Алматының Бостандық ауданында Центральная көшесінде бір аптаға көлік қозғалысы шектеледі. Себебі — кабель учаскесінің зақымдалуы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Алатау Жарық Компаниясы» акционерлік қоғамының мәліметінше, жол 8-15 қазан аралығында Қ. Салықов көшесінен Жәңгір хан көшесіне дейінгі бөлікте жабылады. Апаттық-қалпына келтіру жұмыстары №36 үйдің жанындағы жолдың астында жүргізіледі.
«Жұмыс қажеттілігі ЛЭП-220 кВ №2363 кабель учаскесінің зақымдалуына байланысты туындады. Электрмен жабдықтаудың сенімді схемасын қалпына келтіру үшін мамандарға жол жабынын ашып, зақымдалған жерді анықтау, жөндеу жүргізу және кейінгі сынақтар үшін кабельге қол жеткізу қажет», — деп түсіндірді «Алатау Жарық Компаниясында».
Компанияда атап өткендей, жұмыстар барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тәулік бойы жүргізіледі. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң жол жабыны толық қалпына келтіріледі.
«Алматы тұрғындары мен қонақтарынан маршруттарын жоспарлау кезінде көлік қозғалысының уақытша шектелуін ескеруді және қала мен Алматы агломерациясының электрмен жабдықтау сенімділігін қалпына келтіру үшін қажетті мәжбүрлі шараларға түсіністікпен қарауды сұраймыз», — деді компанияда.


