Астанада 25 метрлік бассейнде өткен Әлем кубогінің үшінші кезеңі аяқталды. Бұл Silk Road Tour сериясының қорытынды кезеңі болды. Қазақстан астанасына Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарының жеңімпаздарын қоса алғанда, атақты спортшылар келді. Алайда ұлттық құрама медальсыз қалды — соған қарамастан бірқатар қазақстандық финалға шығып, ел рекордтарын жаңартты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ұлттық құрама сапындағы ең жоғары нәтижені Глеб Коваленя көрсетті: ол 50 метрге еркін жүзуде бесінші орын алды. Ол іріктеу жүзуінде-ақ Қазақстан рекордын орнатып, финалда оны жақсартып, 21,22 секунд уақыт көрсетті.

Ғалымжан Балабек бірден екі дисциплинада көзге түсті: 400 және 800 метрге еркін жүзуде ұлттық рекорд орнатты — тиісінше 3 минут 46,87 секунд және 7 минут 59,22 секунд.

Айбат Мырзамұратов 50 метрге брасс әдісімен жүзуде ел тарихындағы үздік уақытты көрсетті — 26,50 секунд. Софья Сподаренко баттерфляй әдісімен осындай қашықтықтағы Қазақстан рекордын жаңартып, оны 25,97 секундта жүзіп өтті.