depositphotos.com
- 13 февр. 2026 16:00
- 25
Қостанай облысында мұнай іздеу жұмыстары басталады
Қазақстанның тағы бір өңірінде, атап айтқанда Қостанай облысында мұнай іздеу жұмыстары қолға алынады. Бұл туралы Индустрия және құрылыс министрлігі Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев мәлімдеді.
Журналистердің брифингте қойған сұрағына жауап берген Қанат Ерубаев: «Джангелді ауданында мұнай табылғаны туралы әңгімелер болды. Оны әлі өндіруге ерте ме?» деген сауалға, мұнайды табу үшін «перспективалы тұзақтарды» анықтау қажеттігін айтты.
«Бұл – күрделі жұмыс, бірақ оны жүргізу керек. Бізде Солтүстік Торғай шөгінді бассейні өте үлкен. Сонымен қатар, солтүстік елдерде мұнай мен газ өндіріледі. Бізде де сондай нысандарды табуға жағдай жеткілікті. Сондықтан біз Қостанай облысы аумағында сейсмобарлау жұмыстарын жоспарладық», - деп қосты ол.
Комитет басшысының міндетін атқарушының айтуынша, жұмыстар 2026 жылы басталып, үш жылға созылады.
Айта кетейік, Қазақстанда мұнай негізінен елдің батыс бөлігінде өндіріледі. Мұнда ірі кен орындары мен негізгі инфрақұрылым шоғырланған. Негізгі мұнай өндіретін өңірлер – Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары. Қызылорда облысында да шағын көлемде өндіріс бар.
Естеріңізге сала кетейік, жақында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай саласындағы күрделі жағдайды атап өткен болатын. Оның айтуынша, Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндірілсе, оның тек 18 миллион тоннасы ғана елімізде қайта өңделеді. Жанар-жағармайға сұраныстың артуына байланысты Президент үкіметке жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды жеделдетіп, жаңа зауыт құрылысы бойынша шешім қабылдауды тапсырды.