Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Тарихта да, өнерде де өрнегімен ел есінде

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы
Шебір ауылы, Қаратөбе орта мектебі
Жоба жетекшісі: І санатты тарих пәні мұғалімі
Батырова Анжела Сьезовна  
Жоба авторы: Сәбитова Ғалия Хамитқызы


Секциясы: Өлкетану
Бағыты: Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ маршурттары

МАЗМҰНЫ

1. Кіріспе

2. Негізгі бөлім

2.1 Шежіре-тарих нұсқасы

2.2 Он бес жасында би атанған Ермембет

2.3 Достар Ермембет үйінде қонақта

2.4 Ермембет би тарихнамасы

2.5 Өше жаздап өскен бір әулет

  3. Қорытынды

4. Пайдаланылған әдебиеттер

 

АБСТРАКТ (аннотация)

«Тарихтан тағылым» деп халқымыз бекер айтпаса керек, өйткені адамзат баласы өткенін білмесе, болашағын болжай алмайды. Біз ата-бабаларымыздың өрлеу-өркендеу дәуірлерімен бірге басынан өткерген қиын-қыстау шақтарынан да сабақ алуымыз керек. Қазақтың тарихында табиғаттан-зұлмат, патшадан-нәубет келген кездер аз емес. Сондықтан біздің әрқайсымыз үшін туған жеріміздің тарихын жете білу аса маңызды. Ығылман Шөреков ақын айтқандай, «Тарихтап айтпай шешілмес, өткен күннің жұмбағы». Осындай тарихтың бір беттерінен өзіндік орны бар тұлғаларымыздың қатарында Есен Ермембет би туралы айтылады.

Есен руы жайлы айтылатын көптеген деректер бар. Есендердің Адайдың атын шығарудағы үлес салмағы жоғары. Оның баласы Сейіт би болғаны тарихи шежірелерде нақтыланған. Есеннің өзі аты-шулы батыр болған деседі. Оның баласы Сейіт би болған адам екенін тарихи шежірелерде жазылған. Адай руының шығу тарихын іздестіріп, зерттеп жазып жүрген Шыртанұлы Ізбасардың Адай  руынан шыққан батырлар мен билердің ерліктері мен биліктері жайлы жазған деректі әңгімелерінде Есеннің батырлығымен баласы Сейіттің билігі жайлы мағұлматтар айтылған.  Адай-Келінберді-Бұзау-Айтумыс-Шылым-Өрдек-Есен-Сейіт-Тастемір-Тұр-Ермембет. Тұр ұлы Ермембет (1818-1908 жж) өмір сүрген. Ол өз заманында Адайдың бас биі атанған, тарихта аты қалған айтулы тұлға. Ермембет би билігімен алғашқы елге танылған кезінде небәрі он бесте екен. Алдағы айтылатын деректер Есен Ермембет бидің он бес жасында билікке араласуынан хабардар ете отырып, Ермеметтің сол дәуірде Хиуа ханымен Адай елі үшін тиімді көптеген келісімдер жасайды. Сол келісімдердің бірі Хорезм бойына дихан егіп, егіншілікпен айналысамын деген қазақ үшін еркіндікке қол жеткізеді. Қазақ жеріне келіп мешіт пен медреселерден діни білім алу үшін Хиуалықтарға мүмкіндік беріледі. Осындай екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарда Ермембет би шебер саясаткер екендігін де көрсетеді. Осы зерттеу жұмысымның барысында Ермембет бидің шешендігін, әділ би екенін, ұшқыр саясаткерлігін зерделеуге тырыстым.

КІРІСПЕ

Зерттеудің мақсаты: Есен Ермембет бидің өмірі мен тарих беттерінен алған орнын жас ұрпақтың санасына жеткізе отырып, оның аталы сөздерін үлгі ете отырып, сол арқылы жас ұрпақтың толыққанды тұлға ретінде дамуына, олардың Отанға, еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктері мен ұлттық намысын ояу болмақ. Ата-тегін білгеннің абыройы  жоғары дегендей, қазақтың шығу шежіресі жайлы дәл тамыршыдай тап басып, айтылған деректің тапшылығы кейінгі жас ұрпақтар үшін қиындық берері ақиқат. Біздің және аға буын өкілдерінің жабылып жүріп  зерттеп-зерделегеніміз-қатқан қақтың бетіндегі қабыршағы сияқты.

Зерттеудің болжамы: Маңғыстау билерінің қазақ тарихынан алатын орын нақтылау, олардың өз замандарында атқарған іс-әрекеттері мен батыл да, батыр еңбектерін ұрпақ санасына жеткізу. Жоғымызды іздеу, жоғалытқанымызды табуға деген ұмтылыс ел еңсесін көтеріп, тәуелсіздігімізді жариялау кезеңімен басталады. Маңғыстау тарихын қанша жыл зерттесең де таусылмайтын тарих. Ол бір ғана ұрпақтың қолынан келетін шаруа емес....

