Астанада екінші әуежайдың құрылысы 2027 жылдың маусымында басталады, ал жұмыстарға ірі әлемдік компания тартылады. Бұл туралы үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық экономика министрлігінің басшысы 2027 жыл бүкілхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жарияланатынын еске салды. Негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағытталады.

«Ірі қалалардың ұзақ мерзімді дамуын ескере отырып, қала құрылысы құжаттарын (урбанистиканы) әзірлеу, сондай-ақ олардың цифрлық егізін жасау қалалық ортаны жаңартудың жүйелі негізі болады. Жалпыұлттық жоспар аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуды қаржыландыру, тұрғын үй құрылысын жалғастыру, елді мекендерді ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету де қарастырылған», — деді ол.

Министрдің айтуынша, ел инфрақұрылымын кеңейту басты бағыт болады. 2027 жылдың мамырында Зайсан, Қатонқарағай және Кендерліде жаңа әуежайлар пайдалануға беріледі, ал 2027 жылдың маусымында Астанада ірі әлемдік компанияны тарта отырып, жаңа әуежайдың құрылысы басталады.

«2027 жылдың соңына дейін «Бақты — Аягөз» теміржол желісін пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ «Арал — Каспий» және «Көкшетау — Петропавл» трассаларын қоса алғанда, республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың құрылысы мен реконструкциясы жалғасады», — делінген хабарламада.

Қорытынды кезең ретінде барлық автомобиль өткізу пункттерін толық реконструкциялау, сондай-ақ интеллектуалды көлік жүйесін енгізе отырып, жүк тасымалын электрондық құжаттарға көшіру жүзеге асырылады.

Еске салайық, өткен жазда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада екінші әуежайдың жақын арада салынатынын жариялаған болатын.