Алматыда коммуналдық тұрақ орындарының саны қазір 17 мыңнан асады, алдағы уақытта оны 25 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
«Алматы Паркинг» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының дерегінше, қалада 15 344 автокөлік иесі коммуналдық ақылы тұрақтардағы жеңілдіктерді пайдаланады.
«Қалада тұрғындардың түрлі санаттарының мүддесін ескере отырып, коммуналдық ақылы тұрақтар жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасып жатыр. Басым бағыттардың бірі — тұрақ инфрақұрылымының әлеуметтік осал топтар мен жеңілдікке құқығы бар өзге де азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету», — делінген хабарламада.
Айта кетейік, жеңілдіктер I және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көпбалалы отбасыларға, Семей полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен отбасылардың өкілдеріне қарастырылған. Сондай-ақ олар электромобиль және арнайы көлік иелеріне де қолданылады.
«Қазіргі таңда қалада 17 мыңнан астам коммуналдық тұрақ орны бар. Алдағы уақытта олардың санын 25 мыңға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар Алматыда жеңілдікті рұқсаттарды рәсімдеуді жеңілдетіп, цифрлық сервистерді дамыту көзделіп отыр. Бұл автокөлік иелеріне қажетті қызметтерді уақыт шығынын азайтып алуға мүмкіндік береді», — деп толықтырды кәсіпорында.
«Алматы Паркинг» КМК-да тұрақ желісін кеңейту қызмет көрсету сапасын жақсартумен және тұрақтардың тұрғындардың түрлі санаттары үшін қолжетімділігін арттырумен қатар жүретінін атап өтті.
Бұған дейін Алматыда 4 қазаннан бастап коммуналдық ақылы тұрақтарға көлік жүктемесі мен тұрақ кеңістігіне сұранысқа қарай сараланған жаңа тарифтер күшіне енгені хабарланған болатын.


