Последнее обновление

(Время обновление 2 часа назад)
Сиыр етінің бағасы құлдырады: 1 келісі 1000 теңгеден арзан сатылуда

Қазақстандық сиыр етінің бағасы тарихи антирекорд орнатып, бір келісінің құны 1 мың теңгеден де төмен түсті. Алайда, бұл арзан баға қарапайым халыққа қолжетімді емес, тек шетелге сатылатын экспорттық өнімге қатысты болып шықты. Ресми статистика мен нарықтағы шындық арасындағы алшақтық мәселенің мәнісін ашуды талап етеді.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Статистика мен шындық арасындағы алшақтық

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан 100 759 тонна ет экспорттап, 265 миллион доллар табыс тапқан. Алайда, экспорттың басым бөлігін қой еті құраған. Қой етінің 34 557 тоннасы 81 млн долларға, яғни 1 келісі 1200 теңгеге сатылған. Сиыр еті экспорты 32 290 тоннаны құрап, 127 млн долларға жуық табыс әкелген. Бұл ретте сиыр етінің 1 келісінің орташа экспорттық бағасы шамамен 3,95 доллар немесе 2000 теңге болған.

Қызық, Қазақстан сыртқа ет сатқанымен, одан да көп мөлшерде, яғни 164 мың тонна етті 295 миллион долларға импорттайды. Бұл жағдай елдегі ет тапшылығын немесе экономикалық сауатсыздықты меңзейді.

Сиыр етінің экспорттағы «сырлы» бағасы

Ең қызығы, қазақстандық сиыр еті шетелге 1 келісі үшін 2000 теңгеге жуық бағамен сатылса, отандық дүкендерде оның бағасы 6000 теңгеге дейін жетеді. Сарапшылар мұны экспорттағы «сұр схемалармен» байланыстырады. Олардың пікірінше, кейбір экспорттаушылар салықтан жалтармақ үшін етті қағаз жүзінде өте арзан бағамен (1 келісі 2 долларға жуық) көрсетіп, қалған соманы қолма-қол немесе криптовалюта арқылы алады.

Бұл схемадан мемлекет салықтан қағылса, адал бизнес иелері бәсекеге қабілетсіз болады. Өйткені шетелдік сатып алушылар арзан бағамен келетін «сұр» жеткізушілерді алға тартып, өнімге әділ баға төлеуден бас тартады.

Түркия нарығының мүмкіндігі

Қазақстандық сиыр етіне Түркия нарығында жоғары сұраныс бар. Түркияда еттің 1 келісі 7000 теңгеге жуық, яғни 12-14 долларға бағаланады. Бұл қазақстандық өндірушілер үшін үлкен мүмкіндік. Алайда, бұған дейін ет экспортына қойылған квоталар мен шектеулер дамуға кедергі келтірген.

Жақында қабылданған 2030 жылға дейінгі Кешенді жоспар мен экспорттық квота алу талаптарының жұмсартылуы кішігірім фермерлерге де әлемдік нарыққа шығуға жол ашады деп күтілуде. Дегенмен, мемлекет ішкі сұранысты қамтамасыз ету және аналық мал басын сақтап қалу үшін экспортқа қойылған тыйымдарды сақтап отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына сиыр еті экспортына 20 мың тонна квота бекітілген.

Сарапшылар бұл жағдайды реттеу үшін экспорттық мәмілелерге мұқият аудит жүргізіп, нақты нарықтық бағаны негізге алып, салықты соған сәйкес есептеуді ұсынады. Мұндай шаралар «сұр схемалармен» күресіп, отандық саланың дамуына жол ашады.

Новости

Реклама