Photo: Alena Darmel (https://www.pexels.com/@a-darmel) / Pexels
- 31 мар. 2026 10:00
- 23
Ұлықпан Жолдасов: Өнердің «сауда алаңына» айналуынан секемденемін
Сахнада 40 жылдан астам уақыт бойы өнер көрсетіп келе жатқан белгілі композитор Ұлықпан Жолдасовтың 500-ге жуық авторлық әні бар. Оның 300-і эстрадалық туындылар болса, қалғаны оркестрлік шығармалар, саундтректер мен әлі жарық көрмеген музыкалар. Қазақ радиосының алтын қорына енген 100-ге жуық әнінің авторы, тіпті радионың әнұранының да музыкасын жазған композитордың туындыларын тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік жұлдыздар да орындайды. Жақында 60 жасқа толған өнер иесімен сұхбаттасып, шығармашылық жолы мен өнердегі толғаныстарын білдік.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнердің мәні мен дәуір үні
1983 жылы сахнаға алғаш қадам басқан композитор үшін бұл – тұтас бір өмір. Кеңес дәуірінен бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы әр кезеңнің өз үні мен болмысын көрген Ұлықпан Жолдасов өнердің ешқашан мәнін жоғалтпайтынын айтады. Әсіресе, қиын кезеңдерде туған әндердің халықтың көңіл күйі мен заманның тынысын анық көрсететінін ерекше атап өтті.
Уақыт өте келе әннің стилі де өзгеріп отырды. Тәуелсіздікке дейін диско бағыты басым болса, кейін рок, поп, латын-америкалық ырғақтар, қазақы вальс, босса-нова сияқты түрлі бағыттар пайда болды. Композитордың айтуынша, стиль таңдауда қазақтың болмысына жақын, ұлттық нақышқа сай келетіндерін таңдау маңызды. Қазіргі таңда регги стилі де қазақ эстрадасында көрініс тауып келеді.
Соңғы уақытта композитор шетелдік эстрадамен де жұмыс істеп, өзін жаңа қырынан танытуда. Әндерін АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Армения, Португалия сынды елдердің жұлдыздары орындап жүр.
Өзіндік қолтаңба
Әр әннің өзіндік стилі мен ойы болатынын айтқан композитор, өмір туралы толғаныстан туған шығармаларын өзіне жақын санайды. «МузАрт», «Заман», «Меломен» топтарының орындауындағы «Қайран көңіл», «Махаббат гүлі солмайды» сияқты әндер оның ішкі әлемімен үндессе, «Күзгі вальс» әні мазмұны мен әуездік құрылымы жағынан ерекше жылылық сыйлайды. Бұл әнді шетелдік орындаушылар да сәтті шығарып жүр.
Ұлықпан Жолдасов әннің сөзін жазбай, тек әуенін тудыратынын айтады. Кейде ән мен сөздің үйлесімі табылмай, шығарма толық ашылмай қалатын кездер болатынын, ал басқа тілде орындалғанда керісінше, әуен жаңа қырынан көрініп, сәтті шығуы мүмкін екенін жеткізді. Композитор шәкірт тәрбиелеуді де маңызды бағыт санайды. Солардың бірі – талантты композитор Қуат Әбілов.
Халықаралық деңгейдегі шығармашылық
Композитордың шығармашылығы қазіргі таңда тек отандық деңгеймен шектелмей, халықаралық аренаға шықты. Нью-Йорктегі Sony Production сынды ірі продакшнмен байланыс орнатып, шетелдік нарыққа ән жазып жүр. Бұл ортада Мадонна, Майкл Джексон сынды әлемдік жұлдыздардың өнер жолы басталған.
Сонымен қатар, өзбек әншісі Шохрухкан оннан аса әнін орындап жүр. Бұл әндер қазақ тілінен өзбек тіліне аударылып, жаңа тыныс алған. Түркияның танымал әншісі Мұстафа Сандал, Өзбекстанның әйгілі әншісі Юлдуз Усманова, армян әншісі Сильва Акопян, италиялық әнші Сальваторе Феррагамо да композитордың әндерін репертуарына қосқан.
10 жыл бұрын Стокгольмде әлемге танымал музыкалық продюсер Николос Олоусонмен бірге жұмыс істеп, кәсіби тәжірибе жинақтаған.
Өнердің «сауда алаңына» айналуынан секемденемін
40 жылдан астам сахнада жүрген Ұлықпан Жолдасов өнердің «сауда алаңына» айналып кетуінен секемденетінін жасырмады. Әннің хит болуы көбіне орындаушыға байланысты болғанымен, туындыны тек сату үшін жазу дұрыс емес деп санайды. Композитор мен ақын шығарманы ең алдымен жүрекпен жазуы керек. Өнер – тауар емес. Әлеуметтік желілердегі «арнайы ән жазып беремін» деген жарнамалар өнердің арзандап кеткенін аңғартады.
Композитордың қолтаңбасының қалыптасуына Маңғыстаудың киелі топырағы мен ағасы Мұрат Өскенбаевтың жыр-дастандары әсер еткен. 6 жасынан домбыра, 9 жасынан гитара үйренген ол, домбыраны бойына сіңген, ауылдан шыққан өнер адамы екенін айтты.
Әннің ғұмыры – халықтың жүрегінде
Қандай әннің ұзақ жасайтынын ешкім дөп басып айта алмайтынын жеткізген композитор, әннің тағдырын тыңдарман шешетінін атап өтті. Халықтың жүрегіне жеткен ән ғана уақыт сынынан өтеді. 1992 жылы орындаған «Алтынай» әнінің әлі күнге дейін ең көп сұралатын туынды екенін айтып, оны өзінің «төлқұжаты» деп атады. Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Шәмші Қалдаяқов сынды ұлы композиторлардың шығармаларындай ұзақ өмір сүретін туындылар жазуды армандайды.
Ұлықпан Жолдасов өзін гитарасыз елестете алмайтынын, гитарамен сахнада еркін сезінетінін айтты.