Әлеуметтік желілерде Жамбыл облысындағы Гвардейский кентінде әскери қызметшілерге арнап тұрғын үйлер салынғаны, алайда олар бесінші жылдан бері бос тұрғаны туралы ақпарат тарады. Жағдайды Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жарияланымдарда айтылғандай, Гвардейский кентінде халық қаражатына әрқайсысы 120 пәтерлік екі үй — барлығы 240 пәтер салынған. Алайда белгісіз себептермен бұл нысандар бесінші жылдан бері пайдаланылмай тұр, ал әскери қызметшілер кезекте тұрып, көптен күткен баспанасын ала алмай жүр.
Жағдайды тілшіге ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі түсіндірді. Ведомствоның мәлімдеуінше, жобаны іске асыру барысында құрылыс нормаларының талаптарына сәйкессіздік және құрылыс салушылар тарапынан нысандардың конструктивтік элементтерінде кемшіліктер анықталған.
Техникалық тексеру қорытындысы бойынша іргетастар бетонының нақты беріктігі жобалық талаптарға сәйкес келмейтіні белгіленіп, жекелеген құрылымдарды күшейту қажеттігі айқындалды.
«2021 жылы тұрғын үйлердің дайындық деңгейі 90%-ды құрады. Алайда құрылыс салушылар тарапынан көтергіш құрылымдарда жарықтар анықталғандықтан, одан әрі жұмыстар тоқтатылды. Кейін бірқатар техникалық тексеру жүргізіліп, оның нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға қажетті іс-шаралар белгіленді. 2026 жылдың шілдесінде уәкілетті қызметтер нысандарды қосымша тексеруден өткізді. Оның қорытындысы бойынша құрылымдарды күшейту және тиісті жобалық құжаттаманы әзірлеу ұсынылды», — деді Қорғаныс министрлігінде.
Қазіргі таңда ведомствоның дерегінше, мемлекеттік органдармен және сараптама ұйымдарымен бірлесіп техникалық шешімдерді айқындау, жобалық құжаттаманы түзету және құрылысты одан әрі аяқтау мүмкіндігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі құрылыс құны, қаржыландыру көлемі және мердігер ұйымдармен есеп айырысу туралы мәліметтер Бюджет кодексінің нормаларына және әскери жоспарлау жүйесі саласындағы заңнамаға сәйкес қорғалатын сипатта екенін және жария етуге жатпайтынын қосты.
«Сонымен бірге Гвардейский гарнизонында баспанаға мұқтаждар есебінде тұрған адамдарға бөлу үшін қызметтік тұрғын үй қоры жеткілікті мөлшерде бар екенін хабарлаймыз», — деп түйіндеді ведомство.


