depositphotos.com
- 18 февр. 2026 13:30
- 25
Соттағы дау: Ғалымды күнбағыс гибридінің патентінен шығармақ болған әрекет тоқтатылды
Шығыс Қазақстан облысындағы сот ғалымды күнбағыс гибридіне берілген патенттің авторлары қатарынан шығару туралы талапты қанағаттандырмады. Сот, ғалымның селекциялық жұмыстағы үлесін шығармашылық және ғылыми-зерттеу қызмет ретінде танып, оның патенттегі авторлық құқығын қорғап қалды.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Патенттің өзі бір серіктестікке берілгенімен, құжатта гибридті ғылыми қызметкерлер ұжымы жасағаны көрсетілген. Кейіннен, патент иесі сотқа жүгініп, бір авторды тізімнен шығаруды талап еткен. Себебі ретінде, аталған қызметкердің тек лауазымдық міндеттері аясында техникалық жұмыстар атқарғанын, гибридті жасауға автор ретінде қатыспағанын алға тартқан.
Соттың шешімі
Істі қарау барысында Глубоков аудандық соты тиісті лауазымдық нұсқаулықтарды, ғылыми хаттамаларды, зерттеу есептерін зерделеп, куәгерлерді тыңдады. Сондай-ақ, өсімдік шаруашылығы саласындағы мамандардың қорытындылары да ескерілді.
Сот материалдарында көрсетілгендей, селекциялық процесс – бұл бастапқы және ата-аналық желілермен жұмыс істеуді, будандастыру комбинацияларын әзірлеуді, сынақтар жүргізуді және нәтижелерді талдауды қамтитын үздіксіз ғылыми-зерттеу қызмет болып табылады.
Сот ғалымның арнайы білімі бар екенін, селекция саласында ұзақ жылдық тәжірибесі бар екенін және аға ғылыми қызметкер лауазымын қоса атқарғанын анықтады. Оның патент авторларының қатарына енгізілуі бұған дейін ғылыми органның шешімімен, қатысу үлесі белгіленіп ресімделген.
«Жауапкердің селекциялық процеске қатысуы ғылыми-зерттеу және шығармашылық сипатта болды, сондықтан оны патент авторларының қатарынан шығаруға негіз жоқ», - делінген сот шешімінде.
Сот шешімі заңды күшіне енді. Талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылды. Апелляциялық саты – Шығыс Қазақстан облыстық соты – бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды.