Последнее обновление

(Время обновление 5 месяцев назад)
Шымкентте мүгедектігі бар азаматтар үшін 967 нысан бейімделді

Шымкент қаласында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында 967 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді. Бұл көрсеткіш 2024 жылға жоспарланған 491 нысаннан әлдеқайда жоғары, яғни жоспар артығымен орындалды.

Елімізде инклюзивті саясат қалай іске асуда?

Қазіргі уақытта Қазақстанда 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Президент тапсырмасына сай «Халықпен бірге» жобасы жүзеге асырылуда.

«Amanat» партиясының жол картасына сәйкес, интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды кезең-кезеңімен бейімдеу көзделген. Жоспарға сай, жыл сайын осындай нысандардың 20%-ы бейімделуі тиіс. 2023 жылы – 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100% көрсеткішке жету жоспарланған. Бүгінде республика бойынша 22 980 нысан толықтай бейімделді.

Шымкент қаласында қандай нысандар бейімделді?

Өңірдегі 967 нысан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттары үшін қолжетімді. Оның ішінде:

  • Денсаулық сақтау нысандары – 138;
  • Білім беру мекемелері – 429;
  • Мәдениет нысандары – 33;
  • Сауда және қызмет көрсету орындары – 195;
  • Мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 55;
  • Спорт нысандары – 9;
  • Әлеуметтік қорғау нысандары – 9;
  • Өзге де нысандар – 99.

Бірінші топтағы мүгедектігі бар азамат, Шымкент тұрғыны Төленді Атахаев қалада инклюзивті орта қалыптасып келе жатқанын атап өтті:
"Мүгедектігі бар азаматтардың еркін қозғалысына жағдай жасалған. Әсіресе, медициналық мекемелер мен банк бөлімшелерінде ыңғайлы жағдайлар бар. Мысалы, Байтұрсынов көшесіндегі «Жүрек орталығы» ғимаратында пандустар, тактильді жолақтар, мнемосхемалар және тегіс жолдар қарастырылған."

Мемлекеттік бақылау және тексерулер

2024 жылы Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті 338 тексеру жүргізді. Оның ішінде:

  • 25 – профилактикалық бақылау;
  • 55 – жоспардан тыс тексеру;
  • 258 – прокуратура органдарының талабы бойынша.

Нәтижесінде, 61 нысанға бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді, 11,2 млн теңгеден астам сомаға 35 әкімшілік айыппұл салынды. Алғаш рет анықталған бұзушылықтар үшін нысан иелеріне тек нұсқама беріледі, егер олар белгіленген мерзімде орындалмаса, айыппұл салынады.

 

 

You Might Also Like

Новости

Реклама