Зерттеудің дереккөздері: «Қазақтың көне тарихын шаң-тозаңнан сілкіп тазартам»-деген Әлкей Марғұлан да мақсатының бір парасын орындай алмай дүниеден өтті. Бүгінгі өлкетанушылардың мақсаты-аяқ жетер жердегі мәліметтерді жинақтап, сол ел аузындағы әңгімелермен салыстыра отырып, шындықтың бетін ашу. Нәтижелі еңбек жазып қалдырған ел ағалары Ә.Спан, М.Абылхан «Ермембет би», Ж. Нұрмаханованың «Маңғыстау тарихы», Ж. Көңілімқосұлы «Бабалар баяны-ұрпағына аманат» еңбектерінде толыққанды баяндалған.

Зерттеудің мақсат-міндеттері: Есен Ермембет бидің қазақ тарихындағы өшпес мұраларын, шешендік сөздерін, батырлығын, елдер арасындағы бітімгерлігін зерттеп-зерделей отырып, оқушы қауымға жеткізу. Ермембеттер өмір сүрген кезең, аласапыранға толы заман еді. Жауласқанмен жауласып, қандасқанмен қандасудың да шегі бар заманда жаужүрек батыр мен қолбасшының да жұмысын Есен Ермембет би алмастырған болатын. Өз кезеңінде көрші елдермен мәмлелер жасауға, дау-дамайларды шешуде өз шешендігімен батылдығымен, адалдығымен, әділдігімен ел жадында сақталған.

Ермембет атамыз туралы білгенімізден білмегеніміз көп. Оған ол туралы жазылған еңбектер мен кітаптар куә. Жұмысты жазу барысында Ақшымырау ауылының ақсақалы Ермембет туралы зерттеп-зерделеуші Есен Серіков Қошақанмен кездестім, дегенмен Ермембет би туралы зерттеп-зерделеу жұмыстарының әлі де болса аз екендігіндігі анық. Осы жұмысты орындау барысында Ермембет бидің әділ төре екендігін ашып айтқым келеді.

Жұмысты қорытындылай келе зерттеу жаңалығым: Маңғыстау өлкесіндегі бір кездері қазақ жеріне тіпті, көршіліс жатқан елдерге "өз өмірінде де, өнерінде де өрнегімен ел есінде қалған тарихи тұлға" екенін дәлелдеу.  Қазақтың үш биімен тең келетін Ермембет бидің айтқан сөздері қоғамдағы ащы шындыққа қарсы ашық пікір айта алатын тұлға екенін көрсете отырып, дәлелдедім. Жұмысымның жаңалығы ретінде Ермембет бидің сөздері көрегендік пен ғұламалықтың, шешендік пен ақындықтың, екі елдер арасында атқарған қызметі үлкен дипломатиялық елшіліктің  көрінісі деп көрсетуге болады.

Жұмысымды қорытындылай келе туындаған ұсынысым: Маңғыстаудың үш биіне арнап ескерткіш орнатылса және аудан немесе облыс орталықтарынан Есен Ермембет биге арнап жеке ескеркіш орнатылса, мектеп оқулықтарына Маңғыстау билері туралы мағұлматтар енгізілсе деген ұсынысым бар.

2.1 ШЕЖІРЕ - ТАРИХ НҰСҚАСЫ

Ата-тегін білгеннің абыройы жоғары дегендей, қазақтың шығу шежіресі жайлы дәл тамыршыдай тап басып, айтылған деректің тапшылығы кейінгі жас ұрпақтар үшін қиындық берері ақиқат. Ұлтымды ата-тегімді білсем деген көзі ашық, көңілі ояу ата ұлының ізденісі өзінен кейінгі жас ұрпақтардың бабатаным рухани байлығына баға жетпес асыл қазынасына өздерінің сыбағалы үлесін қосып кетері ақиқат нәрсе.  «Елу жылда-ел жаңа» дегендей қазақ елі тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап ел өміріне үлкен өзгерістер ала келді. Аға ұрпақ өкілдері өздерінің жан сарайларында сан жылдар бойы тұншығып, өшуге айналған ел -ру, шежірелерін суыртпақтап айта бастады, баспасөз құралдарынан арнайы бет беріліп, көп жылдар бойы мәңгүрт хәлде жүрген ұрпақтың дүниетанымын өзгертіп, ата жікті білуге деген құштарлығын арттырды.

Осы орайда Есен Ермембет бидің ғұмырынан ол кісінің билік жасау өресінің қаншалықты екенін аңғару үшін елдің белгілі азаматтары, жазушы, журналист Әбілқайыр Спан мен шежіре жинақтаушы мемлекет қайраткері, сенатор Машани Абылханның авторлығымен жарық көрген «Ермембет би» еңбектерінде мағұлмат береді.  Ермембет Тұрұлы 1818 жылы Маңғыстаудың «Үлек», «Ақжал» өңірінде дүниеге келген. Әкесі Тұр белгілі Сейіт бидің немересі. Ермембет 1908 жылы бұл пәниден өткен. Көшпенділердің дәстүрінде ел таныған жақсылардың қадір-қасиетін сарапқа салып, сынап отыру дағдыға айналған және сыншының бағасы аумай келеді екен. Есен Ермембет Тұрұлы адайдың бас биі атанған, тарихта аты қалған айтулы тұлға. Оның шығу тегі Есен-Сейіт-Тастемір-Тұр-Ермембет болып жалғасады. Ермембет би билігімен алғашқы елге танылған кезінде жасы небәрі он бесте екен. Төмендегі айтылар деректер Ермембеттің он бес жасында билікке араласуынан хабардар етеді.

