Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ДДҰ басшысы Facebook-тегі парақшасында мемлекет басшысының Қазақстандағы 77 мың денсаулық сақтау қызметкерінің жалақысын көтеруге берілгендігін, сондай-ақ адамдардың денсаулығы мен әл-ауқаты ұлттық саясаттың орталығында тұрғанын жоғары бағалайтынын атап өтті.
«Алғашқы медициналық-санитарлық көмекке инвестиция салып, жалпы практика дәрігерлерінің мүмкіндіктерін кеңейтіп, медицина қызметкерлерін қолдай отырып, Қазақстан саяси көшбасшылықтың баршаға медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және қолжетімділігін кеңейтуге қалай әкелетінін көрсетіп отыр», — деді Тедрос Аданом Гебреисус.
Ол шамамен 50 жыл бұрын Қазақстан Алматы декларациясын қабылдап, «Баршаға денсаулық» жаһандық тұжырымдамасының қалыптасуына үлес қосқанын қосты.
«2028 жылы атап өтілетін оның 50 жылдығы қарсаңында Қазақстан бұл тұжырымдаманың өмірде қалай жүзеге асатынының маңызды үлгісі болып қала береді. Денсаулықты қорғау ісіне саяси берілгендіктің маңызы зор. Қазақстан, жол көрсетіп жатқаның үшін рақмет!» — деп жазды ДДҰ басшысы.
Еске салайық, 28 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтуді және олардың жалақысын 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін көтеруді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл 77 мыңнан астам маманның табысын арттыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрлігі осыдан кейін учаскелік дәрігерлердің жалақысы 760 мың теңгеге жетуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов 2027 жылдан бастап медиктердің жалақысын көтеруге арналған шығыстарды үшжылдық бюджетте қарастыруды тапсырды.


