Қазақстан әйелдер құрамасының мұздағы мәнерлеп сырғанаудан көшбасшысы Софья Самоделкина Халықаралық коньки тебушілер одағының (ISU) Гран-приінің екінші кезеңінде бақ сынады. Жарыс Канаданың Келоуна қаласында өтіп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
19 жастағы спортшы 12 қатысушының қатарында өнер көрсетті. Қысқа бағдарламада ол қос айналмалы аксель мен үш айналмалы флипті таза орындады. Ал үш айналмалы лутц пен тулуптан құралған каскадта төрешілер екінші секірісте ширек айналым жетіспегенін тіркеді.
Самоделкина өз сырғанауы үшін 71,84 ұпай жинады. Бұл нәтиже оның ISU деңгейіндегі қысқа бағдарламадағы жаңа жеке рекорды болды. Алматыда қазан айында өткен Денис Тен мемориалында орнатқан бұған дейінгі үздік көрсеткішінен фигуристі шамамен 2,5 ұпайға асып түсті.
Қысқа бағдарламаның қорытындысы бойынша Самоделкина үздік бестікті түйіндеді. Көшбасшы атанған жапондық Мао Симада (82,11) ультра-си, яғни жоғары күрделіліктегі элемент — үш айналмалы аксельді орындады.
Аралық екінші орынды американдық Изабо Левито (78,50) иеленді. Үшінші сатыда эстондық Нина Петрыкина (77,24), төртінші орында жапондық Саки Мияке (71,95) тұр.
Фигуристер еркін бағдарламаны 1 қарашадан 2 қарашаға қараған түнде ұсынады. Сырғанау Қазақстан уақытымен сағат 02:00-де басталады.


