
- 05 июн. 2025 09:55
- 38
2029 жыл - Тоқаевтың тыныш кетуі ме, әлде биліктің жаңа парағы ма?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылы өзінің өкілеті аяқталған соң, мемлекет басшысы қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол халықаралық Al Jazeera телеарнасына берген сұхбатында айтты. Президенттің сөзі қысқа, бірақ салмақты: «Президент – құдайдың елшісі емес, халық жалдаған менеджер».
Бұл – саяси элитаға да, халыққа да бағытталған ашық сигнал. Жеке шешім ретінде ұсынылған бұл мәлімдеме — шын мәнінде, Қазақстандағы билік транзитінің нақты мерзімі мен бағытын белгілейтін тұжырым. Сөз жүзінде емес, Конституцияда тайға таңба басқандай көрсетілген 7 жылдық бір мерзім туралы бап Тоқаевтың бұл шешімін формалдылықтан саяси мәлімдемеге айналдырады.
2019 жылы Назарбаев дәуірінен кейін ел тізгінін алған Тоқаев, 2022 жылғы сайлауда 81,3% дауыспен жеңіп, Конституциялық реформалар жүргізді. Соның ішінде ең маңызды өзгеріс – Президенттің тек бір рет, жеті жылға сайлану мүмкіндігі. Бұл өздігінен биліктің ауысуы туралы мәселені ерте күннен күн тәртібіне шығарды.
Алайда елде қалыптасқан саяси мәдениет пен басқару вертикалі шын мәнінде бұл уәденің орындалатынына күмәнмен қарайтындарды азайтпай отыр. Қазақстанда "кетемін" деген әрбір басшының соңғы сөзінің арты саяси маневрге ұласқаны да бар. Сондықтан Тоқаевтың 2029 жылды нақты межелеуі – билікке берік жауапкершілікпен емес, жүйені бейбіт түрде қалдыруға әзірліктің белгісі ретінде қабылдануы мүмкін.
Бір қызығы – бұл жолғы риторикада "ұлт тағдыры", "тарихи миссия" секілді пафосты тіркестер жоқ. "Жалдамалы менеджер" деген тіркес арқылы Тоқаев өз билігінің мәнін прагматикалық тұрғыдан сипаттады. Бұл – Орталық Азиядағы автократиялық саяси риторикадан мүлде бөлек бағыт.
Бірақ сұрақтар көп:
Жаңа Президент қандай жағдайда сайланады?
Тоқаевтың реформалық бағытын жалғастыра ала ма?
Жүйе билік ауысуына дайын ба, әлде ішкі элита күресі күшейе ме?
Саяси сахнада уақытша актер болмайды. Әр қадам — келесі қадамның көрінісі. Сондықтан 2029 – жай күнтізбедегі жыл емес, қазіргі режимнің қаншалықты өзгеріске қабілетті екенін айқындайтын межелі уақыт.