Последнее обновление

(Время обновление 1 месяц назад)
Ұлттық ойындар

Ақсүйек
Ақсүйек – жігіттер мен қыздар жиналып, жаздың айлы түнінде ашық далада ойнайтын қазақтың ұлттық ойыны. Ойынға ұзақ уақыт күн көзінде жатып әбден қураған мал сүйегі не қабығы аршылған, ұстауға ыңғайлы ақ таяқша пайдаланылады. Ойыншылар екі топқа бөлініп, арнайы сызылған шеңбер бойына орналасады. Жеребе бойынша ойынды бастау кезегі кімге тисе, сол сүйекті алысқа лақтырады. Қалған ойыншылар теріс айналып тұрады. Содан соң олар ақ сүйекті іздеуге кіріседі. Тапқан адам «Ак сүйек! Ақ сүйек!» деп алдын ала белгіленген мәреге жүгіре жөнеледі. Қарсыластары қуып жетіп, қолы тиіп үлгергенше келесі ойыншыға ақ сүйекті лақтырып үлгеруге немесе қолындағы сүйекті беруге міндетті. Осылай ақсүйекті бір-біріне лақтырып, қол жалғап, мәреге жеткізген топ қажетті ұпайды алады да, лақтыру кезегіне ие болады. Қанша ұпай жинағанша ойнайтындары алдын ала келісіледі.

Екінші түрі. Ойын кезінде екі топтың ойыншылары бір-бір киімін не болмаса заттарын (қамшы, орамал, белдік, аяқ киім, т.б.) бір орынға жинайды. Осы жер «сал» (қазына) деп аталады. Әрбір ұтыс сайын жеңілген топ өз «қазынасының» біреуін беріп отырады. Ойын бір топтың «салы» таусылғанша созылады. Соңында ұтылғандар ән шырқап, би билеп немесе әзіл айту аркылы өз заттарын қайтарып алады.

Бестас
Бестас (шекемтас) – көбіне қыздар ойнайтын ұлттық ойын. Ол үшін домалақ, ұстауға ыңғайлы бес тас, отырып ойнауға ыңғайлы тегіс жер керек. Ойын бірнеше сатыдан тұрады.

1. «Бірлік». Ойыншы бес тасты жерге шашады. Таңдап алынған қақпа тасты бір қолымен аспанға лақтырады да, жердегі біреуін көтеріп қайта тосып алады. Қалғандарын да осылай бір-бірлеп көтереді.
2. «Екілік». Бұл жолы екі тастан көтереді.
3. «Үштік». Үш тасты бірге бір рет, жеке тасты екінші рет жерден көтереді.
4. «Төрттік». Төрт тасты бірге көтеру керек.
5.«Алақан». Төрт тасты бір-бірлеп алақанға жинайды.
6. «Төртбұрыш». Төрт тасты төрт жерге төртбұрыш жасап қойып, оларды тез жинап алады.
7. «Арттан тастау». Бірліктегідей бір тасты жерден көтеріп алады. Қақпа тасты лақтырып, екіншісін көтергенше, алғашқысын қолдың артынан жерге тастайды. Осылай бәрін тастап болғаннан кейін оларды түгел бірге көтеру керек.

Ойынның басқа да сатылары бар. Бестас, көбіне, бір қолмен ойналады. Тастарды түсіріп алған немесе шартты орындай алмаған ойыншы келген сатысында тоқтайды. Ойынды келесі кезектегі ойыншы жалғастырады. Ойын сатылары әр жерде әр түрлі болуы мүмкін. Сатылар санына шек қойылмайды.

Арқан тарту
Арқан тарту – халық арасында ертеден келе жатқан танымал ойындардың бірі, Ойын мерекелерде, тойларда өткізіледі. Соңғы кездерде бастауыш сыныптардың дене шынықтыру сабақтарында, баланы сергіту сәттерінде де ойналып жүр. Көп күші жұмсалатындықтан, арқан тартуға көбіне ер адамдар қатысады. Ойын өтетін жер тегіс болуы шарт. Алаң ортасына көлденең сызық сызылады. Сызықтан тепе-тең қашықтықта екі межені белгілейді. Ойынға екі ұшы тұзақтап байланған ұзын жіп немесе арқан керек. Арқан тартудың екі түрі бар.

Біріншісі – ер адамдардың жекпе-жегі. Күштерін сынау үшін екі жігіт ортаға шығады. Олар бір-біріне қарама-қарсы жүрелеп отырады да, арқанның байланған ұшын мойнына салып, екі қолтықтың астынан өткізеді. Төрешінің белгі беруімен әр ойыншы қарсыласын өз жағына карай тартуға тырысады. Екеуінің қайсысы белгілі межеге бұрын тартып жеткізсе, сол ұтады.

Екіншісі – топ болып ойнау. Оған қатысушылар теңдей екі топқа бөлінеді. Арқанның қақ ортасынан белгі үшін түйін түйіледі. Ойынға қатысушылар өз топтарымен бірге екі жақтан арқанды белге салып өз жағына қарай тартады. Ортадағы көлденең сызықтан қай топ бұрын сүйреп өткізсе, солар жеңіп, жүлде алады. Ойында жеңіске жету үшін қара күшпен қатар әр топтың қозғалысындағы бірыңғайлық, ұйымшылдық қажет.

