Ақтөбе облысында екі арнайы техника жүргізушісінің қаза табу мән-жайы тергеліп жатыр. Қайғылы оқиға тамыз айында болған. Қаза тапқандардың бірінің артында әйелі мен төрт баласы қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
КТК телеарнасының дерегінше, тамыз айының соңында далада тиегіш аударылып кеткен. Қаза тапқандардың бірі — 33 жастағы Руслан Төлепбергенов. Оның артында әйелі мен төрт баласы қалды. Енді туған-туыстары қауіпсіздікке жауапты болуы тиіс адамдарды жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр.
23 тамыз Айгерім Жарылғап үшін мәңгілік қара күн болып қалады. Биыл олар күйеуімен бірге тұрмыс құрғандарына 10 жыл толғанын атап өткен. Төрт баланы бірге өсіріп келе жатқан. Кенжесі үш жасқа да толмаған. Бірақ отбасылық бақытты қайғылы оқиға құртып кетті. Оның жұбайы, небәрі 33 жастағы Руслан Төлепбергенов, басқа бір ер адам тізгіндеген тиегіш аударылғаннан кейін көз жұмды.
«Бұл жаздың соңында болды. Ол кезде не көктайғақ, не жаңбыр жоқ еді. Тиегіш неге кенеттен аударылып кетті? Мүмкін, жүргізушіге нашарлап кеткен шығар. Немесе техниканың тежегіші істемеген болар. Оқиға орнында тергеушілер тежеу ізін таппады. Ал егер таудан төмен қарай домалап бара жатса, шөмішті де пайдалана алар еді ғой. Тергеудің мұқият жүргізілгенін қалаймыз», — дейді қаза тапқанның туысы Сарсенбай Адаев.
Ерлердің денесін далада кездейсоқ жүріп өткен адам тауып алған. Русланның туған-туыстары оның неге тиегіште болғанын әлі күнге дейін түсінбейді. Өйткені ол ресми түрде каток жүргізушісі болып жұмыс істеген. Отбасы қайғылы оқиғаға екі қаза тапқан адам жұмыс істеген кәсіпорын басшылығының немқұрайлылығы себеп болуы мүмкін деп санайды. Алайда еңбек инспекциясы бұл өлімді өндірістік жазатайым оқиға деп танымады. Дегенмен жұмыс беруші тарапынан бұзушылықтарды анықтады.
«Бұл жұмыс уақытынан тыс болған. Жұмыс берушінің ауысым алдындағы тексеру жүргізбегені анықталды. Оған қоса, жұмыс беруші тарапынан бақылау, жазатайым оқиғадан сақтандыру жүргізілмеген», — деді Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Талғат Искарин.
Ол сондай-ақ жүргізушінің қасында жолаушының болуы бұзушылық па деген сұраққа жауап берді. Оның айтуынша, ереже бойынша жолаушы тасу қарастырылмаған. Ал полиция ЖКО фактісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр.
«Қазсушаруашылығы» мекемесі тергеу аяқталмағанын сылтауратып, түсініктеме беруден бас тартты, бірақ отбасына заң бойынша тиесілінің бәрін төлеуге дайын екенін мәлімдеді. Ал отбасы прокуратураға жүгініп, істің санатын өзгертуге қол жеткізуді және еңбек инспекторларының шешіміне шағымдануды көздеп отыр.


