Photo: Ivan S (https://www.pexels.com/@ivan-s) / Pexels
- 20 мая 2026 02:01
- 24
Тоқаев: Өткенге телміру – надандық пен қараңғылыққа апарар жол
Тарихты зерделеу – өткенге оралу немесе көне заманға сағынышпен қарау емес. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда – дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет және бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда мәлімдеді.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тарихи миссияны жаңғырту
«Біз әлемнің маңызды геосаяси және өркениеттік орталығы ретінде тарихи миссиямызды жаңғырта бастадық. Бұл үдерісте жас ұрпақты қоса алғанда, халқымыздың бірегей рухы мен күші шешуші рөл атқарады. Соның арқасында бүгін алдымызға биік мақсаттар қойып, маңызды міндеттерді атқарып жатырмыз. Сондықтан ата-бабамыздың бай мұрасын заманауи құндылықтармен және озық технологиялармен ұштастыру маңызды. Тарихты зерделеу – өткенге оралу немесе көне заманға сағынышпен қарау емес. Өткенге телміру – надандық пен қараңғылыққа апарар жол. Өз тамырларымызды терең білу арқылы ұлттың даму алқасын кеңейту қажет. Осыған орай, жаңа Конституцияда мәдени мұраны сақтауға, білім, ғылым және инновацияны дамытуға ерекше назар аудардық. Бұл жұмысты біз бастап кеттік», – деді Мемлекет басшысы.
Жаңа технологиялар және жас ұрпақ
Қасым-Жомарт Тоқаев бір апта бұрын орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойғанын еске салды.
«Белгілі болғандай, заманауи технологиялар өмірдің барлық саласына түбегейлі еніп, ауқымды өзгерістер ашып отыр. Бұл үдеріс адамзаттың болашағына тікелей әсер етеді. Басқаша айтқанда, озық технологиялар жоғары қарқынмен дамуда – бұл 21-ші ғасырдың шындығы. Біз мұны жақсы түсінеміз, сондықтан уақыт талабына тез бейімделетін ұрпақ тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлеміз. Бұл бағытта бірқатар бастамалар жүзеге асырылуда», – деп атап өтті Президент.