tengrinews.kz
- 09 июн. 2026 03:00
- 27
Сатпаев тұрғыны 1,5 миллион теңгеге жүргізуші куәлігін сатпақ болған
Сатпаев қаласының тұрғыны жүргізуші куәлігін дайындап беруге көмектесемін деп, азаматтарды алдап ақшасын алып отырған. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап Tengri Auto хабарлады.
Қандай жағдай болды
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті әлеуметтік желілер арқылы жүргізуші куәлігін алуға көмектесуді ұсынған. Ақысын алған соң, жәбірленушілермен байланысын үзіп тастаған.
Полицияның хабарлауынша, ол жүргізуші куәлігін дайындап беру үшін 300 мың теңгеден 1,5 миллион теңгеге дейін ақша алған. Қазіргі уақытта шамамен 20 жәбірленуші анықталды.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция жүргізуші куәлігін тек заңды жолмен ғана алуға болатынын еске салды: автомектепте оқу, емтихан тапсыру және ХҚКО-дан құжаттарды ресімдеу қажет.
Заңсыз жолдар
Оқусыз және емтихансыз жүргізуші куәлігін алудың басқа да нұсқалары заңсыз болып табылады және алаяқтық схемалармен байланысты болуы мүмкін.
Бұл – қазақстандықтардың жүргізуші куәлігін сатып алып, ақшасынан айырылған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін үш адам алаяққа 770 мың теңге беріп, жоқ нәрсеге ақшасын жоғалтқаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында да осындай жағдай болған. Такси жүргізушісі 100-200 мың теңгеге жүргізуші куәлігін жасап беремін деп, 4 жәбірленушіден 450 мың теңгеден астам ақша алған.