Деректерде Ермембеттің бір көзі соқыр болған деседі. Есейген шағында шешесіне: - мен қалай соқыр болдым? – деп сұрапты. – Жарығым ай, сәби шағыңда тым ызақор, бірбеткей едің. Сұрағаныңда алмай тынбайтынсың. Бірде қолымдағы пышақты сұрап қоймадың, содан пышақты бере салсам, сен соны күтіп тұрғандай көзіңе сұғып алғаның, құдайдың бұйрығы да солай болған шығар,- десе..... Әттең анашым-ай, маған сол пышақты бермегенде көп болса бір күн жылар ма едім, енді өмір бойы жылайтын болдым-ау, -депті Ермембет.

Ергенқұл Төлегенов ағаның айтуы бойынша: "Ермембет бимен хиуа ханының кездесуі сәтінде айтқан сөздерінен мағұлматтан хан мен бидің әңгімесінен үзінді.

 - Жақсы атыңызға қанықпыз. Адайдың ала байрағы Ермембет би деген атағыңызды естігенде өзіңізбен діндес, тілдес, елдес біз де марқайып қаламыз. Шақыртып алып дидарласып жатсақ шамыңа алма. "Хан басымен қара алдына бармас" деген жолдан аттай алмағанымыз. Рахмет, шақырғанымызды қабыл алып келдіңіз. Өзіңіздей бек жақсымен дидарласып, іргелі Адай елін біле түссек дейміз. Мал бағасы бағланымен, ел бағасы ортасынан озған оғланымен білінбек қой қашанда. Біз Адайды биі де, батыры да көп шыққан, байға да кенде емес ел деп естіп жатырмыз. Көрмесек те жақсы атына қаныға берелік. Олар хақында не айтасыз?"- дейді орда иесі.

- Адай деген анадан арда еміп, жақсы мен жайсаңынан да алда жүрген ел. Оның бәрін бас-басына түгендеп шығатын болсам талай күнді, талай түнге жалғауым анық. Хан тақсыр, сондықтан мен сіз сұраған айбарлым мен айдарлымның үшеуіне ғана тоқталып, жауабын үш ауыз сөзбен берсем біз жауға бүгін барып, ертең өлгенді батыр демейтін жұртпыз. Бейбіт елге найза кезеп, жебе жұмсаған, тірлігі тесілгенше ереуіл атынан түспеген барымташының тірлігі жоқ елміз, -дейді Ермембет би.

- Маңғыстаудың Адайлардың өз заманының еншісінде өзіндік орны қалыптасқан үш атақты Есен Ермембет, Жары Мәтжан, Қосай Оразбай сынды билерінің өшпес мұралары тарихтың беттерінде жазылды. Ермембеттің шешендігі мен билігіне келетін болсақ, Маңғыстау көлемінде бір адам Ермембетке тура қарап сөз айта алмады десек артық болмас еді.

2.2 ОН БЕС ЖАСЫНДА БИ АТАНҒАН ЕРМЕМБЕТ

Адай ауылдары арасында көптен бері шешілмей,тиянағына жете алмай келе жатқан мал дауы бар екен. «Сол дау билер алқасында қаралып, шешіледі» деген хабармен ауылдың қарттарына еріп он бес жасар Ермембет те барыпты.  Дауды тыңдауға ел көп жиналыпты. Дауды қарау екі жақтың сөз ұстаған билерін тыңдаудан басталған екен. Ара-ағайын және сол уақыттағы белді би саналатын Киікбай Жолдасбай әрі-бері сөйлегенмен, сөзінде тұрлаулыпікір,  екі жақты да риза етерлік уәж айтылмапты. Бірақ, оның ұзақ-сонар әңгімесінен дауға жиналған ел жалығып кеткендей болыпты.

Айтулы бидің мылжың сөзінен жиналғандардан жалығып кеткенін көрген, өзі де қанағаттанбай тұрған балаң жігіт Ермембет дауды тыңдап отырған билер алқасына жақындап келіп: «Рұқсат болса, менде бір сөз бар еді» депті. Сонда Жолдасбай би қасында тұрғандарға қарап: «Мынау қай бала?» деп сұрапты. Ермембетті танитын біреу: «Бұл Есен Тұрдың Ермембет деген баласы ғой» деп жауап қайырыпты.

Жап-жас баланың көп ішінен суырылып шыққанын жақтырмаған Жолдасбай «Ой, енеңді...»-деп боқтап жіберіпті. Оның боқтығын құлағы шалып қалған жас жігіт атақты биге қарап:

«Енемді боқтағаның – ол өрбіткен елімді боқтағаның,
Денемді боқтағаның – оған ие болар жерімді боқтағаның,
Елімнен, жерімнен көрген жаманшылығың бар ма,
Елімде-үйің, жерімде-малың мыңға жетті»- депті.

Қапелімде аңырып сөзден тосылып қалған, артынан барып мына жігіттің тегін еместігін аңдыған Жолдасбай: «Әй, Ермембет, кел-кел, қолыңды жай, батамды берейін. Өзің Адайдың бағы үшін туған бір бала екенсің»,-депті.

