделуінен кейінгі жаңалықтармен қатар, оның бұған дейінгі Қазақстанға қатысты айтқан даулы сөздері де еске түсті. Бір сұхбатында ол Ресей әскерінің Украина мен Сириядағыдай, қажет болған жағдайда Қазақстандағы «бармалейлермен» күресуге дайын болуы керектігін айтқан.
«Егер біз Украина мен Сириядағыдай, қажет болған жағдайда Қазақстандағы қандай да бір “бармалейлермен” күресу мүмкіндігіне ие болсақ, мен өте бақытты болар едім», – деген пікірін ол Эмпатия Манучи бағдарламасына берген сұхбатында білдірген. Сарапшылар бұл сөз арқылы Симоньянның Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға келген ҰҚШҰ әскеріне және сол кезде «террорист» деп аталған топтарға меңзегенін жорамалдайды.