Тоғызқұмалақ
Тоғызқұмалақ – адамның ойлау, талдау қабілетін дамытатын, есепке құрылған ойын. Ерте кезде малшылар отауларды жерге ойып, қойдың кепкен құмалағын теріп алып ойнаған. Отаулардың 1-таңдық, 2-көшпелі, 3-атөтпес, 4-атсұратар, 5-бел, 6-белбасар, 7-қандықақпан, 8-көкмойын, 9-маңдай деген атаулары болған. Бұл ойынды қай отаудан бастайтынын білдірген. Қазіргі кезде арнайы жасалған ойын тақтасының бірнеше үлгілері (дөңгелек, сопақша, т.б.) кездеседі. Тақтада әр ойыншының бір қазаны, 81 кұмалақ (қойдың кепкен құмалағына ұқсас тастар) салынған тоғыз отауы болады. Сандармен белгіленген әрбір отауға тоғыз құмалақтан салынады. Ойын оңнан солға қарай жүргізіледі. Бірінші жүрген ойыншы таңдаған отауындағы («маңдайдан» басқа) құмалақтарды бір-бірлеп кейінгі отауларға салып шығады. Соңғы, құмалағы жұпталған отаудағы құмалақтарды алып өзінің қазанына салады. Отаудағы құмалақ саны жұп болса «жабық отау», тақ болса «ашық отау» деп аталады. Ойын барысында қарсыласының құмалақтар санын тақ жасап, өз отауларындағыны жұптауы керек. Жұптаған отаудағы құмалақтарды ойыншылар өз қазанына салады. Тұздық алу – екі кұмалағы бар қарсыласының отауына (тоғызыншы отаудан басқа) біреуін салу, яғни осыдан бастап осы отауға түскен құмалақтардың бәрін өзінің қазанына алу. «Тұздық» бір-ақ рет алынады. Бірінші болып қазанына 82 құмалақты жинаған, не қарсыласын «атсырату» (құмалағы таусылған) жағдайына алып келген ойыншы жеңіске жетеді.

Тобық тығу
Тобық тығу – серттесіп ойнаудың бір түрі. Мысалы, жігіт пен қыз тобық тығып, алтын сағатқа серттеседі. Бір жылдан кейін бе, бес жылдан кейін бе, тобықты тығуға алған жігіт кез келген уақытта, кез келген жерде қыз «тобығымды бер» деген кезде қолына ұстата қоюы керек. Егер жігіт тобықты тауып бере алмай қалса, уәде бойынша келіскен нәрсесін беруі тиіс. Егер тауып берсе, қыз оған келісілген затты береді. Бұрын мұндай ойындар ел арасында көп болған. Бұл ойын ұқыптылыққа, бірсөзділікке тәрбиелейді.

Жамбы ату
Жамбы ату – шауып келе жатқан аттың үстінен нысананы дәл көздеп, атып түсіру. Ойынның шығу тегі әскери жаттығудың пайда болуымен байланысты болып, оның қажеттігі XVIII ғасырға дейін сақталған. Мұндай жарыс өткізілетін мерекелерде биік бағана болмаса ұзын сырық қадалып, оның ұшар басына нысана ретінде жамбы (күміс құймасы) ілінетін болған. Оны қылмен немесе жібек жіппен байлаған. Атпен шауып келе жатқан кісі садақпен жамбыны атып түсіріп, жеңіске жетуге тырысқан. Нысананы дәлдеудің басқа да түрлері кездескен. Мысалы, жерде тұрып немесе ат үстінде отырып мылтықпен ату да қолданылған. Жамбы ату жігіттерді шабандоздықка, мергендікке үйретуде елеулі рөл атқарған.

Орамал тастау
Ойынға қатысушыларға тұрақты шек қойылмайды, 10-нан 20-ға дейін кісі қатыса береді. Ойынды кең бөлмеде, алаңқайда, аулада ойнауға болады. Ойын шарты: ойынға қатысушылар екі топқа бөлініп, арақашықтығы 5-15 метрдей жерге барып, бір-біріне қарама-қарсы қатарға тұрады. Ойынның әділ қазысы кез келген жақтың ойыншысының біріне орамал (не сүлгі) ұсынады. Ол өз кезегінде екінші топтағы ойыншылар жаққа барып, орамалды (сүлгіні) елеусіздеу етіп, бір ойыншының аяғына тастауға тырысады. Сөйтеді де, өзі дереу орнына жетуге асығады. Аяқ астына орамал (сүлгі) тасталған кісі сол бойда әлгіні қуып жетіп, орамалмен (сүлгімен) ұруға тырысады. Сүлгі тастаған ойыншыны ұрып үлгерсе, оны өз тобына әкеліп қосады, үлгере алмаса, өзі сол жақта қалып қояды.

Соқыр теке
Ойын үйде де, далада да ойнала береді. Ойыншылар шеңбер құрып, дөңгелене тұрады да, ортада көзі байланған бір адамды қалдырады. Соқыр теке - сол. Қалған ойыншылар соқыр текені қолымен түртіп қойып, одан айнала қашып жүреді. Ал соқыр теке сол түрткен адамды ұстап алып, тануға тиісті. Егер ол ұстаған кісісін таныса, оның көзін байлап, соны соқыр теке жасайды. Өйтпеген жағдайда соқыр теке ойыны әрі қарай жалғаса береді.


You Might Also Like

Новости

Реклама