Сол кезде Ермембет: «Әй, Жолдасбай, менің арғы атам Сейіттен бастап Құдай берген батам бар. Сенің әкең Киікбай ала қырда астында бекі-бекі көкшолақ аты бар, үстінде қаудырлаған қу тоны бар, аяғында қу шоқайы бар, өмір бойы киік қуып өткен адам болыпты, сондықтан әкесінің азан шақырып қойған аты ұмытылып, «Киікбай» атанып кеткен екен. Сонда мен «Астыма бекі-бекі көк шолақ бер, денеме қу тон, аяғыма шоқай бер» деп бата алам ба?» депті атақты биден қымсынбай.

Жолдасбайдың мына балаң жігіттен оңбай тосылғанын аңдап қалған бір дуалы үлкен кісі тұрып: «Әй, Ермембет, шырағым, осы дауға төрелікті өзің айт»,-депті. Үлкен кісінің сол айтқанын жан-жақтан қаумалап тұрған халық көпшілік қолдап кеу-кеулеп кетеді.

Ермембет жұрттың шуылы басылған соң барып: «Таласушы екі жақ, даудың аңысын аңдып, шешімін күткен ара-ағайын келісіп кесімді сөз айтуға рұқсат берсе, менің төрелігім дайын»-депті айнала қоршап тұрған адамдарға жағалай қарап: «Бердік төрелік билікті», «Айтсын, рұқсат, рұқсат» деп көпшілік шу ете түсіпті.

Сонда Ермембет көпшілікке қарап  тұрып былай деп сөз бастапты: «Уа, ағайын арғы атамыз бір кісі, берекет дарыған, пейіліміз даладай кең ел едік қой. «Мал бір жұттық, қолдың кірі» демей ме аталарымыз? Сол малды дау-дамайсыз-ақ топалаң мен жаманат деген індетке беріп жатқан жоқпыз ба? Біздің қазекем «Ағайын ащы, мал тұщы» деп дұрыс айтылмаған сөзді көлденең тартып алға тосады. Шындығында мал ащы, ағайын тұщы болғанға жететін не бар? Басың ауырып, балтырың сыздаса, басыңа қиын іс түссе, басыңды сүйейтін сол ағайын емес пе еді? Қызылдасаң да, жылуласаң да ағайын сенікі екені өтірік пе? Ит пен құсқа жем болып жатқан малға бола ағайын арасы ашылар болса, біздің елдігіміз қайсы, бірлігімізден не қалады?»- деп тыныстайды балаң жігіт. Тыңдап тұрған көпшілік оның жүйелі де, орнықты сөзіне риза болып, әр тұстан қостаған дауыстар естіліп жатады. Өзін қостаған көпшіліктің ыңғайын аңдаған жас жігіт сөзін жалғастырады: «Бұл бір көп шешілмей келе жатқан, ескіріп кеткен дау екен. Сондықтан оны бұдан әрі соза бермейік, ағайындық татулығымызға өзіміз сына қақпайық. Өткен өреуіл, қалған салауат, екі жақ басқа-бас, тұяққа-тұяқ деп бітісейік. Бисмиллә, Аллаһу әкбар» деп барып екі алақанымен бетін сипағанда дауға жиналған қалың ел Ермембеттің кесіміне риза болып тарасыпты. Сол кезден бастап «Есен Ермембет би» деген атақ Маңғыстау еліне кеңінен жайыла бастапты.

Есен Ермембет жайында кездесетін деректерден оның Маңғыстаудағы Адайлар көтерілісінің белсенді тарихи тұлғаларының қатарында болғандығын да аңғаруға болады. Иса мен Досан бастаған көтеріліс болған кезде Ресей әскерінің күші көтерілісті күшпен басып тастаған болатын. Досан қараңғы түрмеде азап пен қорлыққа қапаланып өлді. Маяұлы Бәйімбеттің патша үкіметімен арадағы жасалған келісім шарты күшін жойды. Енді біздің ел күшті әскери техникасы бар, мұздай қаруланған Ресей империясына қолдарындағы найза, қылыш, шоқпар, дойыр қамшымен қарсы тұрып ештеңе өндіре алмайтындарына көздері жетіп, «Шарасыздан шалға тидімнің» кейпін киеді. Келісімге шақырған патша үкіметі мен келісімге келіп, шартқа отыру жөніндегі ұсынысты қабылдамасқа шарасы да қалмаған елдің ақылгөй үлкендері «бөрі аштығын білдірмей, сыртқы түгін қампайтар» дегендей, халқының мүддесін қорғай алады деген адамдарды іріктеп, оларға өз сенімдерін арқалату үшін елшілерді сайлап қалудың қамын қарастырады. «Елшілікке кім барады?» - деген сауалға ел ішіндегі парасатты ақсақалдар мен билер жиналып, ақылдаса келе «Ең бірінші бас би болып Есен Ермембет барсын, оның ерлігі мен билігі тілінің ұшында еді»,- деп халық бір ауыздан Ермембет биді қолдаған болатын. Сөйтіп, патша үкіметімен қырық жалға дейін бір-біріне тимейтін болып, қызыл иттің терісіне мөр бастырып келген екен,- деген деректер кездеседі.

