Алматы тұрғыны Қазақстанның ішкі істер министріне жүгініп, аудандық полиция басқармасында болған оқиғаны анықтауды сұрады. Оның айтуынша, досының телефонын тартып алған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Алматыда Алмалы ауданы полиция басқармасы бастығының орынбасарының әрекетіне қатысты шағым тексерілуде. Threads желісіндегі @alin.ambr парақшасының авторы қызметкер қабылдау кезінде досының телефонын күшпен тартып алғанын мәлімдеді.

Автордың айтуынша, ұялы телефонда оның сөзін растайтын төрт бейнежазба болған. Бұл жазбаларда нақты не түсірілгені және ер адам қандай мәселемен келгені туралы автор егжей-тегжейлі айтпады. Жанжалдан кейін келушіден кабинеттен шығуды сұраған, ал телефонын қайтармаған.

Пост авторы жеке қауіпсіздік басқармасына және қалалық полиция департаментіне де жүгінгенін, бірақ шағымына жауап болмағанын жеткізді. Соңында ол Қазақстанның ішкі істер министріне ашық түрде жүгінуді шешіп, жағдайды жария етуді сұрады.

Алматы полиция департаменті бұл дерек бойынша тексеру басталғанын хабарлады.

«Алматы қаласы полиция департаменті осы дерек бойынша тексеру жүргізуде. Азаматтың дербес деректерді мүмкін заңсыз пайдалану мәселесі жөніндегі өтініші заңнамаға сәйкес қарау үшін Алматы қаласы әділет департаментіне жолданды. Сонымен қатар жеке заттардың қызметтік кабинетте қалуы заңда көзделген тәртіппен тіркелді. Қалдырылған заттар тексеру жүргізу және процестік шешім қабылдау үшін Алматы қаласы полиция департаментінің тиісті бөлімшесіне берілді», — делінген хабарламада.