Жамбыл облысының Талас аудандық сотында бұрынғы жұбайлар арасындағы пәтерге құқық белгілейтін құжаттарды қайтару туралы іс тараптардың татуласуымен аяқталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында мәлім болғандай, дау неке кезінде сатып алынған жылжымайтын мүлік құжаттарының түпнұсқаларына қатысты болды.
Тараптар 2007 жылдан бері некеде тұрған, екі баласы бар. 2023 жылы жұбайлар Қаратау қаласынан пәтер сатып алған. Неке бұзылғаннан кейін осы тұрғын үйге қатысты құжаттардың түпнұсқалары жөнінде дау туындады.
Талап қоюшының айтуынша, пәтер оның атына тіркелген, алайда сатып алу-сату шарты мен тұрғын үйдің техникалық паспорты бұрынғы жұбайында болып, ол оларды қайтарудан бас тартқан. Ер адам құжаттарды заңсыз иеленуден талап етіп алу туралы талап арызымен сотқа жүгінген.
Істі қарау барысында судья-медиатор әңгімелесу жүргізді, оның қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді шешімге келіп, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасады.
Келісім шарттарына сәйкес, жауапкер талап қоюшыға пәтер құжаттарының түпнұсқаларын қайтаруға міндеттенді. Өз кезегінде талап қоюшы заңгерлік көмек шығындарын өндіріп алу талабынан бас тартып, бұдан былай осы дау бойынша жауапкерге талап қоймауға міндеттенді.
Келісім сотпен бекітілді, мемлекеттік баж талап қоюшыға қайтарылды, ал іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Ұйғарым заңды күшіне енді.