2.3 ДОСТАР ЕРМЕМБЕТ ҮЙІНДЕ ҚОНАҚТА

Үлкен кісілеріміз «Ермембет Исадан он бір жас тай үлкен екен» дейді. Бірақ, ел арасындағы сөздерде Ермембет пен Иса құрдас адамдарша сөйлеседі екен деген әңгіме айтылады. Бір күні Мәтжан би Ермембетке: «Ереке, осы сен Исекеңнің үш жастай үлкен емессің бе?»- деп сұраса, Ермембет: «Сенің өзің не айтып отырсың?» «Жасы бірге жандай құрдас, бір жас үлкен балдай құрдас, екі жас үлкен таңдай құрдас, үш жас үлкен молдан құрдас, төрт жас үлкен зордан құрдас» дегенде шығарған мен емеспін. Халықтың айтқаны ғой» депті дейді.

Бір сапарда Ермембет би бір жақтан жолаушылап келе жатып кешке қарай Алаторпаның қабағында отырған Исаның ауылына келіп түсіпті. Уақыт күздің кезі, қойдың түнекке кетіп, екі-үш күнсіз оралмайтын мезгілі болса керек. Қолында соя қоятын мал болмай қалып, Иса Ермембетті өлі етпен сыйлапты. Бес достың арасында, бір жағынан нағашылы-жиендігі бар Ермембет Мәтжанмен қатты әзілдеседі екен. Ал, Исамен ондай әзілге көп бармайтын сияқты. Дұрыстап қонағасы бере алмаған Иса: «Кідір, мал алдырып дұрыстап қонағасы берейін» дегенінен аға би қарамапты. Асығыстық жағдайын айтып ауылдан аттанып кетіпті.

Көп ұзамай Иса Мәтжанға кездесіп қалып, үйіне келіп қонған Ермембетке қонағасы бере алмағанын айтып: «Не де болса ұятты болып қалдым. Бұның арты қалай болар екен?»-депті. Сонда Мәтжан сәл ойланып түрып: «Бұл жайды Ерекең алдымызға бір соқтырды. Және, Исеке, ол сені құрдас қылып алды ғой. Менің ойымша, бұған жасайтын бір ғана амал бар: өзінікін өзінің алдына келтіру керек. Ол үшін келесі жылы күзде, қой түнекке кететін кезде орайын келтіріп үйіне барып түсе қалалық. Бір қапысын тапсақ, сонда табармыз. Мүмкін, оған дейін Ерекең бұл жайды да ұмытып кетер. Басқа амалын көріп тұрғаным жоқ» депті. Осыған өзара сөз байласады да, келесі жылы күзде, мал түнекке кететін уақытта Иса, Тілеген, Мәтжан мен Ораз төртеуі бір күні Ермембет үйіне сарт етіп түсе қалады. Бұлар келген кезде жұмсай қоюға Ермембеттің баласы да ауылда болмай қалыпты. Ерекең қызын сыртқа алып сыбырлапты: «Анау Мәуленнің бергі алдында отырған Қоштай ауылы, осы арадан он шақырымнан көп емес. Барып екі түрлі шай сұра. Егер берсе, екеуін екі жанқалтаңа салып келерсің, мен көретін болайын. Шайыңды келгесін демдерсің. Мен қонағасы малды сойдырып дайындып қоярмын. Сен келгенше қонақтарды ағарғанмен алдарқата тұрамын. Кідірмей тез кел» деп жұмсап жібереді. Үйінде жақсы шай таусылып қалған кез екен. Қонағасыға  соятын малы, қонақтарына сыйлайтын шапан, мінгізер аттары дайын болса керек.

Сыйлас інелерімен оны-мұны айтып отырғанда қызы да келеді. Екі қалтасының шайға толы екенін айтпай-ақ байқаған Ермембет сол отырған күйі қызын дауыстап шақырып алады да: «Әй, қарағым, мына қонақтар елдің еркелері ғой, шайды да, қонақасы да талғап ішетін адамдар. Екі аққұманға екі түрлі шайдан демде, бірін «қатты» дер, бірін «тәтті» дер. Екі қой сойып, екеуінің етін екі қазанға асып пісіріңдер, бірін «арық» дер, бірін «семіз» дер, қалағанын ішіп-жейтін болсын. «Қонақасыны дұрыс бермедің деп мінеп кетіп жүрмесін» депті. Бейуақытта Ерекеңнің қысылып, қапылғанын көргісі келген қонақтары берілген қонақасынан мін таба алмай, енді аттанғалы рұқсат сұрапты. Ермембет «Рұқсат Алладан ғой»,- деп қалыптасқан әдет бойынша қонақтарынан бұйым-қызмет сұрайды. Олар өзара келісіп қойғандай-ақ: «Ереке, бұйымды не қылайық. Бұйым бітті.  Біздікі тек амандасып, әңгімелесіп қайтайық деген ниет қой» десіпті. Сонда Ермембет Исаға қарап отырып: «Иса, сене төрелеу едің-ау, саған астыма мініп жүрген жорғаның тұқымдасын белдеуге байлатып қойдым. Соны астыңа мініп кет» депті. Абыз Тілегенге «Сен жұқалау едің-ау, ояз-әкімдермен жақындау жүргеніңмен, ар жағың белгілі, соны ескеріп бөлек қаматып қойған қырық бойдақ қойды алдыңа салып айдап кет» депті. Тоқтамыс Оразға қарап: «Саған соғымға бір ту биені дайыдатып қойдым. Жетегіңе ала кетерсің» депті. Ең соңында Мәтжанға қарап отырып: «Әй, Мәтжан, сенің жүрісің тегін жүріс емес. Мыналардың бастарын қосып қиқым іздеп жүрсің ғой. Саған ештеңе бермейін деп отырмын» депті. Сонда Мәтжан отырып: «Құр қайтыпты» деген атаққа мен қалмаймын, «Құр жіберіпті» деген атаққа сіз қаласыз. Себебін айтайын: «Баяғыда Хиуаның ханынан сұрап алған жерге Есеннің отыз үйін көшіріп апарып, қасқалардың дені бір жайылып еді. Мен ханнан суды сұрап алғанда ішінде сіз де бар едіңіз. Сонда: «Мәтжан-ау, бізден де бір ұл туған екен ғой. Мына ісіңе ырза болдым. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген, көп Жарыдан тұлпар шыққан екен. Тірі болсам хиуазын бір қайырармын деп едің. Бүгін сол уәдеңді орындадың» депті.

