
- 09 июн. 2025 13:21
- 15
Трамптың Лос-Анджелестегі «соғысы»: АҚШ-тағы жаңа дүмпудің бастауы ма?
АҚШ президенті Дональд Трамптың пәрменімен басталған Лос-Анджелестегі көші-қон рейдтері елде әлеуметтік-саяси шиеленісті күшейтіп отыр. Заңсыз мигранттарды ұстауға қарсы жаппай наразылық акциялары бірнеше күннен бері жалғасып келеді.
Трамп наразылық білдірушілерді «бүлікшілер мен тәртіп бұзушылар» деп атап, олардың әрекеттерін ақша үшін жасалған айла деп мәлімдеді. Ол Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом мен Лос-Анджелес мэрі Карен Бассты «сәтсіз басқару» үшін айыптап, олар қала тұрғындарынан кешірім сұрауы тиіс деді.
Наразылық барысында кемінде екі полиция қызметкері жараланып, бес көлік өртенген. Демонстранттар көшелерді жауып, тәртіпсіздік тудырған. Лос-Анджелес полициясы Трамптың талабына қарамастан, жаппай депортацияға қатыспайтынын мәлімдегеннен кейін жағдай одан әрі ушыға түсті.
Ақ үйдің аппарат басшысының орынбасары Стивен Миллер де бұл оқиғаларды «бүлік» деп атап, қатаң шаралар қабылдауды ұсынды. Ал Трамп Ұлттық гвардияның 2000 сарбазын Лос-Анджелеске жіберіп, күш қолдану арқылы тәртіп орнатуға кірісті. Қорғаныс министрі Пит Хегсет бұл АҚШ жеріндегі сирек әскери операция болуы мүмкін екенін ескертті.
Бұл наразылықтар Трамптың билікке екінші рет келуінен кейінгі алғашқы ірі ішкі саяси сынақтардың бірі болып отыр. АҚШ-та жазғы шерулер мен полицияға қарсы қозғалыстардың бұрыннан дәстүрі бар. Калифорниядағы жағдай – бір реттік оқиға ма, әлде жаңа кезеңнің бастамасы ма, оны алдағы күндер көрсетеді.