Ағылшындық «Бернли» клубының жаңа бас бапкері Фабио Челестини қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаевтың жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Швейцариялық маман 18 жастағы форвардтың дене дайындығы туралы толығырақ айтты. Сатпаев «Бернлидің» «Портсмутқа» қарсы соңғы матчына өтінімге енбеді. Бұл ойын Челестини үшін команда басындағы дебют болды.
Бапкер қазақстандық футболшының қайта жарақат алғанын растады. Оның айтуынша, «Бернли» бұл мәселемен Сатпаев жалға алынған лондондық «Челсимен» бірлесіп айналысып жатыр.
«Оның сан етінің артқы жағында мәселе бар, бұлшықет зақымдалған. Біз бірге шешуіміз керек — қадам сайын, күн сайын. Сосын не болатынын көреміз. Ол қанша уақыт ойынға шықпайтынын айту қиын. Мен мұнда небәрі 48 сағат болдым, көп ақпарат білемін, бірақ бәрін білмеймін», — деді Челестини.
Жарақатына байланысты Сатпаев Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы қараша айындағы матчтарына арналған түпкілікті құрамына енбеді, алғашында кеңейтілген тізімде болған еді. Бұған дейінгі зақымдануынан ол бір айдан астам уақыт ойнаған жоқ, оның ішінде ұлттық команданың соңғы төрт кездесуін де өткізіп алды.