Сонда Ермембет: «Әй, Мәтжан, қайтер екен деп айта салып едім. Өкпең дұрыс, ол айтқанымды ұмытқан жоқпын. Әй, құрымағыр-ай, Мәтжан Ермембеттен құр қайтқан екен деген сөз маған абырой еді де, саған өлім еді, соны біліп тұрсыз-ай. «Ер назары мен пір назары жаман» деген сөз бар еді, сен де бір бие алып кетші» деп Мәтжанның жетегіне де бір бие байлапты дейді. Сөйтіп, әдейі сынай келген төрт биді көңілді аттандырып салыпты. Бірде дос-жарандары Ермембет биден: "Құдай деп айтыңызшы, осы сіздің де біреудің алдында сөзден тосылған кезіңіз болды ма?"-деп сұрайды. Сонда би: "Жалынбайтын жақты, сүрінбейтін тұяқты Алланың өзі де жаратпаған"-десе керек. Халық "Табылған сөз мүдіртер, бұдырлы сөз кідіртер" дейді. Тауып айтылған сөздің таласы жоқ. Ал тек ата жолы, дала заңын басшылыққа алған юриспруденциясы, қылмыс зерттейтін қызметі жоқ ортада, аққа құдай жақ қана заманда тура бидің кідіріп, кібіртіктеген тұстары, сірә аз болмаған. Істің ақ қарасын алдымен өзінің көзі жетіп алмай тұрып белден басып сот құрып, кесіп айту алдымен бидің өзіне сын. Өйткені, көп көзі-көреген, халық көңілі-таразы. Ел аузында аты қалған би-бақытты би деген екен.

2.4  ЕРМЕМБЕТ БИ ТАРИХНАМАСЫ

«Өзің туғанға дейінгі дүниеде не болғанын белмесең, ғұмыр бойы нәресте қалпыңда қалдым дей бер»,- Цицерон айтқандай еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап тарихтың ақтаңдақ беттері айқындала бастаған болатын. Осы сәтте ел ағалары, баба ұрпақтары өз зерттеулерін жүргізге бастады. Есен Ермембет бидің өмірі мен Адайлардың бас биі атануы жөнінде өз зерделеу жұмыстарын жазушы, журналист Әбілқайыр Спан мен шежіре танушы, мемлекет қайраткері Машани Абылханның еңбектері зор. «Жүрген аяққа-жөргем ілігеді»- іздесеңдер табасыңдар деген мақсатты ұстанған ел ағалары Ермембет би туралы Есен ауылының ақсақалдарының ауызша ұрпақтан-ұрпаққа жеткен мағұлматтары мен архив жазбаларын барынша дәлелдеп жарыққа шығаруға тырысқан.

Әбілқайыр Спанның зерттеулерінде Ермембет бидің мәмлегер екенін айта кеткен еді. Ермембет Қазақ елі мен Хиуа елі арасындағы бітіспей жүрген мәселелерді шешу жолында Хиуа ханымен кездесіп өз елінің мүддесі үшін төмендегідей талаптарын қойған еді

- Хорезм ойына келіп егін егіп диханшылықты кәсіп етем деген қазақтың бетін қақпау;

- Адай елі өз өрісінде Бесқаланың сауда керуенінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

- Ел ішінде мешіт пен медресе ашып имандылықты уағыздаймын деген адамға жағдай жасау т.б ел үшін маңызы зор мәселелерді көрші Хиуа ханымен кездесіп күні бүгінгідей жүйелі түрде шарт жасасуда сол заманның ерлік істерінің бірі еді.

Ермембет бидің: «Заманына адамы сай бола алмаған ел оңбайды. Өмір көшіне  ере алмаған елдің ертеңі болмайды» деген сөзі қалған. «Ерекеңнің мәмлесі-Алланың мәсіреті» дейді екен оның кемеңгерлігіне риза болған замандасы Мәтжан би. Жары  Мәтжан би Ермембет биді қатты құрметтепті. Алқалы жиында, келесі сөз бастарда әуелі: Ермембет би айтқан екен деп, бір-екі ауыз сазбен беташар жасап алып, содан соң барып өз арнасына ауысады екен. Мәтжан: «Менің көже-қарнымды тойдырған бір жер бар, ол – Б   есқаланың ойы, Әмударияның бойы; көңіл-қарнымды тойғызған бір адам бар, ол-тіл дарияның көзі, Ермембет бидің өзі» - дейі екен.

