depositphotos.com
- 18 мар. 2026 18:31
- 29
«ҚазАвтоЖолдың» еншілес компаниясындағы ұрлық: бұрынғы филиал басшысы сотталды
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының еншілес мекемесінде ірі көлемде қаржы жымқырылғаны анықталды. Сот бұрынғы басшыны кінәлі деп танып, жаза кесті.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жұмыс істемегендерге жалақы төленген
Мәселен, 2024 жылы Шығыс Қазақстан филиалындағы «ҚазАвтоЖолСервис» ЖШС-не ешқандай жұмыс атқармаған адамдар жұмысқа тұрғызылған. Алайда, оларға ай сайын жалақы есептеліп, ақша заңсыз түрде қолды болған.
Қызметтік тексеруден кейін бұл деректер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды. Тергеу барысында бұл іске филиалдың бұрынғы директорының қатысы бар екені анықталды.
Сот үкімі
Іс сотқа жіберілгеннен кейін, 2025 жылдың желтоқсанында Өскемен қаласындағы сот бұрынғы директорды кінәлі деп танып, 2 жыл 9 айға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды. Алайда, кейіннен прокуратураның наразылық хаты бойынша жаза 3 жыл 6 айға дейін қатайтылды.
Одан бөлек, келтірілген 6,7 миллион теңге шығын өндірілді. Компания мәліметінше, ақша толық көлемде қайтарылған.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы сыбайлас жемқорлыққа «мүлдем төзбеушілік» саясатын ұстанатынын және ішкі бақылауды күшейтетінін хабарлады.