Алматыда төмен шығарындылар аймағын (Low Emission Zone, LEZ) енгізу жөніндегі пилоттық жоба аясында 900-ден астам автомобиль зиянды шығарындылар деңгейі бойынша экологиялық тексеруден өтпеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мегаполисте автокөліктен шығатын зиянды қалдықтарды азайтып, ауа сапасын жақсартуға бағытталған LEZ жобасын енгізу жөніндегі пилоттық жұмыс жалғасып жатыр. Әкімдік қыркүйек айындағы мониторингтің аралық нәтижелерін ұсынды.
«Бақылау бекеттерінде 6 833 автомобиль тексерілді. 922 көлік құралында (13,5%) зиянды шығарындылар деңгейі бойынша белгіленген нормативтерден асып кету анықталды. Отын жүйесін реттегеннен кейін 561 автомобиль қайта өлшеуден сәтті өтті. Бұл уақтылы техникалық қызмет көрсету мен автомобильді дұрыс баптаудың шығарындылар деңгейін төмендетуге ықпал ете алатынын растайды», — деді әкімдікте.
Пилоттық жоба автокөліктің жай-күйі туралы деректер жинауға, мәселенің ауқымын бағалауға және зиянды шығарындыларды қысқартудың одан арғы тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Мамандардың бағалауынша, Алматыдағы ауаның ластануының шамамен 70%-ы автокөлікке тиесілі. Сондықтан шығарындыларды мониторингтеу және автокөлік иелерінің экологиялық жауапкершілігін арттыру жұмыстары қалалық ортаның сапасын жақсарту бағыттарының бірі болып қала береді.
«Қазіргі кезеңде жоба пилоттық режимде жұмысын жалғастыруда. Алынған деректер одан әрі талдау мен шешімдер әзірлеу үшін пайдаланылады. Жоба аясында кіруге шектеу, айыппұл немесе жол жүру ақысы қарастырылмаған. Пилот ағымдағы жылдың соңына дейін жалғасады», — деп нақтылады әкімдікте.
Еске салайық, Алматыда төмен шығарындылар деңгейі бар алғашқы аймақ пилоттық форматта іске қосылған болатын. Қазіргі кезеңде қозғалысқа шектеу мен жүргізушілерге айыппұл қарастырылмаған.
Қазір пилот көшелер квадратында жүзеге асырылуда: Бөгенбай батыр көшесінен оңтүстікке, Абай даңғылынан солтүстікке, Желтоқсан көшесінен шығысқа және Достық даңғылынан батысқа қарай. Жоба операторы — «Алматы Паркинг» МКМ.
Қыркүйек айының соңында Алматыдағы төмен шығарындылар аймақтарын кеңейтіп, оларды бүкіл қала бойынша құру ұсынылғаны белгілі болды.
Сондай-ақ Алматы әкімдігі экологиялық стандарттарға сай келмейтін автомобильдермен LEZ аймағына кіру үшін айыппұл салу қашан басталатынын айтты.