Машани Абылхан еңбектерінде Есен Ермембет бидің сөз нұсқалары терең зерттелген. Жұмыс сапарымен жүріп Ақшымырау ауылының Үлек қауымында жерленген «Тұрұлы Ермембет» деген қорымды көріп, «Өлдің, Мамай, қор болдың» деген оймен Есен, тіпті Жеменей ұрпақтарының басын қосып заманына лайық кесене орнату туралы алғашқы қадамды Машани Абылхан бастаған болатын. Баба басына кесене орнатылып, рухына құран бағышталып, үлкен ас беріліп қана қоймай Ермембет би туралы да көптеген зерттеулер жарық көре бастады. Сол зерттеу жұмыстарының нәтижесінде көптеген шешендік, әділдік тәрбиесі мол еңбектері жарыққа шыға бастап, халқына кеңінен танылды. Мысалы Машанидің Ермембеттің «Күндес ағайынға жауабы» деп аталатын жазба дерегінде: Жақсының жауы көп деген бар ғой, Ермембетті де «болыс баласымын, би тұқымымын дейсің бе? Біз де солардан шыққанбыз. Сенің нең артық?!» - деп күндегендер ағайындарының арасынан табыған секілді. Сонда Ермембет: Отыз үй шығам дейсің елден бөлек,

Жігітке ең керегі-ақыл, жүрек!
Ежелден қойға мінген шобыр едің
Келтірген әзер тойдан көтермелеп!
Белгілі берен-сауыт жағаларың
Көп қарға бір сұңқарға жабыларың.
Мен сізге ел қыстайтын қоңыр оймын       
Ызғырық боран соқса паналарың!- деп билікті өлеңге ұштастырып, төгіп-төгіп жіберіпті.

2.5 ӨШЕ ЖАЗДАП ӨСКЕН БІР ДӘУЛЕТ

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ жөнінде хатталған небір дерек, мағұлматтарда қағазға түспеген, адам жадынан уақыт тезі өшіруге айналған талай-талай тағдырлар бар. Мұны түсінуге, ол тарихты зерттеп-зерделеу үшін оны өз басынан өткізген, бүгінде арамызда сирек те болса некен-саяқ ғасырға жуық ғұмыр кешкен, көнекөз қарияларымыздың әңгімелерін, азабы көп те болса жігері жасымай, өмірдің өзінше қызығын көріп, хаттап артқа қалдырып кеткен ақсақалдарымыздың өмірі мен ғұмыры арқылы тарихи деректерді кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру да үлкен міндет. Кейінгі ұрпақтары бабаларының басына үлкен кесене салуды мақсат ете отырып, 2003 жылы би кесенесін салған еді. Халық ішінде Ермембет бидің үш қасиеті ерекше есте сақталып қалған.Сондықтан бірінші бағамда оның би екендігінің нышанына арналған: ең жоғарыда көмкерме жиектастан төмендегі үш түбектің картасы өзінің  билік құрған өлкесін көрсетсе, орта шендегі дөңес қалқандағы қамшы-би екендігінің белгісі. Екінші бағандағы қалқан үстіндегі қылыш пен шоқпар батырлық қасиетін көрсетеді. Қалқанмен жиектеменің арасына ел тыныштығын күзетіп тұрған жауынгерлер салынған.Тағы бір үлкен қасиеті-жомарттығында,үшінші баған арналған. Жоғарыда айтпай келер қонағына ауы маңынан ұзатпай ұстайтын төрт түлік малы жүрсе, одан төмен астындағы оты сөнбейтін булы қазандары тұр. Ердіңгекке бекітілген қалқанға сусын сақтар торсығы, мейманға ұснуға дайын тостағаны мен ожауы бейнеленген.

Үш бағанның жоғары басы дөңгелек жиектаспен көмкеріліп, қасиеттері әр түрлі болғанымен оның бәрі бір басқа топтасып, содан ғана нәр алып, өзара келісім тауып қайта тараланатынын дәлелдейді. Әрі қарай күмбездене барып түйінделіп, ерекше айбындылықпен аспанмен тілдеспекке ұмтылып, сана мен ақылдың арқасында көктегі аймен табысқан.

Кесененің ортасында, баба мүрдесінің үстіне сандықтас орнатылған. Оның қос бүйірі өлке қазақтарына тән қошқар мүйіз оюлармен әшекейленген. Үстіне батыр да би атаның дулығасы, қайқы бас қылышы мен қалқаны жиналған.

Енді бір үлкен элементі-құлпытас. Ол аға биге, билер сотына сай еңселі қылып салынған. Құлпытастың ішкі бетіне бидің гениологиялық шежіресі жазылған. Толық мәтіні төмендегідей: Адай-Келінберді-Бұзау-Айтумыс-Шылым-Өрдек-Есен-Сейіт-Тастемір-Тұр-Ермембет. Екінші бетіне: Тұр ұлы Ермембет (1818-1908 жж) «Көже қарнымды тойдырған

Хорезмнің ойы,
Әмударияның бойы
Көңіл қарнымды тойдырған
Тіл дарияның көзі
Ермембет бидің сөзі»- деген атақты Мәтжан бидің ризашылығы жазылған.

