Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Тәрбие бастауы - тал бесікте

Кіріспе

Зерттеу жұмыстарының теориялық негіздері

Бесік — нәрестені бөлеуге арналған ағаш төсек. Бесік - сан ғасырлар бойы ұлттың ұясы, қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар көзі, бабамыздан қалған киелі мүлік, қой үстінен бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршіліктің белгісі іспетті. Бесікті қатты қадірлейтіндігі соншалықты, қазақ атасы жатқан бесікке бала, немер, шөбере, шөпшек, тіпті туажатына дейін бөлейді.

Бесік тек қана қазаққа тән емес, ол Орталық Азия, Қапқаз, Үндістан, Қытай жерін мекендеген көп халықтың ұл мен қызын ұйықтатып, оянғанда қолын шешіп ойнатып, анасының ақ сүтін беріп, тіл-көзден сақтайтын ағаш төсегі. Тек олардың әр халықта жасалу ерекшеліктері түрліше болып келеді. Бесік көшпелі өмір кешкен қазақ халқы арасына ертеден тараған. Қазақ бесікті қарағай, қайыңнан, көбіне талдан иіп жасайды. Мұндай бесік жеңіл, ықшам әрі берік, көшіп-қонуға ыңғайлы болады.  Қазақта бесік қасиетті, киелі құтты мүлік болып есептеледі.

Халқымыздың ұлттық дүниетанымы мен мағлұматының, нәрестенің жастайынан құлағына құйып өскен тағылымының бірден - бір айнасы есептелінетін жырларының бірі – бесік жыры. Сәби тәрбиесі мен мінез - құлқын қалыптастыруда бесік жырының орны мүлде бөлек.
Қазақтар жас сәбиді бесікке салуды қуаныш етіп, тойлап өткізген. Онда айтылатын өлеңдерден жас баланың дені сау, ер - азамат болып өсуін халықтың тілейтіндігі де көрініп отырады. Кейіннен, бесіктегі жас баласын тербете отырып, аяулы ана көңіліндегі ой - арманын, жақсы тілегін білдіреді. Мұны халық «Бесік жыры» деп атайды.

Бесік жыры — тұрмыс - салт жырларының көне түрінің бірі. Бұл – әлемдегі ең тәтті, ең жұмсақ, ең сүйікті әуен. Ұлы Абай: «Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар, Үннің тәтті оралған мәні оятар»,-дей келіп, «Жүрек тербеп оятар, басты, миды»,-деп, бесік жырының мәні мен маңызына көңіл бөлуді меңзейді .Әлемде бесік жырын айтпайтын халық жоқ десе де болады және бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Тіпті, кейбір елдерде ана өз баласына арнайы бесік жырын шығару керек, ал сәби оны өле - өлгенше жеке әні деп қабылдап, сақтауы керек.

Дәстүрлі бесік жырлары ел арасында ежелден айтылып, әбден қалыпқа түскен, барлық жерде мазмұн желісі мен әуені өзгертілмей орындалатын жырлар. Олар: “Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем!” деген ана мейіріміне толы өлең жолдарымен басталып, баланы жұбататын, алдандырып тәтті ұйқыға батыратын шумақтарға ұласады. Халық педагогикасының мәйегіне айналған бесік жырында халықтың төл тарихының, дәстүрлі мәдениетінің, ежелгі наным - сенімінің, дүниетанымының көрінісі бар. Бесік жырын барша халық ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы деп таниды. Әлем халықтарының Бесік жырлары әр елде әр түрлі аталғанымен, атқаратын міндеті, мазмұн байлығы мен саз - әуені жағынан үндесіп жатады. Бесік жырының басты қызметі — бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру.
 Ол баланың көкірек көзін ашады, жан - жүйесін тербейді, сезімін сергітеді, көңіл - күйін көтереді. Есейе келе өнерге, сөз өнеріне бейімделеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың»- дейді, дана халқымыз. Бесікте өскен бала мейірімді, үлкенді сыйлайтын азамат болып жетіледі деп ойлаймын .Өйткені,  әже мен ананың әлдиі сәбидің алғашқы мектебі болады.

