видеодан скрин
- 09 мар. 2026 17:30
- 47
Референдум қарсаңындағы жалған ақпарат: Қазақстандықтарға ескерту жасалды
Референдум қарсаңында әлеуметтік желілерде сайлау жәшіктеріне бюллетеньдерді жаппай тастау туралы жалған бейнероликтер таралуда. Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұл видеоларға қатысты түсініктеме берді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жүргізілген талдау нәтижесінде мұндай бейнежазбалардың басым бөлігі басқа елдерде және әртүрлі уақытта түсірілгені анықталды. Кейбір видеолар нақты шығу тегі мен мән-жайы көрсетілмей, қойылымдық немесе өңделген болып шықты.
«Жоғалып кететін сия» бейнеленген ролик
Мысалы, «жоғалып кететін сия» туралы бейне алғаш рет 2019 жылы интернетте пайда болған. Бұл материал бұған дейін Ресей, Украина және Қырғызстан елдерінде бірнеше рет жарияланып, кеңінен таралған болатын.
«Ал өзге материалдардың бір бөлігі – осыдан 10-15 жыл бұрын және одан да ерте уақытта жарияланған бейнежазбалар. Орталық барлық онлайн-платформаларда олардың нұсқаларын есепке алғанда, 32 бірегей бейнежазбаны анықтады», - делінген хабарламада.
Ақпараттық арандатушылықтың мақсаты
Орталықтың мәліметінше, мұндай материалдарды пайдалану – ақпараттық арандатушылық технологияларының бірі. Мақсат – дауыс беру процедуралары туралы бұрмаланған түсінік қалыптастыру арқылы референдум қарсаңында қоғамдағы сенім деңгейіне нұқсан келтіру.
Референдум күні жақындаған сайын манипуляциялық контенттің анағұрлым күрделі түрлері, соның ішінде шынайы оқиғаларды немесе лауазымды тұлғалардың мәлімдемелерін имитациялайтын дипфейк-бейнелер пайда болуы мүмкін деп болжануда.
Орталық азаматтарды мұндай жарияланымдарға сыни тұрғыдан қарауға, ақпарат көздерін мұқият тексеруге және расталмаған материалдарды таратпауға шақырады.