Шежіре-бейнелеп айтқанда алып бәйтеректің тереңге жібереген тамыры болса, бәйтеректің әрбір жапырағы тереңдегі тамырын нәрімен жайқалтантын заңды түсінік. Адай тайасының бір-ақ пайызын құрайтын Есен руында да  баба ұрпақтарына тән қан қуалаушылық қасиеттің бәрі бар. Сонымен бірге Адайдан шыққан аузымен құс тістеген, дуалы сөзді шешен-билердің ел мен елді жарастыра білудегі ерекше қасиеттері, батыр-бағландары көп. Оның дәлелі КСРО-ның Жоғарғы Советінің бірнеше мәрте депутаты Шамғұлов Оспан, Егеменді Қазақстан Парламентінің негізін қалаушылардың бірі Ережепов Қайролла, Төретаев Қуаныш, Жакулаев Әртелбек сынды ағаларымыз бар. Бүгінде Ермембет бидің ұрпақтары сабақтастығын жалғатырып отырған баба-Махарұлы Орын, ата-Орынұлы Машани, әке-Машаниұлы Нұрлан, бала-Нұрланұлы Марғұлан. Есен шежіресінің алғашқы нұсқасын Әзірбай Бөріұлы Махамбетов (1913-1997 жж) қолжазбаларында келтірген.

ҚОРЫТЫНДЫ

Өнер-өмірдің нақ бейнесі, айнымас сәулесі, ойының қордасы, пікірдің түйіні. Қазақ халқының қай өнері болмасын оның тіршілік тынысына ұқсас, үндес негіз тапқан. Жазу-сызудан гөрі ауызша айтылып, зейінге құйылған, зердеге қордаланған әр аймақтың өнері, тұрмыс-салты, дәстүр-дағдысы өзіне тән. Қазіргі Қазақстанның батысында Маңғыстауды қоныстанған қазақтардың Адай тайпасының ауыз әдебиеті өз алдына даралау көрініс береді. Небір оқиғалар, аңыздар өріліп, шындық атаулымен шендесіп жатады. Әр елдің, әр аймақтың өз сөз ділмарлары, шешендері болғаны ақиқат. Жалпы тілімізде би, шешен сөздері әлдеқашан бірігіп, біртұтас ұғым беріп, кірігіп кеткені айқын. Дегенмен би болу үшін бір ғана сөз шеберлігі жеткілікті болып шықпайды. Би ең алдымен елдің тарихын, дәстүрін, әдет-ғұрпын, ел басынан бұрын-соңды өткен оқиғаларды жүйелеп отыруы бірден-бір қажеттілік.

Адай елінің әр руынан небір айтқыш, тапқыр, көріпкел, суырып салма білгіштер шыққан. Сол тұлғалардың қатарында өзіндік орны бар Тұр ұлы Ермембет би. Өз заманында ел арасындағы мәмлелер мен дау-жанжалдардың  әділ шешімін, төрелігін көрсеткен Ермембет би ұрпақтар жадында мәңгі сақталмақ. Ермембет би ұрпақтары бүгінде ата рухына арнап ас жасап, құран бағыштауды дәстүрге айналдырған. Сонымен қатар «Ермембет би» деп аталатын қор да бар, ата ұрпақтары әлі күнге дейін өз зерттеу-зерделеу жұмыстарымен айналысып келеді. Жұмысымды қорытындылай келе Есен Ермембет би шешен,  әділ төре ғана емес «батырлық пен ақындық» қасиеттері бар дана тұлға демекпін.

Жұмысты қорытындылай келе зерттеу жаңалығым: Маңғыстау өлкесіндегі бір кездері қазақ жеріне тіпті, көршіліс жатқан елдерге "өз өмірінде  де, өнерінде де өрнегімен ел есінде қалған тарихи тұлға" екенін дәлелдедім. Қазақтың үш биімен тең келетін Ермембет бидің айтқан сөздері қоғамдағы ащы шындыққа қарсы ашық пікір айта алатын тұлға екенін көрсете отырып, көршілес жатқан елдермен дипломатиялық кездесулерде шебер саясаткер бола алғандығын дәлелдедім. Жұмысымның жаңалығы ретінде Ермембет бидің сөздері көрегендік пен ғұламалықтың, шешендік пен ақындықтың көрінісі, шебер саясаткерлігін толыққанды ашып көрсеттім.

Жұмысымды қорытындылай келе туындаған ұсынысым: Маңғыстаудың үш биіне арнап ескерткіш орнатылса және аудан немесе облыс орталықтарынан Есен Ермембет биге арнап жеке ескеркіш орнатылса, Маңғыстаудың біртуар ұлы Ермембет би туралы арнайы деректі фильмдер түсірілсе,  мектеп оқулықтарына Маңғыстау билері туралы мағұлматтар енгізілсе  деген ұсынысым бар.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Ә. Спан, М.Абылхан «Ермембет би» 2003 ж Астана
2. Ж. Нұрмаханова «Маңғыстау тарихы» 2011 ж Алматы
3. Ж. Көңілімқосұлы «Бабалар баяны-ұрпағына аманат» 2014 ж Алматы
4. Маңғыстау мұралары «Парыз» ізгілік шағын мекемесі 1993 ж
5. Интернет материалдары
6. Ермембет бидің ғұмырнамасы туралы мәлімет жинақтаушы Серіков Қошақанның жазбалары...


You Might Also Like

Новости

Реклама