Бесік қазақ халқының ең бір қадір, қасиет тұтқан дүниелерінің бірі. Себебі бесікте дүниеге келген сәби, ұлт келешегі ұрпақ тәрбиеленіп өседі. Қазақта «Бесіктен белі шықпаған, Бесік ұрған, Тал бесікте тәрбие алған, Мектебім алтын бесігім, Бесігінен қағынған т.с.с» — сөз тіркестері жиі кездескен. 

Зерттеу жұмысының мақсаты:

1. Қазақ отбасындағы бесікті зерттей отырып, оның тәрбиелік мәнін мен пайдасын  өскелең жастарға үгіттеу.

Зерттеу жұмысының міндеттері:

1.Бесіктің қасиетін насихаттау

2. Бесіктің түрі мен құрылысын анықтау

3. Бесіктің жабдықтарымен танысу

4. Бесікке қатысты ырым- тыйымдармен танысу

Зерттеу жұмысының өзектілігі:

1. Қазіргі кезде еліміз тәуелсіз алып, өркендеп келе жатқанда, өз мәдениетіміз бен дәстүрімізден, қазақтық қалпымыз бен ата салтымыздан, ұлттық рухымыз бен ұлттық сипатымыздан безінбей, оны дамытып, келесі ұрпаққа сақтап қалдыруымыз керек.

2.Тағылым мен үлгі өнегенін бастауы тәрбие болса ,ал сол тәрбие бесіктен бастау алатындығын жас ұрпаққа мағлұмат бере отырып үгіттеу.

Зерттеу әдістері:

-Зерттеу

-Жүйелеу

-Сараптау

Ғылыми жұмыстың жаңашылдығы:

Осыған дейін көңіл бөлінбей келген бесіктің тәрбиелік мәнін ,жастар арасында насихаттап , айқындау.

2.1. Бала тәрбиесі

Тәрбие мәселесі қай ұлттың болмасын аса қадірлеп қарайтын ұлы қағидаларының бірі. Казақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Біздің алдымызда бабаларымыздың игі дәстүрлерін сақтайтын күллі әлемге әйгілі, әрі сыйлы, өз елінің патриоттары болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр»-деген болатын. Тәрбие адам тағдырын шешетін ұлы іс.

«Тәрбие басы тал бесік» деп бабаларымыз тауып айтқан болса, заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов, «Ел болам десең бесігіңді түзе», - деп емірене айтыпты. Ұлы істің бастау бұлағы, қайнар көзі – отбасы. Отбасындағы тағылым мен үлгі өнегенін бастауы тәрбие. Ұлы ғұлама, әлемнің екінші ұстазы Әбу-Насыр Әл-Фараби бұдан мың жылдан аса уақыт бұрын «адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек.

 Тәрбиесіз берген білім адамзаттың қас жауы», - деген
«Әркім өз жолын тауып  кететіндей  бала тәрбиесі  жеңіл  нәрсе  ме? Жоқ. «Бала тәрбиесі – өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер», — деген екен М.Жұмабаев. Қандай  тауып  айтылған  даналы  сөз  десеңізші. Тәрбие  арқылы  адам  тағдыры  шешілетінін, оның  білімді  тұлға  болып  қалыптасатынын, елдің  берік  тірегі  болатынын  көрсетеді.

Балалар тәрбиесіне, келерұрпақ  тәрбиесіне  қай  кезеңде  болса  да,  қай  елде, қай  ұлтта  болмасын  үлкен  мән  берілген  ғой. Өйткені  бала – біздің  болашағымыз. Өмір шындығына жүгінсек, тәрбие бастауы, оның қайнар көзі, ананың сүтінен нәр алып өскен ортасына мақсатында әрекет жасайды. Осыған байланысты «Ұядан не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» - дейді халық. Сондықтан баланың ең әуелгі өсетін ортасы, отбасы тәрбиесіне өте терең көңіл бөлу керек. Егер отбасында жақсы тәрбие алған болса, өскенде сол тәрбиенің ізімен баруы сөзсіз. Тәрбиенің түп тамыры – ұлтты қадірлеу, ұлттық әдет-ғұрыпты дамыту, ұлттық дәстүрді жандандыру, ұлтаралық достық қарым-қатынасты нығайтуға үйрету. Сабақ та, тәрбие де осы бағытта болса ғана баланы ортаға қарап тәрбиелеген боламыз, сонда ғана оның адамгершілігі қалыптасады. Адамды құрметтеуге тәрбиелеуіміз қажет.


You Might Also Like

Новости

Реклама