Біріккен Араб Әмірліктерінде аяқталған халықаралық Grand Slam сериясының кезеңінде Қазақстан құрамасына екінші медальді 100 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен 28 жастағы дзюдошы Марат Байқамыров әкелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Спортшы турнирді жеңіспен бастады, алайда ширек финалда кейіннен турнир чемпионы атанған ресейлік Идар Бифовқа жол берді. Жұбаныш раунды арқылы Байқамыров қола үшін күресу мүмкіндігін алып, жүлделі белдесуде ресейлік Адам Сангариевті жеңді.

Тағы бір қола жүлдені украиналық Антон Савицкий иеленді, ал күміс француз Орельен Диссуға бұйырды.

БАӘ астанасындағы Grand Slam-ның қорытынды күнінде Қазақстан атынан 90 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде Айдар Арапов та сынға түсті. Ол екінші белдесуде жеңіліп, жүлде мүмкіндігінен айырылды.

Ұлттық құрама жарысты екі жүлдемен аяқтады. Бұған дейін 60 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде Талғат Орынбасар қола жүлдеге қол жеткізіп, жүлделі белдесуде олимпиада чемпионы Елдос Сметовті жеңген болатын.